28.08.2020, 10:55
Қараулар: 41
Есенсайдағы қабылдау

Есенсайдағы қабылдау

Өткен аптада аудан әкімі Есенсай ауылдық округінде іссапармен болған аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов  Есенсай, Кеңсуат, Тасоба ауылдары тұрғындарын қабылдады. Жеке қабылдауларда ауыл тұрғындары атауыл әлеуметтік көмек тағайындау, жұмысқа орналасу, мектепке баратын балаларға қолдау көрсету сынды мәселелер көтерсе, кейбір азаматтар ауылға ортақ түйіндерді де ортаға салды. айталық, Біржан Қажғалиев осындағы ауыл шаруашылық кооперативі жұмысының мардымсыздығына көңілі толмаса, Мәншүк Құспанов дәрі-дәрмектердің уақтылы жеткізілмейтіндігіне қынжылысын білдірді. Гүлмира Өтенова көптен түйіні тарқамай келе жатқан ауылға мобильді интернетті жеткізу мәселесін тағы қозғады.

Сонымен қатар аудан басшысы округтегі әлеуметтік нысандарды аралап,  жылыту маусымына сақадай-сай болуын қаперге салды. Сонымен қатар мектеп ұжымымен тілдесіп, оқу жылына дайындықтарын барлады.

Кейін Қ.Шадиярұлы округ аумағындағы «Ред Булл» шаруа қожалығына соғып, мал қыстатуға дайындық жұмыстарымен танысты. Қайролла Тасымов жетекшілік ететін шаруашылық 2017 жылдан бері жұмыс жасауда. Үш жылдың ішінде еті тірі шаруа ірі қара санын 250-ге жеткізіп, мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп отыр.

Қуаңшылықтың салдарын әбден тартқан шаруашылық жетекшісі келесі жылдан бастап суармалы әдіспен 80 га. танапқа жоңышқа (люцерна) шөбін егуді жоспарлап қойыпты. Бүгіннің өзінде тиісті жерді өңдеп, егістікке дайындауда. Аудан басшысы да екпешөптің артықшылығы шаруаға молынан екенін, табиғи шабындықтарға қарағанда екпешөптер есе көп өнім жинауға болатынын айтып, еңбеккердің жұмысына қолдау көрсетуге дайын екендігін жеткізді.

Әспет ШАТТЫҚ