11.09.2020, 9:51
Қараулар: 122
Басынған ит, таланған мал, ашынған адам…

Басынған ит, таланған мал, ашынған адам…

Өткен аптадағы газетіміздің санында Тайпақ ауылындағы малды ағайынның бір түнде қорадағы 25 қойын бұралқы иттердің жайратқаны жөнінде «Ит иттігін жасады-ау» мақаласында жазған болатынбыз. Араға бір-екі күн салып, азулыдан зардап шеккендердің бірі Назар Иманғалиев ағамыз қайта телефон шалды.

«Әлия қарындасым, мына иттер мені бар жиған малымнан айырды. Өткенде 7 бас жандығымды жалмаған соң, қалғанын қораға қамап ұстап отыр едім. Бүгін түнде сол қораның есігін жұлып кіріп, тағы 8 қой-ешкімді қырып кетті», – деп ашынды ел ағасы. Мүлдем есеңгіреп қалғаны даусынан сезіліп-ақ тұр, демігіп қалған. Бұл сұмдықты естіген бойда-ақ мән-жайды анықтау үшін атқа қонып, Тайпақты бетке алдық…

Бұралқылар тойған жерінде базарлап жүр

Ауылға кіре берістен қарсылап алған Назар ағамыз алдымен көршісі Жайықбай Иманжановпен жүздестірді. Топтасып алған бұралқы иттерден әбден зәрезап болған ол болған оқиғаны былай баяндап берді: «Қыркүйектің біріне қараған түн, таңғы төрт жарымдардың шамасы. Шырт ұйқыдан зайыбымның ойбайлаған даусынан ояндым. Алғашқыда «Бірдеңе өртеніп жатыр» дегендей болды. Алаңдайтынымыз бала ғой, «Балалар аман ба?» деппін. Сөйтсем, малға ит шауыпты. Жетіп  барғам, қорадағы сұмдықты көріп, жағамды ұстадым. Бірінің қарнын жарса, енді бірін азуына іліктіріп, әбден талаған. Сол түні бас аяғы 18 бас уақ жандықты өлтіріп кетті. Малға да жан керек. Қалғандары қорадан шығып, бас ауған жағына бытырап қашыпты. Сол жоғымды табайын деп, ауылдың ішін аралап шықтым. Алатаңмен қалаға жолаушы жинап жүрген такси жүргізушілері «Шет жақта бір ит қойды жайратып тастаған, жеп жатыр» деген соң, солай қарай бет алдым. Расында да, бір ит қойдың қарнын жарып, базарлап жатыр екен. Жақындауға қорықтым, әбден қасқырланып алған, жоны күжірейіп, қасына келгенді талайтын түрі бар. Иттен қорқып көрген жан емеспін, бірақ мына бұралқының тұрқы мүлдем бөлек. Артынша қыркүйектің үшінен төртіне қараған түнде Назар екеуіміз жыртқыштанған иттердің құрбанына тағы айналдық. Менің 2 қойым, Назардың 8 уақ жандығы кетті. Ертесіне естиміз ғой, іргелес көшедегі Орынбасар Жанахметовтың да қорасына түсіп, 15 қой-ешкісін қырып кетіпті».

Жайықбай ағамыз жұмыссыз, күнін сол отыз шақты қой-ешкісімен көріп отырған жан. Соның жиырмасынан айырылған аға аһ ұрып, кімді кіналарын білмейді. Таланған малдың өтеуін сұрайын десе, иттің кімге тиесілі екенін анықтай алмай, дел-дал.

