21.08.2020, 10:14
Қараулар: 47
Отбасының беріктігі түсіністіктен

Отбасының беріктігі түсіністіктен

Тірлігі ұлттық дәстүрмен әманда астасып жататын ауылдағы ағайынның ынтымағы мен бірлігі жарасымды. Бұрынғы уақытта ауылда жаңадан отау құрғандардың бірінің ажырасып жататындары некен-саяқ еді, естісе, ел шошитын. Қазір, өкінішке қарай, шаңырақтың шайқалып, жастардың ажырасып жатқанына әбден етіміз үйренді.

Жыл сайын ажырасу көбеймесе, азаймай тұр. Соңғы бес жылдың статистикалық деректеріне көз жүгіртсек, тек №2 аудандық  соты арқылы 2016 жылы — 11, 2017 жылы -17, 2018 жылы — 19, 2019 жылы — 15, 2020 жылдың 6 айында — 5 отбасы заң жүзінде ажырасып тыңды. Қазір сот өндірісінде неке бұзу туралы 3 азаматтық іс қаралуда.

Бұл жағдайлар көбінесе жас отбасында тіркеліп жатады десек те, жұбайлық өмірдің ыстық-суығынан бірге өтіп, небір қиын жылдары бір-біріне демеу болған жандардын немерелерінің қызықты қылықтарына тоймайтын шақтарында ажырасатындары да бар.

Отбасының ойраны шығуына жастардың бірін-бірі жете танып білмей, шаңырақ көтеруі, туысқандардың ретсіз ортаға түсуі, жұмыссыздық, отағасының ішімдікке салынуы, отбасындағы материалдық қиындықтар сөзсіз әсер етеді. Бұдан басқа, жалпы, ажырасудың негізі себептерінің бірі ерлі-зайыптылардың өз міндеттеріне селқос қарауынан туындайтынын байқаймыз.

Судьялар отбасылық-некелік қарым-қатынастардан туындайтын істерді қарау кезінде берілген өтінішті бірден қанағаттандыруға емес, отбасыны сақтап қалуға көңіл бөледі. Алдымен тараптарға татуласуға уақыт беріліп, ҚР «Медиация туралы» Заңының әрекет ету тәртібімен жанжалды шешу мүмкіндіктері туралы түсіндіріледі. Кейін ажырасуға бел буған ерлі-зайыптылардың медиация тәртібімен татуласып, отбасыларын сақтап қалатындары да аз емес. Бұл жерде судьяларға көмекші – жергілікті медиаторлар. Мысалы, соңғы 5 жылдың ішінде 39 жұп кәсіби емес медиатор Светлана Тлекееваның арқасында өтініштерін кері алып, жұбайлық өмірлерін әрі қарай жалғастырды.

Азаматтарға айтарымыз, отбасында ұрыс-керіс орын алса, алдымен ашуды ақылға жеңдіріп, сабырға келу қажет. Қызумен бірден сотқа жүгірген мәселені шешпейді. Себебі ойланбай, ашуға салынып, асығыс қабылданған шешімнен алдымен балалар жапа шегеді. Сондықтан ересектер алдымен перзенттерінің тағдырын, болашағын ойлап, олардың тірі жетім атанбауы үшін де ортақ тіл табысуға, біреуі кішірейіп, шаңырақтың отын сөндірмеуге тырысуға міндетті. Отбасында ауызбіршілік болса, кез келген қиындықты жеңуге болатыны ақиқат. Жастардың ата-аналары, туған туыстары осындай уақытта қастарынан табылып, ақыл айтып, ашуға бой алдырмауға жөн сілтесе, мұндай келеңсіздік азаяр ма еді?!

Алия ЖАМАНОВА,

№2 аудандық  соты кеңсесінің меңгерушісі.

ТАЙПАҚ.