11.09.2020, 9:57
Қараулар: 78
Замана сынағы зілдей…

Замана сынағы зілдей…

Мына алмағайып дүниенің сынынан қайткенде сүрінбейміз? Қауіп-қатерсіз ертеңіміздің, реформаларға соны серпін берудің амалдары қандай?

Ел Президенті өзінің жаңа Жолдауында осы орайдағы қадау-қадау міндеттерді қадап айтты. Тағдыршешті кезеңдегі тапсырмаларды өте ұғынықты баяндап берді. Мәселелерді бүйірден қойды.

Экономикалық дамуға қатысты бағыттарды түйіндей келіп, оның «…жалпы ішкі өнімнің абстрактілі өсімімен жұртты қуанта алмаймыз. Халыққа тұрақты жұмыс орындары, қолайлы жол, ауруханалар мен мектептер, сапалы азық-түлік керек»,- деген сөзі ащы сабақ болуға тиісті талай жайтқа меңзейді. Социализм жылдарында «қажеттерін қанағаттандыруға емес, мемлекеттік, қоғамдық абстракті мүдделерге күш салды ғой. мұның ақыры тоқырап-тозуға соқтырды. Өкініштісі сол, бізде әлі күнге иесіздік, самарқаулық, немкеттілік жетіп артылады, істі нақты нәтижемен емес, цифрлармен, пайыздармен өлшеу басым-ақ. Соның кесірі емес пе, құрылысы кеше аяқталып, салтанатты жағдайда пайдалануға берілген тұрғын үйлер қабырғаларының шытынап шыға келуі, инфрақұрылымдағы толған ағаттықтар, т.с.с.

«Ең алдымен, мемлекеттік басқаруға, кадр саясатына, шешім қабылдау жүйесіне және оларды орындау жауапкершілігіне деген көзқарасты өзгертуден бастауымыз керек»,- деді Мемлекет басшысы. Оның «Сан алуан көрсеткіштер мен индикаторлардан тұратын мемлекеттік бағдарламалар әзірленуді тоқтату қажет. Барша азаматқа түсінікті, қысқа әрі нұсқа ұлттық жобалар форматына көшкен жөн. Негізгі мақсат – жұмыстың барысы емес, нәтижесі болуға тиісті»,- деп атап көрсеткені Үкіметке үлкен құлаққағыс екені сөзсіз.

Төрткүл дүниені құрсауында ұстаған пандемия тіпті мықты деген елдердің тірлігіндегі бұғып жатқан бытыраңқылықты, қожырауды әбден анық көрсетіп берді, талай сырды ашып тастады. Бізде де сол. Әрине, тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген жетістіктерді ешкім жоққа шығара алмайды. Әңгіме соны сақтауда, еселеуде, нығайтуда. Егер дейсің, министрліктер бар, басқалар бар, бастарын дұрыстап қатыратын болса, небір кемшілік біздің соңымыздан әлі күнге дейін ілеспес еді. Жаңа Жолдауда айтылғандай, өңделген тауарлардың үштен екісі шетелден тасылатыны, ауыл шаруашылығында  кәсіби мамандардың тапшылығы жеке қосалқы шаруашылықтардың шын мәнінде, өлместің күнін көріп отырғаны, т.б. күрмеулердің жылдап шешілмеуі уақыттан ойсырап ұтылуға әкелуде. Бұл іс-қимылда үйлесімділіктің жоқтығына, хал-ахуалды зерттеудің шалағайлығынан хабар береді десек, артық айтқандық болмас.

Президет Үкіметке бизнес өкілдерімен бірлесіп, Агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі жаңа ұлттық жобаны әзірлеуге кірісуді  тапсырды. Ауыл шаруашылық министрлігі шындап атқа қонып, шаруалармен атүсті кездесуге емес, кәдімгі бірлесіп жұмыс жасауға баруға тиісті. Неліктен  дала еңбеккерінің емес, алыпсатардың жолы болғыштығына тереңірек көз жеткізсін. Ауылдың мұңын, іске аспай жатқан мүмкіндігін креслода отырғандардан жүз есе артық біліп, жіліктеп беретін асыл азаматар бар, соларға сүйенсін.

Алдыңғы Жолдауларда белгілене тұра, бірақ жүзеге аспай қалған  бағыттарға байланысты бізде сараптаманың жоқтығы жайында өткен жексенбіде «Хабар-24» телеарнасындағы «Ерекше көзқараста» ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлының айтқаны да шындық.

Бір сөзбен қайырсақ, елге сілкініс, серпіліс керек. Өзгерген заманның сынағы ауыр, ол мимырт қимылды көтермейді. Уақыт тығыз… Драмалық шиеленісі асқынып тұрған дүниенің шаңында қалып қоймауымызды айт.

Болат ЕСҚАЛИЕВ,

журналистика ардагері