Осыдан соң Назар ағамыздың айтуымен, малына шапқан иттердің біреуін ұстаған Орынбасар Жанахметовтың үйіне келдік. «Ит тойған жеріне» демей ме, бұл кісінің де қорасын бұралқылар бір емес, екі рет түсіпті. Жоғарыда Жайықбай аға баяндағандай, алғашында 15 қой-ешкісінен айырылса, екіншіде енді «тойлайын» деп жатырған бұралқының дәл үстінен түскен. «Сол күні Өлеңтідегі тумаларыма барып қайтқам. Кешке қарай ауылға келдік. Малға алаң жоқ. Нұртас деген ауылдасыма мұқияттап тапсырып кеттім. Қайта-қайта хабарласып, мал-жанның аман екендігін айтып қояды. Ауылға жеткен соң бірден үйге соқпай, қой-ешкіме жем-суын берейін деп, қораға қарай бет алдым. Есігін ашуым мұң-ақ екен, дәу төбет өзіме қарай атылмайсың ба?! Сасқанымнан, әлгіні жалаң қолмен ұстап алдым. Күйеу балам «жібер, өзіңді жарақаттап жүрер» деп айғай салып жатыр. Қазақ «Малым – жанымның садағасы» деп бекер айтпаған екен. Алапат күш пайда болып, қолтығыма біраз қысып тұрдым. Ит те қалысар емес, азуын қаршылдап, тиген жерін жұлып алғысы келіп, біраз арпалысты. Қорадағы ағаштардың бірін алып, басынан ұрдық, қылжиды да, қалды. Енді қызым тағы 10 шақты қой алайық дейді. Бірақ мына төбеттерге бір амал жасамаса, қайта қырып кетпесіне кім кепіл, бетімнен басамын», деп қынжылды үй егесі.

Ит атуға заңмен тиым салынған

Малды ауылдың иттері ауланы қорып, ит-құстан қораны қорғауы керек. Ал малды қорығанның орнына өзі жемтік қылса, тұтас елге қайғы екенін тайпақтық ағайын баяндаған сұмдықтан-ақ байқауға болады. Бұл жайттан ауылдық округ әкімдігі де хабардар. Бірақ соңғы уақытта тез көбейіп, топтасып, көше кезген бұралқылардың көзін жоя алмайтынын айтып, алақанын жаяды.

«Заң бәріне ортақ. Сол заңға сүйенсек, қазір иттерді атуға болмайды, керісінше, оларды аулап, стерилизациялап, яғни ұрғашысының жатырын алып тастап, еркегін кестіріп, тірлік ететін ортасына қайта жіберу керек. Тіпті 10 қойды қырсын, 100 қойды қырсын, заңнан аттап шыға алмайсың. Материалдық тұрғыда мал иесіне келтірілген залалды тек бейне, фотоайғақтарың болса, ит иесінен өндіруге болады. бірақ бұл жағдайда талаған иттің бұралқы, не біреуге тиесілі екенін анықтау мүлдем мүмкін болмай тұр. Малы иттен қырылған ағайынға ауыр, әрине. Ауылдық округ бойынша 412 аулада ит ұстайды. Олардың бәріне ит-мысықтарды ұстау ережесіндегі талап-жауапкершіліктер көрсетілген парақшаларды таратып бердік. Бәрі де өздерінің хайуандарының істеген тірлігі үшін жауапты екенін біледі. Иттер алғаш шабуылдаған түннен кейін учаскелік инспектормен бірге осы аулаларды аралап шықтық. Бәрінің де иттері байлаулы тұр. Бірақ кеште жіберіп қояды, бәрі соның салдары. Баспанасынан тойып, ас ішпеген ит өзгенің қорасын торуылдайды. Бұл жағдай қазір Шабдаржапта да орын алуда», – деді округ әкімі Болат Шәленов.

Көшеде қаңғырып жүрген иттердің көлемі жыл сайын өседі. Бұрын көшеде «ит аулаушылар жүр, төрт аяқтымызды қамап ұстай тұрайық» деп, мазаланған ит иелерін кездестіретінбіз. Биыл мұндай мамандар ауданға бас сұқпады. Тек Тайпақта емес, барлық ауылда да баспанасыз ит-мысықтардың қатары күрт көбейді. Бұрынғыдай атып тастайын десе, округ әкімі айтқандай, заңмен тиым салынған. Енді қайтпек керек, анығын білі үшін аудан әкімінің орынбасары Асқар Абуғалиевпен хабарластық.

