28.08.2020, 11:01
Қараулар: 175
Жұбан және жерлестер

Жұбан және жерлестер

Биыл  Қазақстан Республикасы қазақтың ақиық ақыны СССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты жерлесіміз Жұбан Молдағалиев ағамыздың 100 жылдығы республика деңгейінде аталып өтуде. Облысымызда да белгіленген істер жүзеге асырылып, ақынның мәртебесін биіктетер шаралар жыл басынан шеру тартты. Әрине, мұндайда қазақтың осынау қайсар ұлымен білісіп, етене танысқан әрбір жан өз естеліктерін жария етіп, көпке Жұбағаңның өмірі мен шығармашылығынан біз білмейтін тұстарды таныстыруы заңды.

Мен Жұбан ағаны 1964 жылдан білемін. Бұл кезде бұрынғы Тайпақ ауданы, Есенсай кеңшарында бас зоотехник болып жасап жүргенмін, Алматыға біліктілікті жетілдіру курсына жолдама алдым. Ал Жұбан ағамыз ол кезде Республика Жазушылар Одағының екінші хатшысы. Бас қалаға жеткен соң, хабарласып, көрісіп, сонда Жұбан ағам мені Жазушылар Одағы пленумының қорытынды мәжілісіне шақырды. КСРО Жазушылар Одағының бірінші хатшысы Г.Марковтың өзі қатысқан айтулы шараға одақтас елдерден көрнекті жазушылар, ақындар ағылыпты. Қорытынды жиналысты жерлес ағам ашып, жүргізгенде, кеудемді мақтаныш кернеді. Азуын айға білеген, атағынан ат үркетін жазушылар, ақындардың  қазақстандық әріптестерінің шығармашылығы мен еңбектерін  мақтағанын да көзім көрген. Соның ішінде қалмақтың ақыны Қазақстанда ақындық поэзиямен қатар әскери тақырыпта жазған жауынгер жазушы ағамыз, белгілі Ұлы Отан соғысының батыры, ел қорғаған әскери қолбасшы Бауыржан Момышұлының шығармашылығын ерекше атап өткен болатын.

Ал 1965 жылы Жұбан ағамыз бастаған бір топ жазушы облысқа келіп, сол сапарында Тайпаққа да бет бұрды. Мен жұмыс жасайтын Есенсай кеңшарының директоры Уахит Айтмұханбетов (кезінде Қаратөбе, Фурманов, Жымпиты аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, Қазақ ССР Жоғарғы советінің депутаты болған) даңқты жерлесін  қарсы алды. Мен болсам, директордың тапсырмасымен  Ораш Қалкиев деген шопанның үйіне түскі астың қамымен жүрмін.

Сайын даланы аралап жүрген Жұбағаң директор екеуі далада қой бағып жүрген Ораштың дөп үстінен түсіпті. Түс жақындаған мезгіл болса керек, қойлардың емін-еркін жайылған сәтін пайдаланған шопан кітап оқып отыр екен. Ақын аға Ораштың бұл ісіне риза болып, қандай кітаптар оқығанын сұрапты. Қой соңында жүрсе де, көңіл нұрын сөндірмеген шопан жігіт  Ә.Нұрпейісовтің  «Қан мен терін», «Жесір тағдырын» оқығанын, «Жұлдыз журналын, «Қазақ әдебиеті», «Лениншіл Жас» газеттерін жаздырып алатынын айтады. Ата-анаға қолғабыс етемін деп, тоғызыншы сыныптан кейін, мал бағуға кірісіпті. Сол кез Ораштың екінші жылы өз алдына отар алып, жұмыс жасап жатқан шағы еді, әрі еңбек көрсеткіштері бойынша да көптің алдында болатын.

Ақын аға Орашқа оныншы сыныпты бітіріп, сырттай оқып, білім алуына кеңес беріпті. Келесі жылы Ораш мектепті толық аяқтап, бір жылдан соң  облыстық партия комитетінен  Жоғарғы партия мектебіне жолдама алады. Оқуды бітірген соң, кеңшардың жұмысшылар комитетінің төрағасы, кейін партия комитетінің хатшысы қызметтерін атқарды.

Бұл да болса,  ағамыздың жастарға деген қамқорлығы. Мен кейін кеңшар директоры, аудандық ауыл шаруашылық басқармасының бастығы, партия комитетінің екінші хатшысы болып жұмыс жасадым. Сол кездерде Жұбан ағамыз туған еліне жиі соғып, сол сәттерде  кітапқұмар оқушылармен кездесіп тұрды. Сол жастардың көбі кейін туған елімізді көркейтіп, өркендету жолында аянбай еңбек еткенін ақынның берген батасының шарапаты деп білемін.

Жұбан ақынның туған жеріне сапарынан тағы бір естелік.  Сол кездегі ауданның партия ұйымының бірінші хатшысы Төлеген Жұмақаев, аудандық атқарушы комитетінің Мырзахмет Тажмұханов екеуі Жұбағаңды қарсы алып, асыға күткен жерлестерімен жүздестіріп, ел аралататын. Осындайда ауаткомның екінші хатшысы қызметін атқарып жүрген мен де лезде атқа қонып, ақын ағамен бірге жолға шығатын едім.

Бірде өзінің кіндік қаны тамған топырағына жол түсті. «Ғазиз, Бисенге (Досқалиев, Базартөбе кеңшарының директоры) хабарлас, Василийге соғам, көп кідірмейміз, үйінде болсын»,-деді. Василий Горбунов кеңшардың №2 фермасының мал дәрігері. Жұбан ағамыздың Василий Горбуновқа арнаған «Васақа» деген туындысы да бар. 1930 жылдардың соңында Бисен  Досқалиев, Еслямғали Бақышев үшеуі Орал ауыл шаруашылық техникумында бірге оқыған екен. Содан сол Василий ағамыздың үйіне түсіп, шәй іштік. Үшеуі бір сағаттай сөйлесіп, бірге оқыған достарын еске алып, біраз әзілдесті. Бірге өткен қызықты күндерді еске алып, бір қуанып қалған ежі. Содан Жыландыға қарай тарттық.

Артынша  Мәулімбердіге жеттік. Аға шопан Уәлиахмет Айсақаев қой суарайын деп жатыр екен. Ағаның туған жерге деген сағынышы ғой, қауғамен су алдыртып,  тұнық суды сіміріп біраз тұрды. Жан-жағына мойын бұрып, жусанды далаға көз тастағанда, жанарынан сол сағыныштың ұшқынын байқадым. Бұл жердің шежіресінен ақын біраз деректермен бөлісті. Ертеректе Мырзагелді Тана руы Қалқаман тайпасының атақонысы болыпты, Кіші жүзде теңдесі жоқ  мешіт бой көтеріп, көпшілік тәу ететін киелі жер  екен.

Әрі қарай Жыландыға ( Орал Қаракөл совхозының №3 ферма орталығы) шу етіп жетіп қалдық. Жыландының басында Мыңшұңқыр деген сай бар, соның қырлығына шығып, бір уыс күл алды. Туған топырағының тарихына тағы үңілген ақын бұл жерде кісі бойы қазғанда-ақ тұщы судың шығатынын, әр үйдің өз құдығы болғанын айтып, балалық шағын еске алды.

Сол сапарда Сайқұдықты да айналып өтпедік. Ол кезде ауылды Құмар Ибрашев деген ферма меңгерушісі басқаратын.  Жұбағаңа туыстығы да бар, «күйеу балам» деп, арнайы соқты. Ол өзі Ұлы Отан соғысының ардагері, елге сыйлы, өндірісті жақсы басқарып жүрген азамат еді. Бұл үйде Жымпиты аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Сабай Ниязов, атқарушы комитеттің төрағасы Георгий Граф, Өленті кеңшарының директоры Тәтібай Сұлтанғалиев ақынды  қарсылай келіп отыр екен. Солардың Сабайы, Тәтібайы – бірге өскен жерлестері, әңгімелері бірден жараса кетті. Замандастар бір-бірін қағыта әзілдесіп, балалық шақтарын еске алып, біраз сыр ақтарды. Жұбан ағаның «Тайпағым менің Тайпағым», «Жыландым», «Тәтібай», «Тәке», «Тәтеке», т.б туған жері туралы шығармалары осындай елге сапарларында жарық көрген.

1980 жыл Қазақстан Жазушылар Одағының көшпелі күні Орал облысында өтті. Ол кезде Жұбан аға Одақтың бірінші хатшысы. Жұбағаң бір топ жазушылармен бірге БөкейОрда, Фурманов, Жаңақала аудандарын аралады. Тайпақ ауданына Қайрат Жұмағалиев, Сағат Әшімбаевтар келіп, оқырмандармен конференцияларын өткізді. Бұл Жұбан ақынның алпысқа толатын жылы еді.  Күзде атаулы жасына орай Алматыдағы өз үйінде шағын отырыс өткізіп, соған Төлеген Жұмақаевты шақырмай ма. Аудан басшысы маған елдің атынан қолқа салып, Жайсаң Ақбай ағамыздың көмегімен қаракөл елтірісінен жасалған ақынның түрлі-түсті портретін алып бардым. Сонда қазақтың көрнекті қаламгерлері Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Сәбит Мұқановтың зайыбы Мәриям, Тайырдың жолдасы Мүнира, Әбу Сәрсенбаев, Берқайыр Аманшин, Сағынғали Сейітов, Қалихан Бекқожин, т.б болды.

