4.09.2020, 9:44
Қараулар: 106
Мерекедегі ұлан-асыр қуаныш

Мерекедегі ұлан-асыр қуаныш

30 тамызда Ата Заңымыз – мемлекетіміздің Конституциясына 25 жыл толды. Әдеттегідей ұрандатып, заң мәртебесін асқақтатып, үздіктерді баршаға үлгі етіп атап өтетін мерейлі дата.  Бірақ көптің саулығына қауіп төндірген коронавирус инфекциясын алдын алу мақсатында егемен елдің басты құжатының маңызын айшықтар мейрам биыл ән-шашу, делебені қоздырар спорттық бәсекелерсіз мерекеленді. Дегенмен қазақстандық әр азаматтың тең құқықтарын жария еткен Конституция күніің ауыл-аймақтың бағы мен берекесін молайтатын сыйы аз болған жоқ. Толығырақ редакция тілшілерінің материалында.

Көгілдір отын Битілеуге жетті 

Мереке күндері Ақжол ауылдық округіне қарасты Битілеу елді мекенінің тұрғындары көгілдір отынның игілігіне кенелді. Ауылдағы 50-ге жуық шаңырақтың 24-і  қазірдің өзінде газ құбырына қосылған.

Жерлестердің қуанышын бөлісуге арнайы келген аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов   жиналған көпшілікті Конституция мерекесімен құттықтап, ақ тілегін ақтарды. «Мемлекет ауылдың тірлігін құтайту үшін барлық мүмкіндікті жасап отыр. Ал жасалған игіліктің берекеленуі – тек сіздердің ауызбіршіліктеріңізге байланысты. Қаймағы бұзылмаған Битілеуде жарасымды істер жалғасын таба берсін», деп тіледі аудан басшысы.

Алау жағылып, ауыл тұрғындары бұл жақсылықтың тезірек орнауына барын салған азаматтарға алғыстарын жаудырды. «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы аясында газ тарту жұмыстарын жүргізген «АЙТЕМІРҚҰРЫЛЫС» ЖШС директоры Ербол Шоқанов, ауыл тұрғыны Бибігүл Сатыбалдиева битілеуліктерге игі лебіздерін арнады.

Қазіргі уақытта ауданның 92,4 пайызы көгілдір отынмен қамтылып отыр. Биылғы жылы «Нұрлы жол», «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы арқылы 400 млн. теңге қаражат бөлініп, қалған 11 ауылға көгілдір отын жүргізу жұмысы қолға алынды. Осы жұмыстар аяқталғанда, аудан тұрғындарының 99 пайызы газбен қамтылмақ.

Жаңа жобаның бір ерекшелігі — бұрын жеке баспанаға газ өткізу үшін үй иесі 300 мың теңгеден кем төлемейтін, қазір 180 мың теңгеден аспайды. Жеке секторға газ құбырларын тарту жұмыстарымен «КазТрансгазАймақ» АҚ айналысуда.

Салтанатта Қалияр Шадиярұлы мердігер ұйымға ауқымды жұмысты сапалы, әрі уақтылы орындағаны үшін өзінің алғыс хатын табыстады.

Сәуір айында басталған  көгілдір отынмен  қамту жұмыстарына ауылдың өзінен 6 адам тартылды.

Жаңғырған амбулатория 

Мереке Қарауылтөбе ауылының тұрғындарына да үлкен қуаныш сыйлады. Мұнда ауылдық дәрігерлік амбулаториясының күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, нысан пайдалануға берілді.

Ашылу салтанатына облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Дархан Хайрушев, аудан әкімінің орынбасары Асқар Абуғалиев қатысты.

