28.08.2020, 11:07
Қараулар: 134
Баланың қуанғаны – өмірдің құлпырғаны

Баланың қуанғаны – өмірдің құлпырғаны

Бүгінде бір баланың өзін мектепке дайындау кей ата-ананы біраз әбігерге салары анық. Ал, отбасында мектепке баратын бала біреу емес, бірнеше болса ше?! Сонымен қатар әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасының ұл-қыздары, ата-анасынан айырылған балалар да бар. Осындай жандарға қолдау көрсетіп, шарапатын молынан төгетін республикалық «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы биыл да  жалғасын табуда. Әлеуметтік жағынан қорғалмаған отбасы балаларына қолдау көрсету мақсатында дәстүрге айналған шарада ауыл тұрғындары, шаруа қожалықтары, жеке кәсіпкерлер, қамқоршылық кеңесінің өкілдері, «Нұр-Отан» партиясы, медпункт қызметкерлері, мектеп ұжымы мен түлектерінің демеушілігімен аудандағы бірқатар ұл-қыз қажетті оқу-құралдармен қамтылды. «Бала біздің болашағымыз» ұранымен , әр оқушының келешегі, сапалы білім алуы  үшін қолдарынын келгенін жасаған жомарт жандардың істері қуантады.

Аудандық білім бөлімінің бас маманы Шынар Әлсейітованың сөзіне сүйенсек, ауданның 45 білім беру ошағына көмек қолын созып, акцияда белсенділік танытқан жандардың қатары қалыңдап келеді. Бірі оқу құрал,  спорттық киім мен аяқ киім, сөмкелермен көмектессе, енді бірі ауылдағы оқушыларға мектеп формасын алып берген. Көпбалалы отбасыларға да қаржылай көмек көрсеткен жандар жеткілікті. Осы жылы да  көптеген оқушы осындай қолдауға ие болып, жанашыр жандардың арқасында мектепке сақадай-сай дайын отыр.

Бұл істен ұстаздар қауымы да тыс қалып жатқан жоқ. Мәселен,  Абай атындағы мектеп-гимназияның ұстаздары  9 оқушыны оқу-құралдармен қамтыса, Ы.Алтынсарин ат. орта мектебінің 2000 жылғы түлектері  аз қамтылған 12 оқушыға оқу құралдарының қажетін алуына көмектесті. Қ.Байсықов ат.ОЖББМ 10 оқушысын жеке кәсіпкер Мирас Қайнеденов кеңсе құралдарымен қамтыды. Осындай мысалды аудан көлемінде көптеп келтіруге болады. Осы күнге дейін жерлестеріміз 1 млн 731 мың теңгенің материалдық көмегін көрсеткен.

Еріктілер жылында аудан көлемінде жарқын іске бастама берер жастардың бірқатар топтары құрылды. Бұл істе де қыз-жігіттер қолдау білдіріп, жарасымды жұмыстармен қуантуда. Соның ішінде  Алмалы ауылдық округінің «Мейірім» еріктілер тобының қайырымдылық эстафетасына белсенді араласқанын айта кету керек. Айталық,  оқушылардың сабақ құралдарын ауыл азаматы Жандарбек Сердалин Орал қаласынан  тегін жеткізіп берсе, ауыл жастары  4 отбасының  10 баласына оқу құралдарын алып берді. Ал аудандық білім бөлімінен уақытша берілген ноутбуктар тек Алмалының өзінде қашықтан оқу үшін көп балалы, жағдайы төмен әртүрлі санаттағы 10 отбасының балаларына табысталған.

«Әрбір бала орта біліммен қамтылуы тиіс. Егер қолымыздан  келсе,  балаларымыздың білім алуына қолдау көрсетсек, нұр. Сіздің жасаған мейірімді ісіңіз  баланың тұлға ретінде қалыптасуына да ықпал ететіні анық.  Осы сынды іс-шаралардың арқасында балалар мейірімділік, аяушылық, түсіністік дегенді көріп, санасына сіңіреді. Сондықтан бар пейілімен жақынына жәрдемдескен жандарға алғыс білдіреміз», – дейді Шынар Ғұмарқызы.

Л.САМАТҚЫЗЫ