18.09.2020, 10:30
Қараулар: 65
Қолдау жастарды қанаттандырады

Қолдау жастарды қанаттандырады

Жаһанды жайлаған коронавирус індеті елімізде белен алып жатқан тұста ауданымызда бірде-бір жас жайбарақат отыра алмады десем, артық айтқаным болмас. Биылғы жылдың Еріктілер жылы деп жарияланғаны да жалынды жастардың ісіне серпін беріп, қарқын үстегендей. Ел басына қиын кезең туындағанда, жұртым деп жұмыла қызмет еткен еріктілердің нағыз ерлігі байқалды. Себебі, еріктілік — халқымыздың әдет-ғұрпымен сіңген қасиет.

Біз секілді еріктілердің және түрлі сала мамандарының еңбегі мен ерлігін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйек күні «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына жолдаған жолдауында ерекше атап өтіп, жігер мен зор жауапкершіліктің айқын үлгісін көрсеткендерге өзінің шынайы ризашылығын білдірді. Ерен еңбекті елеген Президенттің бұл алғысы – үлкен мәртебе.

Елбасы, «Nur Otan» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен төтенше жағдай мен карантин режимінде миллиондаған адамға азық-түлік пен тұрмыстық заттар себеттері таратылды. Игі істер жолында біздің еріктілер өздеріне төніп тұрған қауіпке қарамастан, бастарын бәйгеге тігіп, аянбай еңбек етті. Олар уақытпен санаспай, аз қамтылған және тұрмысы төмен бауырларымызға бар қолынан келген көмектерін көрсетті. Бұны мемлекет басшысы Отанға деген шынайы сүйіспеншіліктің шынайы көрінісі деп санады.

Жастарға артылған міндет мен үміт қай заманда да зор. Бүгінгідей ой жарыстыратын заманда қыз-жігіттердің санасын жетілдіріп, өз білім көкжиегін кеңейтуі аса маңызға ие. Осының бәрі баса көрсетілген Мемлекет басшының жолдауының жастар арасында үлкен қолдауға ие болуының өзі заңды.

Дәметкен ХАСАНОВА,

жастар ісі жөніндегі кеңесші-маман.

АЛМАЛЫ