11.09.2020, 9:30
Қараулар: 84
Жәрмеңкенің жеңілдігі мол

Жәрмеңкенің жеңілдігі мол

Өткен сенбіде  «Береке»  базары алаңында сауда қыз-қыз қайнады. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесінде осы ретте Есенсай, Жамбыл, Көнеккеткен,Чапаев шаруашылықтары өз  өнімдерін аудан орталығының жұртшылығына ұсынды. Атап айтсақ,  220 келі жылқы еті, 330 келі ірі қара еті, 82 келі қой еті саудаланыпты. Бағасы нарық құнынан біршама төмен. Жәрмеңкеге келушілердің қатары қалың. Тіпті база есігі ашылуы мұң-ақ екен, бас-аяғы бір екі сағаттың ішінде ет өнімдері түгел өтіп кетті. Аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов базардағы саудагерлермен жүздесіп, ауыл тұрғындары тарапынан жәрмеңкедегі өнімдерге сұраныс бар екеніне көз жеткізді.

«Жәрмеңкенің жеңілдігі қарапайым халыққа молынан. Айталық, ет саудалайтын дүкендерде сиыр еті 1700 теңгеден төмен түспесе, мұнда 1800-ден саудалануда. Әрі өз өнімімізден артық не болсын?! Қырдың шөбіне еркін жайылған малдың етінің дәмі тіл үйіреді ғой, шіркін! Осымен екінші апта қатарынан ұйымдастырылып отыр. Ерте келіп, қажетімді аламын. Алда да жалғасын үзілмей таба берсе деген тілек – тек менің ғана емес, барша ауылдастарымның өтініші», – дейді жәрмеңкенің жұмысына көңілі толған Тамара Берғалиева.

Бағбандар да жәрмеңке тірлігіне өз үлестерін қосты. Чапаев ауылының «КИМ» жеке кәсіпкерлігінің бау-бақша өнімдері, мәселен қияр, қызанақ, тәтті бұрыш, қарбыз, қауын сатылған. Сонымен қатар тұрғындар ауыл шаруаларының сүт өнімдері де жәрмеңке ашылған бойда саудаға шығарылды. Ескерте кетейік, жергілікті бюджеттің қаражатына салынған су жаңа «Береке» базарында әр сенбі сайын ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылатын болады.

Л.ӨТЕГЕНОВА