11.09.2020, 10:56
Қараулар: 87
Әулеттің құты – қария

Әулеттің құты – қария

Дана халқымыздың «Келген жеріңнің биігіне шық, еліңнің үлкеніне жолық» деген нақылы бар. «Үйіңде қария болса, жазылып қойған хатпен тең» деп, ауылдың қазынасы – қариялардың бағасын асырған екен. Бүгін де құрметтің төрінен түспеген ақсақал мен кейуана – бір әулеттің тірегі, ар-ұяты, рухани байлығы, ұрпағына бағдар беретін бағдаршамы.

Тұтас ауылдың берекесін сақтап, бірлігін бекем етуге ақылын айтар осындай ақсақал  аудан орталығының іргесіндегі ынтымағы жарасқан қазақы  ауыл Жайықта тұрады. Жасы 85 келген Темірғали Мырзағалиевтің сөзін естіп, әңгімесіне қанық болсам деген оймен қағаз қаламымды ұстап, «Жайық, қайдасың» деп, ауылды бетке алдым. Бұрыннан сыйластығымыз мығым, айтары бар, көргені мол жан екеніне талай мәрте көзім жеткен. Ұлы Отан соғысында бала болса да, тылда еңбек етіп, Жеңістің таңын жақындатуға жанкешті еңбегімен үлес қосқан жаннан алар ұлағат мол.

Кейіпкерім 1935 жылы қазіргі Теректі ауданының Абай ауылында дүниеге келген. Әкеден жеті жасында жетім қалып, анасы бес баламен жесір атанады. Сол кездегі еркек кіндікті азаматтар соғыс майданына кетсе, тылдың азап тірлігі ауылдағы шал-кемпір, бала-шағаның мойнына артылды. Өзгелермен бірге Темірғалидың анасы өгіз жегіп, соқамен жер жыртып, отбасын асырайтын. Норманы орындау керек деп, көбіне таң бозарғанда үйге келетін анасының балаларын қатарға қосамын деп қиналғанын бала Темірғали көріп өсті. Сондайда анасына сәл де болса, қолғабыс етсем деп, ала таңмен егіс даласына кететін.  Егістік тұқымын шашатын тиісті құрал болмаған соң, анасының жанында жүріп, тұқымды қолмен шашқан күндері де әлі есінде.

Сол кезде бала болса да, бүгінгі ақсақал өзінің табан ізі қалған өңірдің шежіресін жатқа соғып отыр.  Өзінің туған жерін «Ыждағат» колхозы десе, бүгінде бұл ауылдың ізі көршілес Жасталап, Калинин колхоздары мен Майшұңқыр ауылдары болды деп еске алып отыр. Қазіргідей білім алуға толық жағдай болмаса да, жеті жасында көршілес Жасталап ауылына жаяу барып, білім алған. Ол кездің жағжайы өзіне мәлім – дәптер жоқ, қалам қат, сөмкені анасы шүберектен, не киізден тігіп беретін. Сол қиын кезеңде мектеп директоры Ленин орденінің иегері Бақтияр Туркеев ағайдың болғанын әлі ұмытпапты жады мықты қария.

1948 жылы Орал қаласындағы үшінші қазақ мектебінде бесінші сыныбына оқуға қабылданады. Сол кезде бұл мектепте білім алудың өзі үлкен мәртебе болатын. Ағамыз бүгінде  Сәкен Сейфуллиннің есімін иеленген дарынды балалар мектебінің жетістіктерін тізбелеп айтып, құрдастарының бағындырған белестеріне де тоқталды.

Үш жыл әскерде болып, елге 1955 жылы оралған ол қаладағы ауыл шаруашылық техникумын тәмамдапты. Қазіргі Сырым ауданы Жосалы кеңшарында бригадир боп бастаған еңбек жолында механик, трактор шеберханасының меңгерушісіне дейін көтерілген. «Тың игеру жылдарымен тұспа тұс келген уақыт болатын еді, Отанымыздың әрбір азаматынан сұраныс зор болатын. Ауылдың тірлігін жаңа деңгейге көтеру үшін санаспай еңбек ететінбіз», – деп еске алып отырды. Бақтың бұйырғаны да, осында жұбайы Толқынмен шаңырақ көтереді. Өмірлік серігімен бірге бір қыз, төрт ұл тәрбиелеп өсіріп,  жеті немере, сегіз жиен, екі шөберенің атасы атанды.

«1977 жылдан осы Жайық ауылында тұрып келем. Халқы жақсы, ынтымағы, бірлігі мол, қашан да сүйеу болуға даяр. Жұбайым 72 жасында өмірден өткенде, ағайын-елдің қасиеті сол ғой, барша ауылдастар қабырғама сүйеніш болып, қуат берді. Қолымдағы Елжан мен Ержанға,  келіндеріме ризамын. Сәбидің бағымындай тәрбием бар»,- деп,  ауылдастары мен келін-баласына марқаяды ақсақал.

-Мынау Елжас баламның салып жатқан үйі, – деген қарияның үнінен ұрпағының тірлігіне мақтаныш сезіледі. Аулада қаз-қатар құрылған үш ошақты көзім шалып, таңданған маған: «Апаң өмірден өткеніне сегіз жыл өтсе де, келіндерім өздері қолданып жүр. Енелерінің көзі ғой, әрі ошаққа піскен астың дәмі де бөлек», — деп, жанарға келген жасын бір сүртіп алды.

Ошақ дегеннен шығады-ау, қазада болмаса, ошақ жағып, бауырсақ пісірген әйелді көрмегелі көп болыпты. Осы орайда бүгінде көюіміз қадірін жете ұғынбайтын қара қазанның киесін сақтаған әулеттің келіндеріне аса риза болдым. Келісті келіннің тәрбиелі болмағы өнегелі тәлім-тәрбиеден, мұндай шаңыраққа ырыс пен берекенің молынан келері анық. Міне, осындай құндылықтарды ақылы дария Темақаңның шаңырағынан көріп білдім.

Ұлттың ұлылығын, тәрбиенің тәлімін  көргің келсе, қазыналы қариясы бар елден, сол елдегі ақ жаулығын кір шалмаған әжелерден, ел мақтаған қариядан іздеген жөн.

Құрман ЖАНҰЗАҚҰЛЫ

Чапаев ауылы