18.09.2020, 10:36
Қараулар: 78
Халықтың тілегімен үндесті

Халықтың тілегімен үндесті

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа Жолдауында көңілге қонатын ұсыныстар, нақты пікір-тапсырмалар берілгенін құптаймын. Осының бәрі – кең-байтақ еліміздегі барша халықтың көкейіндегі ойларымен толық үндесіп жатқан мәселелер. Жолдаудың басты артықшылығы – осы, яғни, елдің талап-тілегімен жымдасып, қабысқанында.

Олардың қатарында індеттің салдарынан біраз шығынға ұшырап, шаруасы тежелген шағын және орта бизнеске демеуқаржының берілетінін, еліміз бойынша ішкі жалпы өнімде отандық бизнестің үлес салмағын 35 пайызға дейін жеткізу жөніндегі тапсырмасын, азаматтардың түрлі мұқтаждықтары, яғни, тұрғын үй, білім алу және ем алу үшін зейнетақы қорына жинақталған қаржысының белгілі бір бөлігін пайдалану мүмкіндігін иеленуі, тағы да басқа көптеген маңызды жаңалықтар айтқызылды. Ел ертеңін қамдауға қатысты пайымның парасаттылығы осылай көрініс тапса керек.

Мұғалімдер мен дәрігерлердің еңбекақы көлемінің өсуі, белең алған сыбайлас жемқорлыққа қарсы тойтарыс беру – қуана құптарлық шешімдер.

Алдағы бір жылдық кезеңге арналған салмақты шаралар мен нақты әрекеттердің бағдары ретінде берілген бұл Жолдаудың ерекшелігі – ол сараптамалық-талдамалық мазмұнының аса айрықша сипаты. Осыдан көріп отырғанымыздай, Мемлекет басшысының барлық бағыттарды қамтитын әр тапсырмасының астарында іргелі негіздеме мен қапысыз қисын жатыр.

Қысқасы, жаңа Жолдауды қарымды бастамалардың жиынтығы ретінде қабылдауға толық негіз бар. Оның жүйелі жүзеге асырылуы – елдің ертенгі күні кемелдене түсуінің кепілі.

Римма САРАНОВА,

аудандық кітапхана жетекшісі