18.09.2020, 9:46
Қараулар: 35
Ғасыр тойына тарту

Ғасыр тойына тарту

Қазақилықтың кіндігі, әлбетте, ауылда. Санаулы күндерден кейін ғасырлық тойы мерекеленетін замана шайыры  Жұбан Молдағалиевтің есімін ұлықтаған шаралар ауыл-елдімекендерде көптеп ұйымдастырылуда.  Өкінішке қарай, елімізде орын алған жағдайға байланысты дәстүрлі Жұбан оқулары, мүшәйралар, өзге де шаралар онлайн түрде өткізілді. Қашықтан ұйымдастырылса да, бірде-бір шара мән-мағынасын жоғалтпай, негізгі мақсаты – ақынның жыр боп төгілген мәңгі мұрасын насихаттау миссиясы бір мысқал да кеміген жоқ.

Әрине, іргелі тойды ұйымдастыруда үлкен салмақ ақынның туған мекені, оның жерлестеріне жүктелетіні анық. Осыған орай Қурайлысай ауылдық округі, атап айтсақ, Жұбанның есімін иеленген округ орталығында қазір қарбалас тірлік. Атақты жерлесінің ғасыр тойына ауылдастардың қосқан үлесі – жуырда ауылға жақындағанда, жалынды жырмен қарсы алып, жолаушыларға сәттілік тілеп,  шығарып салатын таным белгісі орнатылды. Әдемі безендірілген бұл белгіге ақынның «Мен қазақпын» поэмасынан алынған жыр шумақтары әр беріп-ақ тұр. Ал осы жұмыстарды қолға алып, тамаша тарту жасаған Жұбан ауылындағы Талап орта мектебін 1980-жылы бітірген түлектер. Олар осы істі мектеп тәмамдағандарына 40-жыл толуына орай қолға алған екен. Белгіні орнатуға түлектер 450 мың теңге қаражат жинаған.

– Елжандылық азаматтардың бойында қайнап тұрғанда, ауылымыз азбайды. Осы істің сәтті аяқталуына Орал қаласындағы «Өнер» жарнама агенттігінің басшысы Аухат Жұмабекұлы және эскизін жасауға өзінің ойын қосқан аудандық туризм орталығының басшысы Максим Жаншаұлы септесті. Оларға айтар алғысымыз шексіз»-дейді түлектердің атынан ауыл азаматы Аман Елеубаеев.

Асыл ҚАЙРАТ