11.09.2020, 10:48
Қараулар: 99
Өрісі кең өнерден сусындаған

Өрісі кең өнерден сусындаған

Тайпақ ауылында Қайырғожиндер әулетін танымайтын адам кемде-кем. Сырт көзге қарағанда, қарапайым ғана отбасы, отағасы Серікқали мен отанасы Майра жұрт қатарлы екі ұлы мен бір қызын тәрбиелеп отыр. Бірақ отбасы түгел қосылып, үлкендері ән шырқап, балалары қостағанда, олардың өнеріне тамсанбайтын жан кемде-кем. Соның арқасында өнерді киесіне балаған отбасының Ақжайық атырабына аты шықты. Өздері де текті әулеттен тараған отағасы мен отанасының өз балаларын ұлттық өнер-білімге баулып, сол арқылы асылдықтың, даналықтың

Текті әулет демекші, жарасымды жұптың өнерге деген қызығушылығы ата-анасынан дарыса керек. Екеуінің де әке-шешесі кезінде домбыра тартып, алты ауылды аузына қаратқан әншілер болған деседі. «Жиеннің жақсысы нағашысына тартады» демекші, отанасы Майраға бұл өнер нағашы жұртынан дарыған. Тектіден тамыр тартқан дарынның үзілмей, ұрпаққа жалғасуы заңдылық екенін бұл әулет тағы бір дәлелді.

Көбіне өнерлі жанұя дегенде, көз алдымызда, ата-анасы мұғалім, не өнер қызметкері болатын отбасы иеленеді. Себебі, біздің ортада осындай үйелмендер басым насихатталады. Ал Қайырғожиндер отбасына келсек, бұл ойымыздың мүлдем дұрыс еместігін, өнердің ұшқынын әр адамның лаулата алатынын көреміз.  Отағасы Серікқали ауылдағы балабақшада күзетші қызметін атқарады. Ал Майра мектепте  кіші қызметкер. Жоғарыда айтқанымыздай, қарапайым ғана отбасы. Бірақ күнделікті күйбең тірлікте тұрмыстың мысы баспай, әсемдік пен сұлулықты паш ететін өнерден қол үзбегеніне еріксіз бас иесің. Екеуі талай той-томалақта ата-бабаларымыздың даналығын ұлағаттаған дәстүрлі әндерді әуелетіп, ортаның сәнін келтіріп жүр. Бос уақытын текке өткізбейтін Серікқали  ән шырқап, домбыра шертумен қатар, құстардың мүсінін қатырып, тері илеумен айналысады.

Өнегелі жұптың үш баласы да өнер ауылынан алыс емес. Тұңғыш қызы Алтын 7 жыл оқып, ауылдағы саз мектебінің фортепиано сыныбын тамамдаған соң, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің, музыка факультетінің терме классына оқуға түсіп, жерлес апасы, дәстүрлі әннің батыс мектебінің көрнекті өкілі Сәуле Таудаевадан дәріс алады. Ержетіп қалған Берігі мен Темірланына да әкесінің әншілік өнерімен қатар  қолының шеберлігі бойына біткен. Одан қалды, спортты жанына серік етіп, талай жарыстарда топ жарып жүр. Қай салаға салсаң да, жеңіске ұмтылған елгезек өспірімдер – Ы.Алтынсарин орта мектебінің оқушылары. Әсіресе,Беріктің  спортқа да, өнерге де ықыласы ерек. Домбыраның құлағында ойнайтын ол өнерімен көпті сүйсіндіріп, үлкендердің батасын алған. Кенже Темірлан да ағасы мен апасынан үлгі алып, өз бетімен саз мектебіне жазылды. Биыл баян үйірмесінің 2 сыныбын аяқтады. Екі ұл да қай-қай қоғамдық шаралар мен түрлі байқауларға белсенділікпен қатысып тұрады. Міне, атадан дарыған өнерімен елге танылған, қара домбыраның бағасын арттырып, қазақ еліне пайдасын тигізер өрендерді өсіріп отырған жанұя.

