28.08.2020, 11:00
Қараулар: 66
Тәуелсіздігіміздің кепілі

Тәуелсіздігіміздің кепілі

Елдігіміздің айғағы Ата заңымыз әлемдегі ең жас Конституциялардың бірі болып саналады екен. Расында, бүкіл мемлекеттік құрылымды айғақтайтын, елдіктің бастауы болып табылатын құжат енді ғана 25 жасқа толып отыр. Әрине, тарих ауқымымен айтқанда, бұл азғантай ғана мерзім. Десе де, осындай алмағайып заманда маңызды құжат уақыттың сынынан сүрінбей өтті, өзінің заман талабына лайықтығын жан-жақты дәлелдеді. Ал көптеген зерттеушілердің пікірінше, Қазақстанның Конституциясы әлемдегі жалпыадамзаттық құндылықтарды дәріптейтін ең үздік 50 конституцияның бірі болып саналады. Бұның өзі Ата заңымыздың үлкен әлеуетін білдірсе керек. Алайда, заман ағымына қарай негізгі заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі заңдылық.

Мемлекетіміздің тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін саяси жүйені жаңаландыру қажеттілігі туындап, Елбасының ұсынысымен Парламент 2007 жылы 21 мамырда «ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылдады.  Бұл еліміздің экономикасы, саясаты және халықтың санасында түбегейлі бетбұрыс жасаған өзгерістер мен толықтырулар болды. Ал 2017 жылдың 25 ақпанында Тұңғыш Президентіміз үндеу жариялап, мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту мақсатында Ата Заңымыз толықтырылды.

Жалпы халық, жеке тұлға немесе азаматтар өздерінің заңмен көзделген құқықтарын тек сот арқылы қорғайды және сот төрелігімен ғана әділдікке қол жеткізе алады. Елімізде жүргізіліп отырған құқықтық реформалар-құқықтық мемлекет құруға, азаматтарды сот арқылы қорғауға, ұлттық заңдарымызды халықаралық стандарттарға сәйкестендіруге бағытталған.

Әрбір Қазақстан азаматы тәуелсіз мемлекетіміздің шаңырағын көкке көтеру үшін Конституцияны құрметтегені абзал және өмір бойғы басты міндетіміз Қазақстан Тәуелсіздігінің тірегіне айналған Конституцияны қатаң ұстануы тиіс. Яғни, басты талап — Ата Заңымыз, Конституцияны құрметтеп қорғау, ал оның маңыздылығын жоғалтпай сақтау – республикамыздың әрбір азаматының міндеті мен парызы.

Тамара ҒҰМАРОВА,

Ақжайық аудандық №2 аудандық сотының төрағасы