28.08.2020, 11:09
Қараулар: 73
Жаны жомарт жандар көп

Жаны жомарт жандар көп

Жаңа оқу жылы қарсаңында «Мектепке жол» акциясы қарқын алуда. Әлеуметтік жағынан көмекке мұқтаж отбасылардың  мектеп жасындағы балаларына қолдау көрсетуге ниет еткен жомарт жандардың көптігі баршамызды қуантады.

Ілбішін ауылының тұрғындары мен жеке қожалық иелері де «Көп түкірсе көл» деген ұранды ұстанып, қайырымдылыққа толы акцияға қомақты үлестерін қосуда. Атап айтсақ, Дулат  ( Мереке Өтемісов), Сарсенбай (Айбек Сарсенбаев, Артур (Артур Болатов) Ел-Нұр (Тілекқали Матенов) шаруа қожалықтары мектеп оқушыларына  сөмке, оқу құралдарын тарту етті.

Осы сынды жақсылықты үдеткен ауыл азаматтары Есенбай Беркенов 1 оқушыға қаржылай 10 мың теңгемен қолдау көрсетсе, Бекболат Қасенов пен Нұрбек Нәсіпқалиев 1 оқушыға мектепке керек-жарақтарын алып берді. Ал Мәжит Абдрахманов пен Руслан Тілесов екі оқушыны мектеп формасымен қамтыды. Ауылдың ұстаздары да игі істен сырт қалмай, қаржылай қолдауларын көрсетті.

Аудандық білім бөлімінен уақытша қолданысқа берілген ноутбуктарға көп балалы, жағдайы төмен әртүрлі санаттағы 10 отбасының балалары ие болды.

«Мектепке жол» акциясы  әлі де жалғасуда. Елімізде жүріп жатқан пандемия уақытында қиындыққа қарамастан көмек қолын созған жаны жомарт, жүрегі нұрға толы демеушілерге алғысымыз зор.

Айнажан САРСЕНБАЕВА,

Қаршы орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

АҚЖОЛ