Мақаланың басынан мақтауын келістірген жанұяның қандай жетістіктері бар деп сұрауларыңыз да ғажап емес. Ендеше… 2017 жылы Атырау қаласында өткен  республикамыздан аузын айға білеген өнерпаздар бас қосқан байқауда  бұл отбасы гран-при жүлдегері болып оралды. Кейде өнерлінің жолын жоқтық байлайтыны рас. Алматыға жолдама ұтып тұрған сәтінде демеуші таба алмай, ұнжырғалары біраз түскен.  Дегенмен де Майра мен Серікқали аудан, облыста алдына жан салмаған қызы Алтынның Алматыдағы байқауға қатысуына барын салды.  Тырнақтап жиған тиынын Алтынының қолына ұстатып, жарысқа аттандырды. Әсте, бағы жанған Алтын қыз ата-анасының үмітін ақтап, «Алатау шыңы» республикалық конкурсында «Дәстүрлі ән өнері» номинациясы бойынша бас жүлдеге ие болып, дүйім елді қуантты.

Өнерлі жанұя «Мерейлі отбасы» жалпыұлттық конкурсына  да  белсене қатысып, арнайы аталыммен марапатталды. Жуырда  қашықтан өткен «БАТЫС VOICE»  караоке жарысында Қайырғожиндер отбасы «Ақжайық» командасы атымен «Туған жер» әнін шырқап, 2 орынға ие болды.

Серікқали мен Майра өнер арқылы баланың бойына ұлттық тәрбие, отбасылық құндылықтарды сіңіруге болады деп есептейді. Бүгінгінің ата-анасы секілді, «тыныш отырсаң» болды деп, баланың қолына телефон ұстатып, немесе таңнан кешке дейін телміріп теледидар қарауға да рұқсат бермейді. Ұл-қызының құлағына жамандықтан суынып, жақсылыққа, адамгершілікке жақын болу керектігін құюдан бір талған емес.

Отағасы Серікқали да бала тәрбиесіне келгенде осалдық танытпайды. Ұрсып-жекіп, қол жұмсамаса да, аналарының «әкең келе жатырымен» тәрбиеленген ұл-қыздары әкелерінің қабағына қарап-ақ, бой түзей қояды. Анасы әкеге деген құрметті бала бойына бесіктен сіңірген отбасында ғана мұндай тәртіп орын алмақ. Екеуі де ұл-қыздарының мейірімді, ақылды және көпшіл болып өсіп келе жатқанына мейірленеді.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дегендей, отбасында еңбекке төселіп, жақсылық пен жамандықты ажырата білген бала адаспайды. Сонда ғана отбасының шуағын өздерімен бірге алып жүретін болады. Ұлдарының ынжық болмай, қайсарлы, нағыз батыл жігіттер болып өсуіне, ал қызының инабатты, ақылы көркіне сай болып бойжетуі үшін ата-ана бар ақыл-кеңесін аяған емес.

«Бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі ерекше. Себебі, бала біздің болашағымыз. Әрбір ата-ана өз перзентінің әдепті, саналы, иманды да ибалы, Отанының сүйікті және кішіпейіл азамат, азаматшалары болып жетілуін қалайды. Серікқали екеуміз жұмыстан босай қалған уақытты қос қолқанатымыз бен қызымызға арнаймыз. Жанұямызға қатысты қандай шешім қабылдайтын болсақ, балаларымызбен ақылдасамыз. Жалпы, бала тәрбиелеуде оларды мына қоғамның бір мүшесі ретінде бағалап, тыңдай білу керек. Сыйластық, түсіністік, үлкен жауапкершілік сезімдері бар отбасы – бақытты отбасы», — дейді отанасы Майра.

– Отбасы болған соң әр түрлі жағдайлар болады, әрине. Өмірде бәрі тамаша емес. Кейде балалардың ренжісіп, не болмаса олармен біз келіспей қалатын кездер де болады. Бірақ мұңымыз да, сырымыз да бір болғандықтан, бұл кикілжің шай пісірім уақыттың арасында тарап кетеді. Балаларыма жақсы тәрбие беріп, аяғынан тұрғызып, ұядан ұшырып, қияға қондыру – әкелік міндетім.– дейді білім мен өнерді қос тұлпардың тізгініндей қатар ұстап жүрген ұл мен қыздың әкесі Серікқали.

Шаңырағы шатыққа толы Қайырғожиндер отбасы мүшелері таң атысымен бірі қызметіне, бірі  оқуына, кеш батса, үйіне асығады. Кішілері  үлкендерін бүгінгі күннің жетістіктерімен, үлкендері кішілерін «айналайынымен» қуантып,  бір дастархан басында бас қосып, әңгімелерін айтып, жақсы жаңалықтарымен бөліседі. Қайырғожиндер отбасының өнегесі мен өнерлерінің артып тұратыны да осы сыйластықта.

Л.САМАТҚЫЗЫ