11.09.2020, 10:53
Қараулар: 180
Дүние-жалған, қасқағым (немесе ажал аузынан қайтқан ақын)

Дүние-жалған, қасқағым (немесе ажал аузынан қайтқан ақын)

 

Таңғы алагеуімде телефоным безілдеп қоя берді .Бұл күндері мезгілсіз қоңырау шалынса, секемденетін болдық қой, «қалта телефонымды» қорқа көтердім.

Ежелден «төскейде малы,төсекте басы қосылған» іргелес ел Жаңақаладағы ақын досым Закария Сисенғали екен. Дауысы жеті құлаш жер қазып, діңкелеген жандай жәй шығады, бірақ сенімді, үмітті дауыс. Әзілге бұра бастап едім, «шөткеңді қоя тұр, айтар аманатым бар  соны  Ақжайық жұртына жеткіз» деді. Аманатқа қиянат жүрмейді, абзалы, Алашқа танымал ақынның сөзін сөйлетіп көрейін:

Тірліктің қамы тағат таптыра ма? Сол күні жұмыс бабымен Орал қаласын бетке алғанмын. Түске таман Жұбан елінің жолына да жақындап қалғанбыз… Кенет әуелден «ақауы» бар жүрегім сыр берді, көлік ішінде ес-түссіз қалыппын. Содан жүргізуші ауданның орталығы Чапаев ауылындағы ауруханаға аманаттапты. Есімді жисам, айналам зыр жүгірген ақ желеңді жандар. Екі қарымда екі «система», мұрыныма ауа аппараты жалғанған. «Құдайдың ұрғанын» білдім, бірақ қай жердің ауруханасы екенін ажырата алар емеспін…

Алғашқы көмектен ажарым кіріп, есімді жиған арагідікте қайда жатқанымды білмек боп, бәйек болып жүрген жандардан жөн сұрадым. Сөйтсем «ана жаққа» барып қайтқан екенмін. «Аға енді 10 минут кешіккенде, бұл дүниеде жоқ едіңіз», – дейді.

Чапаевтық дәрігерлер! Ойпырмай, талай аурухана мен талай дәрігердің көмегіне жүгініп жүрмін ғой, мынандай туғанымдай қамқор болған жандарды жолықтырмаппын! Осы жандар Оралға да жедел жеткізді, жеткенше жанымнан шықпады, емдерін жалғастыра берді. Қалай риза болмаймын. Тіпті кім екеніңді де сұрамайды екен бұлар, тек ұлы міндеттерін адал атқарса болды! Оралға бет алған реанимобильдің ішінде ғана «Чапайда тұрасыз ба?» -деп сұрады. Содан барып, жөнімді айтып жатырмын. Қазір, шүкір, «бетім бері қарады», қаладан ем алып жатырмын. Үш күн жансақтау бөлімінде жатып, ақыры отадан да аман өттім ау! Осының бәрі ақжайықтық ақжелеңділердің арқасы! Соларға ақ алғысымды «Жайық таңы» газеті арқылы жеткізгейсің», – деп еді атақты «Ақжайық ару-мекенім» әнінің сөзін жазған ақын досым, Жаңақала аудандық мәслихатының хатшысы Закария Сисенғали.

Жолаушы – мүсәпір. Жолда түрлі қиын жағдайға тап боласың. Әсіресе індет қаулаған заманда саулығың жиі сыр береді. Ал «тоғыз жолдың торабында» тұрған Чапаев дәрігерлері мұндай жайды күн сайын бастан өткереді. Әрдайым «соғыс жағдайында» десе де, болады. Закария досыма кардиолог-дәрігер  Айжан  Ерболатқызы Сәрсенғазиева, 103 тің фельдшері Жанкелді Тілеужанов, жалпы тәжірибе дәрігері Әселхан Мұрадымова және Оралға 40 минутта жеткізген жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі Тайман Жантасов алғашқы көмегін беріп, «ана дүниеден» алып қайтқан екен. Осылайша, ел сыйлаған ақын досымның аманатын жеткізіп, бір жағынан, жерлес дәрігерлер үшін мақтанып та отырмын. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» -демей  ме, жайсаң жандарымызбен мақтанып, құрмет тұтып жүрейік, қадірлі жерлестер! Көлденеңнен аман болайық, еліміз тыныш болғай!

Сағындай БИСЕНҒАЛИЕВ,

ақын

Қазақстан ақын-жыршылар одағының мүшесі.