11.09.2020, 10:59
Қараулар: 142
Штаттан тіс тілші

Штаттан тіс тілші

Тайпақтағы «Ленин жолы» газетінде еңбек жолымды бастадым. Сонда «Есенсай» совхозынан Мерует Қауымбаева есімді оқырманымыз штаттан тыс тілші деп шиырып қол қойып, ауылдағы жаңалықтарды күні-түн боратып жазатын.  Редакторым Алғали Мерғалиев «жылдам қорытып, нөмірге бере ғой» деп маған береді. «Апырым-ай, мына кісінің мақала жазудан басқа жұмысы жоқ па екен?!» деп таңқалушы едім. Кейін іссапармен Жайықтың бұқар бетіндегі ауылдарға барғанымда, жолай Есенсайға соғуға тура келді. Өйткені Гена есімді ағай аудандық газеттің  уақытында қолға тимейтініне шағымданған. Сол хаттың жайымен ауылдағы поштаға келсем, поштаның бастығы Мерует апа екен. Таныстығымыз осылай басталды.

Өмір-өзен сырғып, біраз жылдар салып, тілші апаймен «Орал өңірі» газеті арқылы қайта қауыштым. Мерует апам қырық жыл ауылдың поштасында тапжылмай тер төгіп, зейнеткерлікке шыққан. Ұмытпасам, біраз жыл бұрын қыста деймін-ау, басына түбіт шәлі тартқан  апамды бас редактордың қабылдау бөлмесінен көріп, танып, сәлемдестім. «Бауыржан балама менің мақалаларымды Гүлбаршынға бер, сол қорытады деп айтамын», — дейді мәз болып. «Қойыңызшы, менен де басқа жас тілшілер бар ғой, біз шау тарттық», — десем, апам көнбейді. Қайдан білсін, менің одан емес, мақаласын қорытудан қашып тұрғанымды)).

Апам сәл үлкейсе де, сол баз-баяғы қалпы; ойнақы, жинақы. Ұл-қызынан тараған немере-жиендерге айқайшы боп жүр демесеңіз, қолынан қаламы түспеген. Бірде ауылдың жақсы жаңалығы газ тартылып жатқанын жазса, енді бірде Талап орта мектебін бітіргеніне 60 жыл толып, сыныптастарымен кездескенін елжірей отырып жазыпты. Тағы бірде Көнеккеткен ауылында тұратын ұстазы Закира Мұхамедьярованың 90 жасқа толуына арнап қалам тербеді. Апам шаршамайды, мақала жазуға ерінбейді деп жүрсек,  кітап жазып шығыпты. Сексенге келсе де, әлі ширақ, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысады. Есенсайдағы қыз-келіншектерді бір шыбықпен «айдайтын» ауылдың ақ әжесінің ақыл-кеңесіне жүгінетіндер аз емес. Менің тік мінезді апам ауыл-аудандағы әкімқаралардың жөнсіз істерін көрсе,  «Облыстық газетке жазамын» деп қорқытып-үркітіп алады екен. Жақында бір келгенінде әжелер клубын құрып, салт-дәстүрді насихаттаймын деп кетті.  Әр ауылда осындай ақылман, сүйегі асыл, текті әжелеріміз бен апаларымыз көп болсын деңіз.

Қандай газет болмасын, оқырманымен мазмұнды, сәнді болады. Оқырманы, қалың бұқарамен байланысы жоқ басылымның мазмұнды, тартымды болатыны неғайбыл.  Бұрын үлкендер Серік Ықсанғали әріптесіме келетін. Ағамыз абыройлы еңбек етіп,  зейнеткерлікке шықты. Сондай-ақ келушілер Есақама жолығады. Енді  қариялар маған келуді жиілетті.  Өміріміз озып барады-ау… Қайтеміз енді, оқырмандарымыз көп болсын, уайымымыз жоқ болсын! Ел болып, мына жаман індеттен тезірек құтылайық. Сол үшін үйде отыралық.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА