11.09.2020, 11:03
Қараулар: 121
Мәрт көңіл азаматтарға мың мадақ

Мәрт көңіл азаматтарға мың мадақ

Ауыл азаматтары мен азаматшаларының немесе бір кездері өздері оқыған мектептеріне қол ұшын созып жүрген түлектер жайында жиі естіп жүрміз. Тьфа, тьфа, игі істермолынан болсын. Осындай жұрт сүйсінетін жақсылыққа мұрындық болған азаматтармен қалайша мақтанбасқа. Өйткені,әр қалада, әр ауылда жұмыс жасап, тұрақтап қалғанымен кіндік кесіп, өскен жерді ұмытпай, хал-қадірінше көмегін аямаған олардың осы істері — ой таразылаған әрбір жанға үлгі. Бас-аяғы бір-екі аптаның ішінде  аудан ауылдарында жүзеге асқан осындай жұмыстар жайында жариялауды жөн санадық. Барлығы да Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар рухани жаңғыру»-бағдарламасы бойынша қолға алынып жатқанын білеміз.

***

Көнекеткен ауылындағы О.Исаев атындағы мектепті 2000 жылы  тәмамдаған түлектері түрлі мәдени шаралар өткізуге арналған «Жазғы сахна»-орнатып берді. Халқы өнерлі болғанымен, заманға сай Мәдениет үйі жоқ ауылда көпшілік шараларды өткізу үшін осы саланың қызметкерлері біраз әуреге түсетін. Клубқа лайықталған шағын ғимарат жиналған әлеуметке таршылық етіп, аптап ыстықта шара өткізу мүлдем мүмкін болмайтын. Ал мына орнатылған сахна түйткілдерді тарқатып, ауылдастарын қуантты. Айта кетейік, 2 миллион 100 мың теңге Ата Заңымыздың төл мерекесінде тарту етіліп, осыған орайластырылған жиынға демеуші жігіттер, ауыл тұрғындары қатысты.

Алдымен сахнаға көтерілген ауылдық округ әкімі Ұлдаш Қадырғалиева ауылдастарын айтулы қуанышпен  құттықтап, жерлестерінің алғысын арқалаған азаматтарды марапаттады. Осы ауылдың перзенті, облыстық жастар шығармашылығы орталығы директорының орынбасары Мұратжан Жолбаев осы сахнадан әлі талай балғын дарындардың өнер әлеміне қанат сермейтініне сенім білдіріп, ауылдастарына арнап «Ауылым» «Туған жер» әндерін әуелетті. Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұхтар Бұланаев, ардагерлер кеңесінің төрайымы Гүлсім Қабиқызы да  мәрт көңілді азаматтарға көнеккеткендіктердің атынан ризашылықтарын жеткізді.

***

Ел игілігіне атқарылған кезекті жақсылық Алғабас ауылдық округіндегі Қарағай елді мекенінде орын алды. Бұл ауылда 1989 жылы туған азаматтар көше шамдарын орнатыпты.  Қажет  қаражатты жинақтап, жоспарларын тиянақтаған жігіттер істі ұзаққа созбай, жеделдетіп атқарып, ауыл ішін самаладай жарқыратты. Қайрат Шамаев, Қуаныш Рысқалиев, Манарбек Оспанов, Сайын Жұбандықов, Мұрадым Қаленов, Дулат Ахметов, Ринат Серікбаев сынды ауылдастары арқа сүйер азаматтар барда ауыл-ел гүлдене бермек.

***

Ат басын Жамбыл ауылдық округіне бұра қалсаңыз, елін сүйген жандардың іс-әрекетіне еріксіз сүйсінесіз. Себебі бірлігі бекем бұл ауылда да ауыз толтырып айтар істер баршылық. Жуырда М.Абдулов атындағы мектебін сонау 1963 жылы тәмамдаған түлектер өздері білім алған алтын ұяларына тамаша тарту жасап, мектептің бірінші және екінші қабатына интернет байланысының сигналын зорайтатын құрылғы орнатты. Індеттің алдын алу мақсатында мектептегі шаралар мен атаулы сабақтардың ZOOM  флотформасы арқылы жүзеге асатыны белгілі, әрі  ауылда интернеттің жылдамдығы да төмен. Міне, мектеп бітіргендеріне 40-жыл толған  түлектер жұмыла жүк көтеріп, осы күрмеудің шешілуіне өз үлестерін қосты.

Сонымен қатар осы білім ордасын 1982 жылы тәмамдаған түлектер де білім ұясына соңғы үлгідегі SAMSUNG SMART TV  және Otau tv құрылғыларын орнатып беріп, ел алғысына бөленді. Міне осындай жақсылықтар әрбір елде жүзеге асатын болса, ауыл неге гүлденбеске?! Ең бастысы, кіндік қаны тамған жерге лайықты қызмет жасау әрбір азаматтың  борышы саналатынын біле жүрейік.

Әсет БИСЕНҒАЛИЕВ