28.08.2020, 11:04
Қараулар: 155
«ONLINE MEKTEP»-ке қош келдіңіз

«ONLINE MEKTEP»-ке қош келдіңіз

Өткен аптада аудандық әдістемелік кабинетінің мамандары және пән әдіскерлерінің ұйымдастыруымен  педагогтардың жаңа идеялар мен жаңалықтарын оқу үрдісіне енгізу, өзара бөлісуіне қолдау көрсету, педагогикалық озық тәжірибе алмасу  мақсатында секция өткізіліп, ұстаздар ашық алаңда соны әдістерді талқылады. 3 күнге созылған тамыз кеңесінің бұл секциясына ұстаздар ZOOM мобильді қосымшасы арқылы қосылып,  мектепке дейінгі ұйым, мектепалды даярлық, бастауыш және әр пән бойынша әдістемелік жұмыстарды жандандыру, сараптау, анықтау және тираждауға ықпал ету тақырыбында әрқайсысы өз ойларын ортаға салды.

Педагогикалық инновациялар шеберханасына ауданның 871 ұстазы  қатысты. Шеберхана барысында «Bilim Media Group» компаниясының маманы Ізбасар Амангелдин  «ONLINE MEKTEP» платформасы  жайында, оның қашықтан оқытудағы тиімділігі, қолдану ерекшеліктері, соның ішінде сабақты жүктеп алу, кері байланыс орнату туралы түсінік берді.

Сондай-ақ «Назарбаев зияткерлік мектебі» жанындағы  облыстық «Педагогикалық шеберлік орталығының» аға тренері Лилия Абакиева  мұғалімдерге «Онлайн сабақтың ерекшеліктері»  тақырыбындағы семинарда қашықтан  оқытуды ұйымдастыру, кейстік тапсырмалар туралы, бірінші кезекте ескеру қажет мәселелер жайында кеңес берді.  Әр сабақтың ұйымдастырылуы, жаңа сабаққа дайындық, әдіс-тәсілдерді тиімді қолдану, мұғалімнің экран алдында өзін ұстауының да оқушының жаңа тақырыпты меңгеруде маңызы зор екенін айтып өтті. Бұл семинарда орта білім беру ұйымдарында қашықтан  оқытуды ұйымдастырудың сан түрлі әдістері кең талқыланып, жаңа оқу жылындағы өзгерістер де сарапқа салынды. Сонымен қатар ауданның ұстаздары да  өздерінің сабақ үрдістеріндегі соны идеяларымен, қашықтан оқытуда жақсы нәтиже көрсеткен әдіс-тәсілдерімен бөлісті. Секция жұмысының соңында жаңа оқу жылында білім берудің басым бағыттары мен міндеттері белгіленіп, ұсыныстар қабылданды.

Естеріңізге сала кетейік, 1 қыркүйектен бастап  ауданда 12 мектеп дәстүрлі, 33 қашықтан  оқиды деп жоспарлануда.

Ләззат САМАТ