11.09.2020, 10:27
Қараулар: 92
Арқаны кеңге салатын кез емес

Арқаны кеңге салатын кез емес

Өткен аптаның жұмасында аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов мекеме-бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдерінің қатысуымен өзекті мәселелердің шешім табуын пысықтап, жиын өткізді. Аудан басшысы тамызда өткен жиында аудандық бөлім басшыларының атқарылған жұмыстарының есептері тыңдалып, ауылдық округ әкімдері мен мекеме басшыларына қатысты сын айтылып, бірқатар тапсырма берілді. Сыннан қорытынды шығарылды ма, нәтиже қандай? Аудан басшысы әрбір берілген тапсырманың орындалуын бүге-шүгесіне дейін тексеріп, кезек күттірмейтін мәселелерді ортаға салды.

Алдымен ауыл шаруашылық және кәсіпкерлік бөлімі басшысының орынбасары Әлібек Бакирев мал азығын дайындау жөніндегі баяндама жасап, әрбір ауылдық округ бойынша қысқа дайындық қамына тоқталды. Аудандағы  132 783 шартты малға 241 700 тонна мал азығының қоры  дайындалу керек. Тамыздың 11-інде  126 107 тонна шөп (жоспардың 52,1%) дайындалған, соның өзінде  85 тонна шөп  өткен қыстан үнемделгені. Бүгінге бұл көрсеткіш 187,1 тоннаны құрады.  Жамбыл, Қабыршақты, Мерген ауылдық округтерінде жұмыс қарқыны мардымсыз, қыстан уайымсыз шығу үшін әр сәтті ұтымды пайдаланған жөн.

Аудандағы шөптің табиғи шығымдылығы  төмен 5 ауылдық округтегінде малды ағайынның  қамы да – басты назарда болу керек. Әкімдіктерден түскен мәліметке сүйенсек, Сарытоғай, Базаршолан ауылдық округтеріне Сырым, Қаратөбе аудандарынан шөп тасымалдануда, мұнда 1 ораманың бағасы 8000-9000 теңге болса, Тайпақ ауылында шөп саудасымен айналысатын шаруа қожалықтары 7000 теңгеден түсірмей отыр.

Аудан бойынша тұқымдық түрлендіру аясында селекциялық және асылдандыру жұмыстарына тоқталған Ә.Бакирев «2019 жылы 264 ауыл шаруашылық құрылымы 19 692 бас аналықпен қатынаты. Ал 2020 жылға 24184 бас аналығы тұқымдық түрлендірумен қамту жөнінде тапсырма берілді. Күні бүгінге 247 ауыл шаруашылығы құрылымы 20481 бас аналықты тұқымдық түрлендірумен қамтып,  Үкімет тарапынан тиісті 204 млн. 810 мың теңге субсидияларын алды. 55 шаруа қожалығы 3462 бас аналыққа өтінім тапсыруға құжат дайындап отыр. Дегенмен, асыл тұқымды қошқар сатып алып, тұқымдық түрлендіру жұмыстарын жүргізуде айтарлықтай нәтиже көрінбейді. Айталық, 2020 жылға асыл тұқымды қошқарға қажеттілік 748 басты құрасы, тамызға дейін 121 бас қошқар сатып алынып, жоспар 16 %-ға ғана орындалды. Аудан басшысының қатаң ескертуінен кейін бұл іске жан бітіп, бір айға жетпейтін уақыттың ішінде көрсеткіш 31,5 %-ға жетті. Әйткенмен, айтылған сынға тек Алғабас, Базартөбе, Бударин, Есенсай, Жаңабұлақ, Құрайлысай, ауылдық округтері ғана құлақ асып, қалған ауылдық округтерде ұйымдастыру жұмыстары тұралап тұр. Пайдалану мерзімі аяқталған 332 бас қошқар АТЖ жүйесінде тіркеуде тұр, өткен кеңесте осы деректерді алып тастау жөнінде берілген тапсырма орындалмай қалды.

Қ.Шадиярұлы аудан шаруашылықтарының қой аналығымен тұқымдық түрлендіруде әлеуеті жоғары екенін қаперге салып, салғырттық танытпай, малды асылдандыруда жауапкершілік таныту қажеттігін нығыздады. «Тұқымдық түрлендіруге қатысқан әр саулықтың басына 2500 теңге көлемінде демеуқаржы қарастырылғанын ескерсек, шаруаларыңыз мол қаржыдан қағылды дей беріңіз. Ал бізде аналықтың саны 100-ден асқан 100 шаруа қожалығы тұқымдық түрлендіруге қатыспай отыр», — деді аудан басшысы.

Осыдан кейін аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Нұрғали Мүтиев жерді пайдалану мен басқаруда қордаланған мәселелерді ортаға салды. Жалпы, еліміздің ең үлкен байлығы – ауылшаруашылық жерлері екені мәлім. Сол жерді тиімді игеріп, дұрыс қолданудың бірден-бір жолы оны ғарыштық басқару. Ол үшін елімізде жаңа бағдарлама қолға алынып, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер цифрландыруда. Көптеген ауылдарда бұл жұмыс кемшін қалып келеді. Соның салдарынан жайылымдар дұрыс рәсімделмей, көршілес шаруашылықтардың арасында дау-дамайдың туындауына әкеліп отыр.

Қ.Айтмұхамбетов аудан көлемінен жер иеленіп отырған шаруалармен кездесіп, жерді цифрлы рәсімдеудің пайдасын ұғындыру қажеттігін баса айтты. «Қырдағы ағайынға ақпарат жетпей жатыр, сондықтан насихатты үдете түсу керек. Экономиканың тірегі саналатын агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру ел табысын еселейтінін заманның өзі дәлелдеп отыр», – деді ол.

Әлеуметтік сала, яғни тұрғындардың жұмыспен қамтылуы, осы саладағы мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы туралы аудандық жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Бақтыгүл Ержанова баяндады.

Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Қ.Шадиярұлы шешімі кезек күттірмейтін мәселелердің орындалуын өз бақылауына алатындығын айтып, алдағы айға міндет-межелерді тұжырымдады. «Арқаны кеңге салатын уақыт жоқ, берілген істі уақыт оздырмай жүзеге асыру – сіздердің  құзіреттеріңізде. Ауыл-елді өркендетуде бар тетіктерді тиімді пайдаланып, еңбек ету керек», — деді ол.

Әлия СЕРІКҚЫЗЫ

Суретті түсірген Азамат ҚАНАПИЯ