4.09.2020, 9:52
Қараулар: 38
Ит иттігін жасады-ау

Ит иттігін жасады-ау

Сәрсенбінің таңында Тайпақ ауылындағы екі тұрғынның қорасындағы қой-ешкіні бұралқы итер жайратып кетті. Осыдан 1-2 апта бұрын 1 бұзауды жарып кеткен төбеттер бұл жолы бақандай 25 бас малды талап тастаған. Талағанда да, әрқайсысының жанды жерінен бір ауыз салып, әбден тойлағанға ұқсайды. Қораның іші қан-жоса.

«Бос жүрген иттер осыған дейін де тайпақтықтарды біраз әбігерге салды, – дейді редакцияға хабарласқан ауыл тұрғыны Назар Иманғалиев, – бір түнде 7 бас қой-ешкімді талап кетті. Таңертең қораға кірген зайыбым ондағы сұмдықты көргенде, жағасын ұстап, дереу полицияға, аудан әкімдігіне хабарластық. Қорадағы қой-ешкінің қарнын жарған азулылар көршімнің де малын аямапты. Жайықбай Иманжановқа тиесілі 18 уақ жандықтың тек екеуі ғана бауыздауға келді. Ауыл әкімдігі бұралқы иттерді атуға бізде құзірет жоқ. Қолымыздан ештеңе келмейді деп жалтарады. Ал иттің тісіне іліккен мал үшін өтемақы төленбейді. Енді қайттіқ?»

Ақ адал асырап отырған малдан бір түнде айырып қалған егелердің өзегін кернеген өкінішті де, уақтылы бұралқы иттердің көзін жоймаған мекемеге өкпесін де түсінуге болады. Бір қора малды бір түнде жайратқан бұралқылардың ертең балаларымызға ауыз салмасына кім кепіл?! Ит – жеті қазынаның бірі дейміз. Алайда, бүгінде иесіз кеткен бұралқы иттер көбейіп, айналасына қатер төндіруде. Орын алған осы оқыс оқиға бұл сөзімізге дәлел болса керек.

Әсем ЕСБЕК