4.09.2020, 9:50
Қараулар: 122
Қашықтан оқыту, кезекші сынып

Қашықтан оқыту, кезекші сынып

Биыл жылдағыдай алғашқы қоңырау соғылып, Білім күні сән-салтанатпен аталып өтпесе де, жер-жердегідей ауданның барлық мектептері оқушыларды қабылдап, жаңа оқу жылын бастады. Биыл мектеп табалдырығын барлығы 6505 ұл-қыз аттаса, олардың 2495-і, яғни Абай атындағы мектеп-гимназия, Алғабас, №1, Қ.Байсықов, М.Әуезов атындағы орта мектеп шәкірттері қашықтан білім алады. Бірақ бұл мектептерде ата-аналардың келісімімен бастауыш сынып оқушыларына арналған кезекші сыныптар жұмыс істейді. Олардың саны – 657 бала.

Қалған 40 мектепте 4010 оқушы дәстүрлі оқыту жүйесі бойынша білім алады. Басты талап – мектепте санитарлық нормалардың қатаң сақталуы, егер сыныптағы оқушылардың саны 13-тен асып жатса, олар кезең-кезеңімен бөлініп оқытылады. Қазіргі таңда аудандық білім бөлімі мектептерге дене қызуын қашықтан өлшейтін термометр, антисептиктер, сұйық сабындар,  зарарсыздандыратын қоспалар таратты.

Дәстүрлі форматта оқытатын мектептер үшін сабақ уақыты 40 минут болса, қашықтан оқитын сыныптарда 30 минуттан аспайды.

Өз тілшіміз