4.09.2020, 9:19
Қараулар: 97
Колледжде жаңа спорт алаңы

Колледжде жаңа спорт алаңы

Өткен аптада Ақжайық аграрлық-техникалық колледжінің жанынан салынған  160 орындық  әмбебап спорт алаңы ашылды. Сөйтіп, тұрғындардың, жастардың, колледж студенттерінің көптен бергі бір тілегі орындалды. Спорттық нысандардың қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатындағы бұл іс мемлекеттік бағдарламаның арқасында жүзеге асырылды. Алаңның бой көтеруіне ықпал еткен аудан басшылығы, құрылысшы қауымға нысанның салтанатты ашылуында  зор алғыс арналды.

Оның ашылу рәсіміне қатысқан аудан əкімі Қалияр Айтмұхамбетов тұрғындардың бір үлкен осы өтініші орындалуымен жиналғандарды құттықтады.

— Біраздан бері жоспарланған осындай нысан міне, игіліміз үшін бой көтерді. Ауданымызда дене шынықтыру мен спортты өркендету мақсатында ауқымды істер өрістей береді. Енді мұндай шағын алаңдарды ауылдарға салуды біртіндеп қолға алатын боламыз. Құрылысты уақтылы аяқтаған мердігерге, іске атсалысқан азаматтарға алғысымыз шексіз,-деді ол.

Облыстық деңгейде де жарыстар ұйымдастыруға толық мүмкіндігі бар алаңның лентасын қиған ардагер ұстаз Бақытжан Қоспаев облыста теңдесі жоқ алаңның жастар үшін ерекше сый екенін айтып, спортты жанына серік еткен ұл-қызға  толағай табыстар тіледі. Сонымен қатар алаң құрылысын салып, уақытында пайдалануға берілуіне барын салған  мердігер компания – «Қалдығайты» ЖШС өкілі Абылай Сәрсеков спортшыларға бірнеше допты тарту етті.

Спорт нысанының ашылуында  кішкене бүлдіршіндер, волейболист қыздар, футболшылар алаңды алғаш рет қызықтап, ойнады.

Л.САМАТҚЫЗЫ

Суретті түсірген Нұрбек АСЫЛБЕКҰЛЫ