28.08.2020, 10:57
Қараулар: 36
Басты басымдық – біліктілікті арттыру

Басты басымдық – біліктілікті арттыру

Кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру – еліміздің ұзақ мерзімді даму стратегиясының басты басымдықтарының бірі. Соның ішінде білікті кадрларды даярлау мемлекеттік басқару саласы үшін қай кезде де маңызды міндет болып есептелетіні сөзсіз.

Мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және олардың біліктіліктерін арттыру — бұл мемлекеттік қызметтің сапасын дамытудың түйінді өзегі. Әрбір мемлекеттік қызметшіні оқыту тұрақты сипатта болуы қажет, яғни біліктілікті арттырудың мақсаты – қызметкердің «базалық» білімдерін жаңарту және өзінің кәсіби қызметіне қажет жаңа білім алу. Өйткені заман талаптары уақыт өткен сайын өзгере түседі, жаңашылдық қажет.

Мемлекеттік қызметшілерді оқыту мәселелері Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңымен және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 15 наурыздағы №125 қаулысымен бекітілген «Мемлекеттік қызметшілерді даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру қағидаларымен» реттеледі. Осы қағидаға сәйкес мемлекеттік қызметке алғаш келген мемлекеттік қызметші лауазымға тағайындалған күннен бастап алты айдан кешіктірілмей қайта даярлауға жіберіледі. Сонымен қатар, «Б» корпусы қызметшілері біліктіліктерін арттыру мақсатында үш жылда бір рет курстарда оқып, ал жылдың қорытындысы бойынша «қанағаттанарлықсыз» баға алған жағдайда  олардың қызметін бағалау нәтижелері бойынша біліктілікті үш ай ішінде өтуі қарастырылғын. Оқыту кестесі аясында тек қана кәсіби дамытуды арттырып қоймай, сонымен қатар парасаттылық, жауапкершілік, күйзеліске төзімділік сынды жеке қасиеттерді дамыту бойынша семинарлар ұйымдастырылады.

Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметшілердің білктілігін арттыру мен қайта даярлау үрдісін Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясы өзінің өңірдегі филиалдарында және Заңға соңғы өзгерістер еңгізілуіне байланысты өзге де білім беру ұйымдарында ұйымдастырады. Оқытудың сапалы тәсілін қамтамасыз ету мақсатында осы ұйымдарға қойылған белгілі талаптар да бар.

Карантиндік шаралар кезінде елімізде мемлекеттік қызметшілерді оқыту онлайн режимде өткізілді. Бұл ірі қалалардағы, сондай-ақ аудан және ауылдағы қызметшілерге кедергісіз оқу курстарынан өтуге мүмкіндік берді.

Облыс бойынша жыл басынан бастап 694 мемлекеттік қызметші оқудан өтсе, оның ішінде 130-ы қайта даярлау, 564-і біліктілігін арттыру курстарында білім алған.

Біліктілігін арттырып, қайта даярлаудың жоғары кәсіби шеберлігін шыңдаған  кадрлар қай уақытта да мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігіне кепіл боларына дау жоқ.  Мемлекетіміз үшін маңызды шешімдер қабылдау барысында осындай мамандардың әркез елімізге оң өзгерістер әкелетіндеріне сенімдіміз. Сондықтан әрбір қызметші өз функционалдық міндеттерін мінсіз орындап, сапалы мемлекеттік қызмет көрсету арқылы ел азаматтарының мемлекеттік билікке деген сенімін арттырады.

Марина МЕРГАЛИЕВА,

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО бойынша департаменті мемлекеттік қызмет басқармасының бас маманы.