18.09.2020, 9:50
Қараулар: 67
Азаматтар жұмылса игілікке

Азаматтар жұмылса игілікке

Тайпақ ауылдық округіне қарасты Томпақ ауылында ақ түйенің қарны жарылып, бой көтеруіне ел азаматтарының өздері ұйытқы болған нысандар табысталды.

Бұл жұмыстарды «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған елге тағзым»-жобасын іске  асыру мақсатында осы ауылда туып өскен, білім алған, бүгінде жұмыс бабымен республикамздың түкпір-түкпірінде жүрген елжанды ұл-қыздар мен зейнеткерлер іске асырды. Ауыл азаматы Мұрадым Құмаров жетекшілік еткен бұл жобаның аясында 3 047 000 теңге қаражат жиналыпты. Жинақталған сомаға ақылдаса келе, алдымен ел ертеңі – балалар үшін ойын алаңы мен шағын спорт алаңы, сонымен қатар Ұлы Отан соғысы және тыл ардагерлеріне арналған зерде тақтасы жасақталды. Ауылдастардың ауызбіршілігін айтсаңызшы, басталған істі көпке созбай,  қазығы қағылғаннан соң тура бес айдың ішінде томпақтық шеберлер шеттен кісі тартпай-ақ, құрылысын аяқтап, халыққа табыс етті.

Спорт алаңының көлемі 20 да 40 шаршы метр. Ал балалар алаңында кішкентайларға арналған сырғанақ, «Савушкин үйшігі» және «Космодром»,  балалар жаттығатын тренажерлер жасақталған. Атаулы күні халықтың қуанышына аудан әкімінің орынбасары Тілекқабыл Ғабдушев ортақтасты. Ауыл-елге игілігі мол, жерлестерді жақсылыққа жұмылдырған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында атқарылған жұмыстарға тоқталған ол: «Міне, елім, жерім деген азаматтардың мәрттігінің жарқын мысалы. Елбасымыздың бағдарламалық мақаласы осындай жаны жомарт жандарға бағыт меңзегені анық. Еліне қарайласып, томпақтықтанға қуаныш сыйлап жатқан барша жанға алғысымыз шексіз. Қашанда табысқа жетіп, өрлей беріңіз», – деді ол. Сосын ауыл ақсақалы Тасболат Жұпболовпен  зерде  тақтасы мен спорт, ойын  алаңының лентасын қиды.

Сонымен қатар осы жұмыстардың басында жүріп, қолдау көрсеткен белсенді жандарға аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетовтың алғыс хатын табысталды. Ал ауыл тұлғыны Дәмелі Нұржанова ұмытылмайтын ерлікті мадақтаған, ұрпақ жадында жаңғыртқан зерде тақтасын көріп, біраз толқығанын жасырмады. Осы тақтада туған елдің тыныштығын сақтап, өркендеуіне үлес қосқан атпал азамат-азаматшалардың есімдерінің ойып жазылуы – ел шежіресінің ұмытылмайтындығының бір кепілі.

«Балалар ойын алаңы мен спорт алаңы да ауылдың көркіне көрік үстеп тұр. Біткен істе береке бар, жақсылықтар молынан болсын! Ауылымыздың атын осындай өркенді істермен танытайық», -деді салтанатта сөз алған еңбек ардагері Аманжол Тамашев.

Ашылу салтанаты ауыл көркемөнерпаздының шағын концерттік бағдарламамен аяқталды.

Әсет САҒЫНТАЙҰЛЫ

Суретті түсірген Азамат ҚАНАПИЯ