21.08.2020, 10:16
Қараулар: 140
Отты жылдар естен кетпейді

Отты жылдар естен кетпейді

Бейбіт өмірдің жас ұрпағы ретінде мені елімнің тарихы қызықтырады. Оған  себепкер –өзіміз білім алатын Ы.Алтынсарин атындағы мектептің жанындағы «Атамекен» өлкетану музейінің жетекшісі, атам Болат Дошаев. Атамның өлкеміздің тарихы жайында жинақтаған  деректері туған жерге деген перзенттік махаббатымызды оятты. Сонымен қатар атамның үй кітапханасынан өңірдің ақын-жазушыларының кітаптары түгелге дерлік табылады. Әйткенмен, менің атам осы Тайпақ өңірінен Ұлы Отан соғысына аттанған жерлестеріміздің тағдыры туралы деректерге көбірек мән береді. Талай жыл өңіріміздің архивтерінде құжат ақтарып, дерек сүзген ол осы зұлмат туралы мектеп оқушыларына әңгімелеп, бейбіт өмірдің қадірін білуге үндейді.

Соғысқа біздің ауылдан 242-адам аттанған болса, соның үштен екісі майдан даласында қаза тауып, тек  76-сы ғана елге аман есен оралған. Ал сол қиын сәттердегі елде болған тыл ардагерлерінің ұшан теңіз еңбектері жайында да атам жиі әңгімелейді. Майдан даласындағы солдаттарға деп шұлық-пен қолғап тоқыған әжелеріміз, ет жөнелтіп, жауынгерлерді азық-түлікпен қамту үшін еңбектенген қария мен баланың жұмысын бізге отансүйгіштіктің, еңбекқорлық үлгісі ретінде алға тартады.

Тайпақ ауданының Томпақ елді мекенінде (сол кездегі атауы Путь Коммунизма колхозы) атаммен көрші тұрған Әжікен Сүйінішалиев деген ағамыз елге басшы болып,сайланып, бас-көз болып қалған екен. Өзі жалғыз ұлын соғысқа шығарып салады.1941-1942 жылдары жүдеп-жадаған шал-кемпір, әйел мен баланың аузынан жырып, майдан даласына 15 ірі қара, 96 уақ жандықты соғыстағы азаматтарға жөнелтіпті. Сонымен бірге 2 түйе, 2 сиыр, 2 жылқы сатып, түскен 80 мың сомды «Колхозник Западного Казахстана» танк жасау зауытына аударған. Бұл ауылдағы ағайынның соғыс техникасын жасауға қосқан үлестері болатын. Жеңісті жақындатуға жанын салған басқарма Әжікен Сүйінішалиев Сталиннің «Алғыс хатымен» марапатталады. Бірақ соңынан оған жала жабылып, «халық жауы» болып шыға келеді. Орал түрмесіне қамалып, жазасын өтепті. Бар шындық жалғыз баласы соғыстан аман-есен оралғанда ғана ашылады. Ұлы әкесінің жалған айыпталғанын дәлелдеп, түрме басшылығы ел ағасын түрмеден босатып, кешірім сұраған екен. Жай босатып қоймай, АН2-ұшағына отырғызып жіберіпті. Ауылды айнала ұшып, қонған ұшақты көріп, ел-жұрт бір таңқалса, одан түскен әке мен ұлды көріп, қуаныштан шуласа қарсы алыпты. Бұл оқиға кейіннен аңызға айналды, әйтсе де оның шын мәнінде орын алғандығына қатарлары сиреп қалған ел ақсақалдары куә.

Аракідік үйдегі осындай әңгімеге әжеміз Мақпал Дошаева да өз естеліктерін қосып қояды: «Мен 1937 жылы дүниеге келдім. Томпақ ауылында туып,өстім. Соғыстың екінші жылында әкесі соғысқа аттанып, соңынан қара қағаз келгенде, бір қолынан мүгедек анам ауылда еді. Сол кезде 11-жастағы ағам Қали үшеуміз соғыстың қиындығын елмен бірге көрдік. Мүгедектігіне қарамастан анамыз жекенің малдарын қарасып, бізді аш қалдырмауға тырысатын».

Иа соғыс аяқталғанына қанша жыл толса да, ата-әжеміздің ерліктері ешқашан ұмытылмайды. Сондықтан сұрапыл соғыс балалығын ұрлаған олардың жеңісті жақындатуға қосқан үлестеріне, тылдағы ерліктеріне бас иеміз.

Нұрлыбек БОЛАТОВ,

оқушы

ТАЙПАҚ