1980 жыл мен 10-шы шақырылған Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты болып сайландым. Сол кездерде сайлаушылардың аманаттарын орындау барысында Жұбан ағаның көмегін көрдім: Бірде аудан орталығында К-700 тракторын  жөндейтін станция салу керек болды. Елдің тілегін айтып,  Казсельхозтехника мекемесінің бастығы Егоровқа хабарласқан едім,  депутат ретінде ол кісі қабылдамай тастады. Мен Жұбағаңа осы жағдайды жеткізгем, уақыт алмай, Егоровқа тікелей телефон шалып, мені қабылдап, мәселені оңтайлы шешуге ықпал етуін сұрады. Соның арқасында аз ғана уақыттың ішінде жөндеу станциясы бой көтеріп, халықтың тілегі орындалды.

Тағы бір еске түскені: облыста мал шаруашылығынан аудан ең жоғарғы көрсеткішке қол жеткізген жылы малшылар слеті бізде өтетін болып ұйғарылды. Осыған орай Алматыға жол тартуға тура келді. Республикалық тұтынушылар одағынан малшыларға сыйлыққа тауарлар  алу керек-тұғын. Жұбан аға аталмыш одақтың сол кездегі басшысы С.Танекеевке қоңырау шалып, сол кездегі қат тауарлар – үнді шайын, балалар киімін, түрлі жабдықтардың бөлінуін өтінді. Сөйтіп екі жаңа автолавка, екі жарым тонна үнді шайы, балалар киімі, кілемдерді қанжығама байлап, елге қарай ұштым. Ақынның туған жерге деген ілтипатына дәлел осындай істері аз емес. Артынша осы тауарларды малшы-шопандарға Жұбан ағаның сәлемдемесі ретінде бергенбіз. Сонда Жұбан аға маған әзіл-шыны аралас: «Ғазиз, сен мені жеке завхозың етіп алдың-ау»,- деп күлді.

1986 жылғы желтоқсан оқиғасы ақынның жүрегіне жазылмас жара салғаны аян. 29 желтоқсан. сол кездегі Жазушылар Одағының бірінші хатшысы Олжас Сүлейменов Колбинмен кездесуде сөз сөйлеуін өтініп, Жұбан ағаға хабарласты. Алдымен бас тартса да, кейін жазу үстеліне отырып, сөйлейтін сөзін қағазға түсіруге кірісіпті.  Сағат түнгі 12-лерде Софья апайды шақырып алып, жазғанын оқып, пікірін сұрады.

-Жұбаға, мына бір жерін қайта қарамайсыңба,-деп өткір тұсына меңзеген  жарына бара беруін өтініпті ақын.

Кейін бір барғанымда Жұбан ағамыздан Колбинмен жүздесуі жөнінде сұрағанымда: «Иә, оның көмекшісі сізбен Геннади Васильевич кездескісі келеді дегесін, 10 қаңтарда бардым, қабылдау бөлмесіне өзі шығып,  қал-жай сұрасты. Қажет болса, ем-домыма да көмектесетінін айтып, жылы ілтипат білдірді. Мен әңгімені әрі қарай көп созбай, рахмет айтып, шығып кеттім», –деп жауап берді. Сұрауын сұрағанмен, неліктен шығып кеттіңіз деуге жүрегім дауаламады. Ақын аға кісі қатал, қайсар мінезді, орынсыз сөзді көтермейді. Дегенмен, жүрегінде ауыр жүктің тұрғанын айтпаса да, сездім.

1989 жылы қайтыс болғанда шығарып салуға сол кездегі Тайпақ ауданының бірінші хатшысы Қ.Жәкиев, өзінің жақын інісі және мен барған болатынбыз. М.Әуезов атындағы театрда екі сағатқа созылған қоштасуда бірнеше жүздеген азаматтар, әсіресе жастар көп болды.

Қаралы митингіде сөйлегендердің ішінде Әбдіжәміл Нұрпейісов Жұбандай азаматтан айырылған халыққа жұбату айтып: «Біз Жұбаннан айырылған жоқпыз, қазақтан айырылдық»,-деп, асыл ұлын барлық қазаққа теңеді. Теңеуі де дұрыс, «Мен қазақпын» деп барша қазаққа ұран тастаған ардақты азаматтың тұғыры әманда биік. Елі мен жерінің, ұлтының  қадірін қай құндылықтан да биік қойған Жұбанның рухы мәңгі жасай берсін!

Ғазиз Хаймулдин

еңбек ардагері

Сурет автордың жеке мұрағатынан