11.09.2020, 10:21
Қараулар: 91
Жолдаудағы тапсырмалар сараланды

Жолдаудағы тапсырмалар сараланды

Өткен аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа жолдаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауына байланысты аудан активінің жиыны өтті. Жиынға ардагерлер, мекеме басшылары,  үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты. Ішкі саясат бөлім басшысы Армат Хайруллиннің төрағалығымен өткен жиында  жолдаудан туындайтын тапсырмаларды жүзеге асыру жөніндегі шаралар кеңінен талқыланды.

Иә, биылғы жыл елімізге тосын сынақтарын тосты. Дегенмен, сынға мойымай, індетті еңсеруде ел болып біріге атқарған істер жетерлік. Мемлекет тарапынан халықтың табыссыз қалған бөлігіне 42 мың 500 теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетілсе. «Nur Otan»  партиясының қолдауымен «Біргеміз» қоры құрылып, сол қордан ауданның 640 тұрғынына 32 млн теңге қаражат төленді. Елдігімізді, бірлігімізді көрсетер тұста ауылдастар да азаматтығынан ажырамай, кәсіпкерлер қауымы, мекеме қызметкерлері мен ерікті жастардың ұйымдастыруымен 1246 отбасына 9,2млн. теңгенің қайырымдылық көмектері көрсетілген. Осыларды түйіндей келе, А. Хайруллин жаңа Жолдаудың індеттің сынағына төтеп берген елімізге соны бағдар болатынын айта кетті.

Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Артур Ермұханов мемлекет басшысының Жолдауы 2020 жылғы сын-қатерлерге берген сенімді жауап екенін және ұлттық мақсат- міндеттерге қол жеткізу үшін мемлекеттік органдар қызметінің негізгі бағыттарын айқындап бергенін атап өтті.  «Мемлекет басшысы өз Жолдауында экономика халықтың əлеуметтік жағдайын жақсартуға, қоғам сұранысын қанағаттандыруға бағытталуы керегіне ерекше назар аударды. Жолдауда Ел Президенті бұқаралық спортқа байланысты бірқатар атқарылатын жұмыс легін пысықтап, қазіргі жағдайда кəсіби спорт клубтарын мемлекет тарапынан қаржыландырудың қажеті жоғын ашып көрсетті. Біз өз кезегінде ауылдық жерде спортты дамыту, балалардың шығармашылық əлеуетін арттыру бағытында кешенді шараларға қарқын беруіміз керек», – деді ол.

Ауданымызда  бұл салада атқарылған жұмыстар мен болашақ жоспарларға да тоқталды. Аудан орталығында 320 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүруде. Сондай-ақ, Тайпақ ауылында 160 орынға арналған осындай кешеннің жобалау – сметалық құжаттары сараптамадан өтуде. Аудандағы балалар-жасөспірімдер мектебінде 12 спорт түрінен 103 топта бүгінде 1198 бала жаттығу жүргізуде. Оларға 41 жаттықтырушы спорт дағдыларын үйретуде. Былтыр аудан орталығында спорт мектебінің ғимараты 67,1 млн. теңгеге күрделі жөндеуден өткізілді. Дегенмен бұл нысан ыңғайластырылған ғимаратта орналасқандықтан, бүгінде жаттығу залдары тарлық етуде. Жаңа орын қарастырылып,  қосымша спорт үйірмелерін ашуға мүмкіндік жасалмақ.

Өз сөзінде Ақжол ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Темірғали Исаев, жеке кәсіпкер Қанымқия Досқалиева да жолдаудан туындаған міндеттердің барлығы халық игілігіне атқарылған жұмыстардың қатарынан қосылатынына мол сенім білдірді. Қанымқия Қозыекешқызының  кәсіпкерлікпен айналысатынына 20 жылдың жүзі болған. Қазір ол басқаратын «Керемет» сауда кешенінде 18 адам тұрақты жұмыс жасайды. Нысанның халыққа ұсынар қызметі де сан-салалы: бөлшек сауда, құрылыс материалдары, шағын қонақ үй және асхана бар мұнда. Індеттің салдарынан орын алған карантинде үкімет тарапынан қызметкерлерге көрсетілген қолдауға ризашылығын білдірген ол кәсіпкерлердің салық төлеу уақыты жеңілдетіліп, несиені қайта қаржыландыру мүмкіндігі, өзге де игіліктердің бизнеске зор қамқорлық екенін айтты. «Сондықтан халық игілігі үшін, еліміздің экономикасын көтеру үшін бірлесе жұмыс атқарып, бұл қиындықты бірге жеңеміз», – деді.

Еңбек ардагері Бақтығали  Қоспаев адамдардың үнемі еңбектеніп, бір үзім нан табуға қауқары жететіндігін, сондықтан үкіметке қол жаймай, өзі үшін талпыну қажеттігі – бүгінгі күннің ақиқаты екені алға тартты. Аудандық балалар жасөспірімдер туризм орталығының директоры Үмбеталиев Максим Жаншаұлы жолдау жайында өз пікірін айта отырып, Қазақстандағы тұрақтылық пен ел экономикасын жандандыру, халық тұрмысын жақсарту жөнінде жасалған нақты қадамдар ел ертеңіне айрықша әсер ететінін ерекше атап өтті.

Ләззат САМАТҚЫЗЫ

Суретті түсірген Азамат ҚАНАПИЯ