4.09.2020, 9:36
Қараулар: 42
Баспасөз тәрбие құралына айналуы тиіс

Баспасөз тәрбие құралына айналуы тиіс

Өткен аптада ауданымызда сапармен болған «Жайық Пресс» медиахолдингінің бас директоры Табылғали Сапаров, оның орынбасары Ғайса-Ғали Сейтақ аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетовпен және редакция ұжымымен жүздесіп, журналистердің басын қосқан орталықтың бүгінгі тыныс-тіршілігі жайлы баяндады.

Кездесуде Қ.Шадиярұлы басылымның тарихынан сыр шертіп, халық пен билік арасын жалғастырып отырған журналистердің еңбегіне тоқталды. «Газет бетінде мәселе көтерген өзекті мәселелер жариялануда. Біз де өз тарапамыздан сыннан қорытынды шығарып, атқарылған жұмысты халыққа жеткізуге ықыластымыз. Бастысы – халыққа шынайы ақпаратты жеткізу. Әлеуметтік желінің ықпалы күн санап артып келеді,  сол платформалардағы тексерілмеген ақпараттарға көзсіз сеніп, жетегінде жүрген адамдар көп. Сондықтан деректерді сүзгіден өткізіп, сараптап, көпшілікке жеткізетін тәрбие құралы – газеттің жұмысына барынша қолдау көрсетуге тырысудамыз», – деді аудан басшысы.

«Заман қаншалықты өзгерсе де, журналистиканың мәні бір мысқал да кеміген жоқ: бұрынғыдай газет – халықтың, оның ішінде әр адамның көзі, құлағы һәм тілі мен үні. Ал оның қалай жұмыс істеуі – әр басылымның әлеуетіне, әр журналистің кәсіби шеберлігіне байланысты. Холдингте басты басымдық аудандық басылымдардың ахуалының жақсаруына көңіл бөлінетіні де сондықтан. Газет жазған сыннан билік қашпай, қайта бірігіп жұмыс істесе, нұр үстіне нұр», — деді Т.Сатқалиұлы.

Әлия СЕРІКҚЫЗЫ