28.08.2020, 10:53
Қараулар: 67
Жамбылда зират қоршалды

Жамбылда зират қоршалды

Жамбыл ауылдық округіндегі орын алған  жақсылықтар легі толастар емес. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы ауылдарға газ тартылып, ауыз су жеткізілсе, күні ертең жаңаша жаңғырған  Мәдениет үйі пайдалануға берілмек. Саламатты өмір салтын ұстанған ағайын ауыл ортасынан бой көтерген спорт алаңына қуанды.

Күн санап көркейген ауылда ауыл азаматтарының қолдауымен жүзеге асырылған істер де жеткілікті. Жуырда үлкені кеңес беріп, жастары қолдаған тағы бір құрылыс аяқталып, жамбылдықтардың бірлігін айғақтады. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген, осыдан екі-үш ай бұрын ауыл азаматтары бас қосып, Жамбыл ауылының іргесіндегі зиратты қоршауды қолға алады. Аз ғана уақыттың ішінде 600 000 теңге жиналып, қолы іскер жігіттер бағанасын орнатып, жұмысты бастап кетті. Темір тормен қоршап, қақпасын орнатқан зираттың басында абаттандыру, тазалық жұмыстары жүргізілді.

«Бәрі де игі мақсатқа жұмылған көпшіліктің арқасында жүзеге асты. Алда да халықпен бірлесе атқаратын жұмыстар бар. Қолдауға дайын ел барда бастамалардың бәрі баянды болмақ», – дейді ауылдастарының ауызбіршілігіне ризашылығын білдірген округ басшысы Ерболат Сапарғалиев.

Өз тілшіміз.