11.09.2020, 10:25
Қараулар: 51
65 шаруашылық асыл тұқымды түлік өсіруде

65 шаруашылық асыл тұқымды түлік өсіруде

Өңірлік  коммуникациялар  қызметінің  ұйымдастыруымен  «Ақжайық»  телеарнасында  өтетін дәстүрлі брифингте аудан  әкімі  Қалияр  Айтмұхамбетов  «Ауданның  әлеуметтік-экономикалық  дамуы»  тақырыбында  баяндама жасады.

Аудандағы іргелі істерді тілге тиек еткен аудан басшысы алдымен жергілікті бюджет көлемі, өңірге тартылған инвестицияларға тоқталды. Айталық, жыл басынан негізгі капиталға 2 млрд 151 млн теңге көлемінде инвестиция жұмсалған. Ауыл шаруашылығы саласында атқарылған істерден мәлімет келтірген Қ.Шадиярұлы 264 мың бас ұсақ мал, 102 мың бас ірі қара, 41,2 жылқы, 212 түйе малы есепке алынғанын жеткізді. Асыл тұқымды түлік өсіретін шаруашылықтардың да қатары жыл санап артып келеді. Қазіргі таңда осында 65 иелік бар.

– Ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту да қаперде. Биыл еліміздегі «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында Қадырқұл, Қызылжар, Кеңсуат, Базартөбе ауылдарына таза ауыз су жеткізілді. Тап осындай жұмыстар Жамбыл, Битілеу ауылдарында да жүргізілуде. Осы ауылдарда жұмыс аяқталған кезде халықтың  93,1%ы таза ауыз сумен қамтылады. Газбен қамту жайына келер болса, биыл 11 елді мекенге көгілдір отын тарту жұмыстары жүргізілуде. Сарман, Битілеу, Ақбұлақ, Есім елді мекендеріне көгілдір отынның жетер күні таяу. Ауылішілік жолдар, кірме жолдарды жөндеу мәселесін де назардан түсірмеу қажет. Республикалық бюджеттен бөлінген қаражатқа биыл Ілбішін, Жаңабұлақ, Алғабас ауылдарының кіреберіс жолдары жөнделуде. Аудан орталығында бір үш  қабатты 24 пәтерлік тұрғын үй биыл пайдалануға берілсе, Жаңабұлақ ауылында бір қабатты екі пәтерлік тұрғын үй салынуда. Алдағы уақыта алты ауылда баспана мәселесін шешу үшін қызметтік үй құрылысының жобалық-сметалық құжаттамалары дайындалып, республикалық бюджетке өтінім жолданды, – деді аудан әкімі.

Осыдан кейін аудан басшысы мемлекеттік «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Биыл ауданда 1 млрд 287 млн теңгеге 8 жоба жүзеге асырылуда. олардың ішінде жаңадан салынған Ақжайық аграрлық-техникалық колледжінің аумағында әмбебап спорт алаңы, күрделі жөндеуден өткен Қарауылтөбе ауылдық дәрігерлік амбулаториясы халық игілігіне табысталып, Тайпақ және Чапаев ауылдарының көшелері абаттандырылды.

Мемлекеттік  «Еңбек» бағдарламасының қызмет іздеп, кәсібін ашамын деген жандарға шапағаты зор. Биылдың өзінде 1422 адам түрлі жұмыспен қамту шараларымен қамтылып, «Бастау-Бизнес» бағдарламасымен 88 адам білім алды, соның 29-ына несие, 87-сіне қайтарымсыз грант берілген.

«Жайық таңы»