28.08.2020, 10:49
Қараулар: 46
Оттегі концентраторы табысталды

Оттегі концентраторы табысталды

Ел басына түскен қиын күндері жұмыла жұдырық болып, пандемияны жеңу жолында барлығымыздың бірігіуіміз маңызды. Осы орайда біршама азаматтар қолдан келген  көмектерін аямай көрсетуде. Дәл сондай игі бастаманы қолдаған  Еуразиялық банк бүгін  аудандық ауруханаға  1 дана оттегі концентраторы табыс етті.

Алдымен аудан әкімінің қабылдауында болған банк өкілдеріне Қалияр Айтмұхамбетов ақжайықтықтардың атынан зор алғыс айтты. «Қазіргі әлемде тараған аты жаман дерт бәсеңсігенімен, күзде қайта өршуі мүмкін деп күтілуде. Әрине беті әрмен болсын. Осындай қиын жағдайда көмек көрсетіп жатырғандарыңызға көп рақмет», — деді ол.

Содан кейін банк  қызметкерлері емханаға барып құрылғыны табыстады.

— Бұл аппаратты алуға  Еуразиялық банктің директорлар кеңесінің мүшесі Шухрат Ибрагимов мұрындық болды. 100 концентратор республикадағы ауруханаларға  бөлінген болатын.  Соның төртеуі осы облысқа берілді, біреуін Ақжайық ауданына жеткізіп отырмыз. Аталған құрылғы арқылы бір мезгілде кемінде екі адам оттегі терапиясын ала алады,-деді Еуразиялық банк АҚ Орал қаласындағы филиал директоры Закир Тоқышев.

Аудандық аурухана басшысының міндетін атқарушы Әсел Ғайнеденқызы «Біз науқастардың ем-дом алуына керек аппараттың бірін алдық. Бұл – үлкен көмек. Сол үшін алғысымызды айтамыз» — деп өз алғысын жеткізді.

Азамат ҚАНАПИЯ