«Иа, бұралқылар көбейді, оған себеп көп. Кейбіреулер қожайынының жауапсыздығынан, кейбіреуі адасып кеткеннен, кейбіреуі қоқыстан тамақ жеп үйреніп қалғаннан, асыраушысы жоқтығынан көшеде қалып жатады. Сол бұралқылар шағылысып, күшіктейтіні тағы бар. 2020 дейін аудан бюджетінен қаражат шығарып, аудандағы ветеринариялық станция арқылы 1500-дей итті аулап, атып отыратын едік. Бірақ облыстық мәслихаттың 28 тамыздағы №28-3 қаулысымен 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап Батыс Қазақстан облысы елді мекендерінің аумағында қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулап, атуға тиым салынды. Оның орнына оларды аулап, тиісті мекеме стерилизациялау керек. Жарайды, заң бойынша әрекет ету қажет болса, ауданнан қаражат шығарып, оларды стерилизациялап, одан әрі көбеймеуін қадағалар едік. Дегенмен, аудандардағы ветеринариялық станциялардың аудандық басқарудан облыстық басқаруға да ауысуы қолбайлау болып тұр бұл істе. Мысалы, облыста жарияланған тендерде аудан бойынша тек 100 шақты ит-мысықты аулап, стерилизациялауға квота қарастырылған. Жыл басында облыс бойынша жарияланған мемлекеттік сатып алу конкурсын «ҚарашығанақПромСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ұтып алып, артынша қызметті орындаудан бас тартты», – дейді Асқар Батырханұлы.

Былай тартсаң, арба сынады, былай тартсаң, өгіз өледінің кері ме?

Ашынған ағайынның мұңын, заңнан бұрыла алмаған биліктің де уәжін тыңдадық. Бір кездері атақты киноактер Бриджит Бардо «Қазақстанда жануарларды азаптауға жол бермеңіз», деп Президентімізге дейін хат жазғаны да көптің есінде. Әрі жаһанды гуманизациялауды мақсат еткен елдерде итті ату деген атымен жоқ. Ал бұралқының көзін жоймайын десең, азулыдан келер зардап одан бетер. Бір түнде талай жанды малсыз қалдыруда, әбден басынып алды.

Алла итті адамның досы, серігі етіп жаратқан, бірақ сол иттердің «жабайының» күнін кешіп жүргені өзіміздің  де кінәмыз шығар. Айталық, Тайпақтағы учаскелік полициия инспектері Серік Жұмашевтің айтуынша, 50-ден астам қойынан айырылған 7 адамнан шағым түссе, оның біреуінде қораға түскен ит пен оның иесі анықталды. «Жыртқыш» алыстан келмепті, көршілес үйлердің біріндегі Қ. деген азаматқа тиесілі екен.  Сол күні 1 қой мен ешкіні олжалаған итінің қитұрқысы үшін ол небары 13890 теңге көлемінде айыппұл төлеген. «Материалдық шығынды да өтеп алуға болатын еді, бірақ ит иесінің әлеуметтік жағдайы төмен болғандықтан, жәбірленуші барлық шағымдардан бас тартты», дейді С.Жұмашев.

Жеті қазынаның бірі саналған бұл «бөрібасарларды», «алыпсоқтарды» ақыры иттікке жеткізетін де, бұралқының күйін кештіретін де адам. Оған да бағым керек, бап керек. Бұл қолдан келмесе, ит ұстап не теңің? Аулада ұстай алмайсың ба, асырай алмайсың ба, иттің де, өзгенің де обалына қалма, асырама? Ұрғашы ит асырап, күшіктерін көшеге жіберіп қоятындарды да көріп жүрміз. Итің ұрғашы болса, стерилизациялап, көбеймеуін қарастыр. Ертеңгі обалды түйсіне білгеніміз жөн.

Әлия ШАРАПИЕВА.