4.09.2020, 9:54
Қараулар: 65
Ажарынан  ажырамасын  атамекен!

Ажарынан  ажырамасын  атамекен!

Біз  осынау  мақалада  бір  кезде  «Орал» қаракүл,  кейін  КСРО-ның  50  жылдығы атындағы кеңшар  болған,  қазірде  Қарауылтөбе  аталатын  алтын  бесік ауылымыз  хақында  сөз  қозғамақпыз.

Айтып-айтпай не керек, толықсып аққан Ақ Жайықтың жағасында шаруасы шалқыған, өзен-көлінде қаз-үйрегі қалқыған, балығы тайдай тулаған, бақасы қойдай шулаған ауыл болып еді. Машина-трактор, шеберхана паркі, мәдениет ошағы, балабақша, аурухана, құрылыс бөлімшесі дейсіз бе, ертеңді-кеш жұмыстары қайнап жататын. Өзінің радио торабы кешкісін ауыл, аудан, облыс жаңалығын жеткізіп, арасында одан ән әуелеп, күй төгілетін. Шіркін, несін айтасыз, ол Қарауылтөбенің кемеліне келіп, керторыға мініп шалқып тұрған шағы еді-ау! Оны мына бүгінгі 70 жастағы азаматтар мен азаматшалар көре қалдық. Жас күнімізде көрікті көшесінде, іргедегі сыңсыған орман-тоғайында, ауылдағы саябақтарында шалқып, жастықтың балқаймақ күндеріне балқып жүріп едік.

Бүгінде ауыл орнында. Тек біз сияқты перзенттері жұмыс бабымен, тағдыр айдап, дәм шеттен бұйырып жан-жақта жүрміз. Бірқатарымыз сол елді мекеннен ірге ажыратпай, бүгінде ауылдың ақсақалы атандық. Ауыл орнында болғанымен, кешегі нарықтық қарым-қатынастың қым-қиғаш күндерінде, жабайы айырбастың кездерінде базары тарқағандай, ажарынан ажырағандай халге жетті. Айдарынан жел есіп, халыққа жұмыс істеп тұрған нысандар әуелі тоқтады, соңынан жабылды. Бара-бара иесіз қалған ғимараттар тоналып, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Қыры мен ойын, орман-тоғайын ен жайлаған төрт түлік те ізім-қайым таусылды. Бұл енді кешегі қиын жылдарда етікпен су кешкен, еңсесі езіліп барып тіктелген барлық ауылдардың басынан кешкен хал ғой. Бірақ, шүкір, ауыл құрып кеткен жоқ, орнында!

Ұмытқан жоқпыз, сонау 60-жылдары кеңшар бастамашы болып, мектептің ұстаздары мен оқушылары қолдап, ауылдың ортасына тал-теректер егіліп, айналасы атшаптырым екі саябақ орнап еді. Бұл жұмыстарға ұстазымыз болған Шағатай Тайбағаров ағай бас-көз болды. Кешегі қырғын соғысқа бастан-аяқ танкист болып қатысқан ол ағамыз еңсегей бойлы азамат еді. Алып денесіне сай қайратты, қандай жұмыс болса да жапыра кірісетін. Сөйтіп, арада 3-4 жыл аунағанда Қарауылтөбенің қақ ортасында екі саябақ жайқалып, ауылдың сәнін арттыра түсті. Міне, сол саябақтар да кешегі қиын жылдарда азып-тозып кетті. Әуелі қоршауынан айырылды. Содан соң балта ұстағандар бақтың басына екі талай күн туғызды. Кейін оның жұқанасы ғана қалды. Біздің айтпағымыз, ауылға көрік берген сол бақтарды келер ұрпаққа сақтап қалу.

Бұған дейін әбден тозған мәдениет ошағының басына қиямет-қайым туып еді. Көп ұзамай қарауылтөбеліктердің қалауымен күрделі жөндеумен құлпырып, баяғы ажарын тапқанына бәріміз қуандық. Оған осы ауылдан түлеген сазгер, талай рет сол сахнадан сырнаймен ән созған ауылдасымыз, жерлесіміз Сейітқали Қайырғалиевтің есімі берілгені тіпті көрім болды. Ал басынан базары тайған саябақтарды осы ауылдың ұлдары, шаруа қожалықтарының иелері Дастан Ихсанов, Аманкелді Жұмағалиев қоршап бола келіпті. Енді ағаш егу қалып тұр. Осы шаруаға біздер, яғни Тайпақ орта мектебін 1968 жылы бітіргендер сәтін салса, кіріскелі жатырмыз. Бұл бастамамызға құрдастарымыздың бәрі қосылса дейміз. Ол үшін қаржы жинап, тал-теректер алуымыз керек. Осыған дейін ауылдағы зиратты қоршауға Қарауылтөбенің жасы-кәрісі қаржы жинап жұмылып еді. Нәтижесінде жылдар бойы ашық-шашық, мал кіріп-шығып, азып-тозып жатқан марқұмдардың мәңгілік мекені қоршалып, сауапты іс атқарылды.

Жылдар жылжыр, ұрпақ ауысар бірақ айналайын атамекен ажарынан ажырамай, алтын қазық болып, кейінгілерге қала беруі керек қой. Оның ажарынан айырылмай келешек күндерге, немерелеріміз бен шөбере-шөпшектерімізге жетуі бүгінгі біздерге сын. Ендеше, біздер Тайпақ орта мектебінің сонау 1968 жылғы түлектері ағаш егіп, туған ауылымыздың саябағын қайта түлетуге нақты үлесімізді қосайық! Мұны әуелі, Қарауылтөбе халқы, сосын кәсіп қуып, шет жайлап жүрген ауыл перзенттері мен жастары іліп әкетеді деп сенеміз. Іске сәт, қарауылтөбеліктер!

 

Ахмет НҰРҚАШЕВ,

Серік ЕСЕНОВ,

Қазихан БЕКҚОЖА,

Есенжол ҚЫСТАУБАЕВ,

Қарауылтөбе  ауылы,

Ақжайық  ауданы