4.09.2020, 9:47
Қараулар: 133
Білімді ұрпақ – кемел елдің тірегі

Білімді ұрпақ – кемел елдің тірегі

28 тамызда ауданда мұғалімдердің тамыз кеңесі онлайн форматта өтті. Алдымен қалыптасқан дәстүр бойынша аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов оқу орындарын тәмамдап, ауданға келген 15 жас маманды қабылдап, құрмет көрсетті.

«Ауылға келіп,  туған еліне еңбек етіп, жан-жақты дамыған, талапты да талантты, зерек, зейінді, алғыр, оқуда озат шәкірт тәрбиелеуге бекіген екенсіздер. Қадамдарыңызға нұр жаусын. «Дипломмен – ауылға!» сынды бағдарламалар арқылы жас мамандарға барынша қолдау көрсетілуде. Еңбек жолын ауылдан бастағалы отырған сіздердің бетбұрыстарыңызға бек қуаныштымыз. Ел болашағы сіздердей жаңашыл қыз-жігіттердің балауса ұрпаққа берер білімі мен тәрбиесіне байланысты», – деген аудан басшысы  жас мамандардың артылған үмітті ақтап, ауданымыздың білім беру сапасын арттыруға үлес қосатындарына сенім білдірді.

Қабылдауда Алғабас орта мектебіне тарих пәнінің мұғалімі қызметіне кіріскелі отырған Айсәуле Тынышбаева, Жайық негізгі мектебіне қазақ тілі мен әбебиетінен жұмысқа орналасушы Назерке Қаленова сөз сөйлеп, алдағы уақытта жемісті жұмыс жасауға талпынатындықтарын айтты.

Жалпы ауданымызға жаңа оқу жылы қарсаңында 17 жас маман «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында жұмысқа орналасқан. Қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша-1, орыс тілі мен әдебиеті-2, ағылшын тілі-2, тарих пәні бойынша-2, әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану пәні-2, география-1, биология -2, химия-2,  дене шынықтыру-1, музыка-1, кәсіптік оқыту бойынша 1 жас маман тұрақты қызметке кірісті.

Пандемияға байланысты шектеулерге сай биылғы тамыз кеңесі «ZOOM» платформасында қашықтан өтті.  Білім мамандарының дәстүрлі шарасына білім бөлімінің мамандары, әдіскерлер, барлық мектеп басшылары, мектеп ұстаздары, қосымша білім беру ұйымдарының директорлары, мектепке дейінгі ұйым басшылары және ата-аналар комитетінің төрағалары қатысты.

Аудан әкімі Қалияр Шадиярұлы кеңестің басында ұстаздарды қошеметтеп, жаһандану заманында әлемдік көштің алдыңғы қатарынан көрініп, білім мен тәрбиені қатар дамытуда барлық күш-жігерді сарп етіп еңбек ету қажет екендігін айтып өтті. «Әр оқу жылының өз жоспар-жобасы болуы заңдылық. Бүгінгідей қиын кезеңде сіздердің еңбектеріңіз аса маңызға ие. Осы орайда алдағы қиындықтарды салмақты саралап, ата-аналармен тығыз қарым-қатынас орната отырып, бірлесіп еңсеріміз деген үміттемін. Ұстаздарға деген құрмет елімізде әманда ерекше. «Педагог мәртебесі туралы» Заңның, сондай-ақ педагогтердің жалақысын көтеруге бағытталған түрлі нормативтік құжаттардың қабылдануы – осының айғағы», – деді  аудан басшысы.

Ол мұғалімдердің заман талабына сай біліктіліктерін көтеру қажеттігіне де тоқталды. Қазіргі таңда мұғалімдердің ІТ сауаттылығын арттыру мақсатында ұйымдастырылған «Қашықтан оқуды үйренемін» атты онлайн курста ауданымыздың 1125 педагогы оқып, сертификат алған. Назарбаев зияткерлік мектептерінен 10 мектепке 22, жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша облыстық бюджеттен толық және шағын комплектілі мектептерге 75 интерактивті кабинеттер алынған.

Ата-ана мен мектеп байланысының ашықтығын мақсат ететін электронды күнделік жүйесіне биыл 20 мектеп қосылса, ауданның барлық мектептеріне қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде қолжетімді заманауи білім беру мазмұны топтастырылған кешенді «Bilim Lаnd» жүйесі енгізілсе, 31 шағын жинақты мектеп 52 «Bilimbook» компьютер — трансформерлерімен қамтамасыз етілген.

Өткен жылы «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында аудан орталығындағы №1 ОЖББМ күрделі жөндеуден өтті. Ал биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында Алғабас орта мектебі толығымен жаңғыруда.

Ауданда білім саласында жетістікке жетіп жүрген ұстаздар жетерлік. Облыстық, республикалық, халықаралық байқауларда №1 орта мектептің, Тайпақ мектеп-гимназиясының және Абай ат. гимназияның мұғалімдері жүлделі орындардан көрінді. «Бөбек» балабақшасының меңгерушісі Гүлжанат Қажғалиева ұлы «Абай Құнанбайұлына 175 жыл» медалімен марапатталды. Өткен оқу жылында оқушылардың да табысы толайым.

Кеңестің модераторы, аудандық білім бөлімінің басшысы Дәурен Нұрғожа өткен оқу жылына сараптама жасап, жаһандану жағдайындағы білім саласының келелі мәселелерін ортаға салды.

Осыдан соң аудан әкімі саланың үздіктеріне марапат тапсырды. ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен аудандық білім бөлімінің ардагер-ұстазы Шәмшия Жиенбаева, «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен Абай атындағы мектеп – гимназияның мұғалімі Ләззат Бисенова, «Құрмет» грамотасымен Қ.Байсықов атындағы орта мектептің директоры Бағдагүл Ізбасарова және Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің мұғалімі Қамажай Ильясова марапатталды. Сондай-ақ Ақерке Әубекирова, Клара Батырғалиева, Әлия Байбаракова, Гүлнара Бигелдиева, Гүлжан Бияшева, Болат Бикешев, Нұрлан Есболатов, Райхан Еламанова, Амангелді Жанаисов, Сәуле Қайырғалиева, Гаухар Мұханғалиева, Гүлзада Мусина, Ақмарал Түгелбаева сынды тәжірибелі ұстаздарымыз министрліктің алғыс хатын иеленді. Бірқатар ұстаздарға облыстық білім басқармасының, аудандық білім бөлімінің «Құрмет» грамотасы, аудан әкімінің алғыс хаттары табысталды.

Қашықтан өткен  кеңесте  «Балдәурен» бөбекжайының әдіскері Әсел Кушаева, балалар жасөспірімдер туризм және экология орталығы директорының орынбасары Дулат Шамелов пен Тайпақ орта мектебінің директоры  Любовь Ахатова жас ұрпақ тәрбиесіне, оқуына қатысты мақсат-міндеттер жөнінде баяндады. Сондай-ақ көпбалалы ана Ләйла Қабдолова «Мектепке жол» акциясы аясында балаларына қажет құрал-жабдық, киім-кешек, қашықтан оқу үшін компьютер берілгеніне қуанышты екенін айтып,  қамқорлық танытқан ұстаздар қауымына, қол ұшын созған жандарға алғысын білдірді.

Тамыз кеңесі тиісті ұсынба қабылдады.

Ләззат САМАТҚЫЗЫ

Суреттерді түсірген Азамат ҚАНАПИЯ