1968 жылы салынған ғимаратқа жасалған бұл алғашқы күрделі жөндеу. «Жұмыспен қамту жол картасы 2020» бағдарламасына сәйкес жөндеу жұмыстарына 54,3 млн теңге  бөлінген. Белгілі кәсіпкер Нұрлан Салықов жетекшілік ететін жергілікті «Нұр-Ғасыр» ЖШС нысанды жаңғыртуға сәуір айында  кірссе, тамыздың соңына дейін жалғасқан  құрылысқа ауылдан 9 адам тартылған. Амбулаторияның есік-терезесі түгел жаңартылып, жылыту жүйесі, шатыры ауыстырылды.

— Амбулатория ашылған жылы осында тіс дәрігері болып жұмысқа орналастым. 26 жыл осында көптеген білікті мамандармен әріптес болдым. Міне, бүгін тозығы жеткен ғимарат жөнделіп, жаңаша жаңғырды. Ауылдастардың денсаулығын сақтауда маңызы зор нысанның ажарын кіргізген құрылысшылар мен аудан әкімдігіне алғысымды білдіремін. Амбулаториямыз баршамыздың игілігімізге қызмет етсін, — деді қарауылтөбеліктердің қуанышын еселеген салтанатта еңбек ардагері Мәрия Райсова.

Сонымен қатар  Бударин ауылдық округіне қарасты Коловертное медициналық пунктінде де күрделі жөндеу аяқталуға жақын, ол да таяу күндері пайдалануға беріледі.

Сенбі сайын жаңа базарда жәрмеңке өтеді

Мереке қарсаңында аудан орталығында заман талаптарына сай жаңа базардың нысаны ашылып, осыған орай мұнда ауыл шаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі өткізілді.

Тұрғындардың келісімімен «Береке» деген атауға ие болған сауда алаңын салу үшін аудандық бюджеттен 6 млн.238 мың теңге қаражат бөлінген.  «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы басталған құрылысты «SOZDATEL» жеке кәсіпкерлігі мамыр айының басында бастап, айдың соңында аяқтады. Базарда саудагерлердің тауарын қоятын үстелдер, ет шабатын орын,  етке сынама жүргізуге арналған зертхана жасақталған. Электр жарықтарымен қамтылған алаңның көлемі – 240 шаршы метр.

Ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесінде ет, сүт, көкөніс өнімдері, қымыз көпшілікке ұсынылды. Жәрмеңкеде сиыр еті 1700, қой еті 1600 теңгеден сатылды. Атап айтсақ, бұл күні Бударин, Жаңабұлақ, Чапаев ауылдарынан 3 бас ірі қара, 2 бас қой саудаға шығарылды. Алмалы ауылдық округі мен Чапаев ауылы бағбандарының бау-бақша өнімдері де халықтың сұранысына ие болды. Мәселен, қарбыздың 1 келісі 120 теңге болса, қауын 180 теңгеге сатылды. Сондай-ақ қияр, қызанақ, сәбіз, қызылша сынды көкіністерін тұрғындар қолжетімді бағада сатып алды.

«Халық үшін салынған сауда орнын саудагерлер 1 ай тегін  пайдаланып, өз өнімдерін саттыққа қоя алады.  Мерзімі аяқталған соң, сенімгерлік басқаруға конкурс жариялап, жеңіп алған жеке кәсіпкердің қолына өткіземіз. Мұндағы мақсат – базарды иелікке алған кәсіпкердің саудагерлердің қызметіне жағдай жасай отырып, сауда орнын күтіп ұстап, тиімді шарттармен жалға беруді ұйымдастыруы. Өз өнімін сату үшін сатушы тұрған жерінің көлеміне сайкес белгілі мөлшерде ақы төлейді. Бағасы әкімдікпен келісіліп, бекітіледі», – дейді  ауыл әкімі Нұртаза Нұрхатұлы.

Халық игілігі үшін салынған алаңда жұмыс күндері сағат  таңғы 9:00 ден кешкі 17:00 ге дейін тұрғындар  өз тауарларын сатса, енді әр сенбі сайын жабық базардың алаңында жергілікті фермерлердің өнімдері нарықтан төмен бағамен саудаланатын болады.

Азамат ҚАНАПИЯ,

Ләйлім ШУАҚ.