18.09.2020, 10:17
Қараулар: 76
Елдің жайын арқау еткен сөзжарыс

Елдің жайын арқау еткен сөзжарыс

Апта сәрсенбісінде аудан орталығында «NUR OTAN» партиясының ішкі іріктеуі, яғни праймеризге қатысушылардың арасында ашық дебат өткізілді. Пікірталас барысында үміткерлер партияластарға өзін, сайлауалды бағдарламасын таныстырып, өзара сұрақ-жауап алмасты.

Аудандық мәдени демалыс орталығында өткен бұл шараға аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі. «Бұл жобада  жеңіп шығу тек үздіктердің, нағыз халық қалаулыларының ғана үлесінде. Сондықтан өздеріңнің қолға алған, ел мүддесін қамдаған бағдарлама бойынша  батыл әрекет етсеңіздер,  ел игілігі үшін талай істің атқарыларына сенімдемін»-деді ол.

Жеребе бойынша сөйлеу кезегі анықталған  алғашқы алтылықтың қатарында Жаңабұлақ ауылдық мәдениет үйінің жетекшісі Манарбек Сүндетов, аудандық кітапхананың кітап қорын өңдеу және толықтыру бөлімінің жетекшісі Гүлнара Ғылманова, «Чапаев орман және жануарлар дүниесін қорғау» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің орман өртін сөндіру торабының басшысы Бағдат Темірғалиев, Абай атындағы мектеп гимназиясының мұғалімі Әсел Ерментаева, М.Әуезов атындағы орта мектебінің мұғалім Қалампыр Есенәлиева, Тайпақ ауылдық мәдениет үйінің жетекшісі Дәурен Ғилманов болды. алдымен қатысушылар өздерінің сайлауалды бағдарламасымен таныстырып, осыған дейін халықпен жүздесулерде көтерілген мәселелердің шешімін табу жолдарын ортаға салу керек.

Атап өту керек, дебатта үміткерлер қазіргі заманның барлық салаларына қатысты кең тақырыптарды қаузады. Айталық, праймеризге қатысушылар ауылдың өркендеуі, жұмыссыздық саласы, ауылдарды дамыту бағдарламасының тиімді жүзеге асуы сынды өзекті мәселелерді қамтыды.

Саяси пікірталас екі кезеңмен өткізілді. Жоғарыда айтып кеткеніміздей, алғашында олар ауданды дамыту бойынша күрмеуі шешілмеген түйіндерді тарқатуда өздерінің ой-пайымдарын ортаға салса, екінші кезеңі «сұрақ-жауап» форматында өтті. Мұнда сұрақтардың басым бөлігі ауыл жастарының жұмыссыздығы, қыз-жігіттердің мүмкіндіктерін арттыратын бағдарламаларды одан әрі жетілдіру, баспанамен қамту, ауыл-елдімекендегі тұрғындардың ахуалын жақсарту төңірегінде өрбіді.

Асқар ОРЫН.

Суретті түсірген Мейірбек ТАЖҚҰРАНОВ