4.09.2020, 9:24
Қараулар: 112
Кесапат шегінді, ағайын

Кесапат шегінді, ағайын

Коронавирустың беті қайтқандай: толық жеңбесек те, індеттің қарқыны біраз бәсеңдеді. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі ауруханаларда науқастар дертінен айығып, үйлеріне оралып, төсектер бос қалуда. Ал 27 тамызда Чапаев және Тайпақ ауылдарында провизорлық орталықтың жұмысы тоқтап, жабылды.

Аурухана жанындағы 2 провизорлық стационардың әрқайсысында  15 адамға арналған төсек орыннан болды. Мұнда ашылғаннан бері  адам қарасы үзілген емес. Тұрақты ем алып, жазылып шыққандар үйлеріне оралып, вирус анықталып, жағдайы нашарлаған науқастар тез арада жұқпалы аурулар бөліміне ауыстырылып отырды. Мұнда 2 ауысыммен 50-ге тарта медицина қызметкерлері пандемиямен күресте аянбай еңбек етті.

– Міне,  провизорлық орталықтағы соңғы науқас жазылып шығып, есігіне құлып салынды. Осыдан-ақ ауданда эпидемелогиялық ахуал тұрақталғанын байқауға болады. Бұл карантиндік режимнің оң ықпалы екендігі айтпаса да, түсінікті. Бұрын-соңды кездеспеген кеселге тойтарыс беруде медицина қызметкерлерінің еңбегі де ерен. Себебі олардың әрқайсысы сол үрейлі індетпен бетпе-бет келіп, жанталаса күресіп бақты. Орталықтар адамға толып, науқастар саны көбейгенде мұнда бір мезетте 25 адам  ем алды. Індет шегінгенмен, қауіп әлі де сейілген жоқ. Осы аптада 1 адамнан коронавирустық инфекция анықталды. Халық сақтық шараларын ұстанбай індетті жеңе алмаймыз, сондықтан бізге жерлестеріміздің тарапынан қолдау қажет, – дейді аудандық аурухананың дәрігер-эпидемиологы Еркебұлан Беляков.

Айта кетелік, ауданда 358 науқастың сараптамасынан коронавирус инфекциясы анықталған. Олардың 304-і ауруынан құлан таза айығып шықса, өкінішке қарай, 12-сінің өміріне дәрігерлер араша түсе алмады. Қазіргі таңда аудандық жұқпалы аурулар бөлімінде 5 адам ем алуда.

Орталықтар жабылып, індетті жеңдік деуге әлі ерте. Жеке бастың тазалығына көңіл бөліп, эпидемиологиялық талаптарды бұлжытпай орындап, ортақ міндетті атқарсақ,  аурумен күресте медициналық қызметкерлерге көрсеткен көмегіміз сол болмақ.

Әсия ШЫРАЙ