18.09.2020, 10:39
Қараулар: 119
Киіздің құны жоғалмаса…

Киіздің құны жоғалмаса…

Бала кезімізден жадымда ерек сақталған ыстық естеліктердің бірі… Біздің көшенің алдында кең алаңқай болатын. Ауылда үлкен-кіші қай шара өтсе де, міндетті түрде осы алаңда бәрі жиналып, азан-қазан боп жататын. Қой тоғыта ма, әлде ауылдың жастары жиналып, сақманға шыға ма – шағын ғана ауылдың тірлігі осы алаңда қыз-қыз қайнап жататын. Қызықтың көкесі киіз басқанда еді, шіркін! Ала таңнан малды өріске айдап тастаған соң, он шақты кемпір жиналып алып, алдымен киіздің жүнін сабап, артынша шиге орап, ыстық сумен пісіріп, соңынан білектерімен олай да, бұлай итермелейді келіп… Сол жиналған кемпірлердің әрқайсысында кем дегенде екі-үш немереден бар. Баламыз ғой, әжелеріміздің тірлігін қызықтап, біз де жүнге оралып, ерсілі-қарсылы шапқылаймыз келіп. Мүмкін, кедергі келтіріп жатқан да шығармыз, бірақ бізге «тәйт» деудің орнына, ауылды кернетіп, қара өлеңдерін әуелететін еді-ау, пай! Әттең, бұл тек біздің бала кезіміздің бұлдыр сағымдары ғана. Ал қазір ше?!

Расында да, бүгін киізден жасалған дүниелерді Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамы мен арнайы көрмеден немесе мұражайдан ғана көреміз. Киіз төселген үйге кіре қалса, «шаң жинатып, қылшық қаптатып неге ұстап отырсың мына киізді» деп мұрнын шүйіретіндер де бар. Одан гөрі қымбат болса да, Араб,Түркия мен Ираннның түкті кілемдеріне құмарлығымыз күн санап артып келеді. Бірақ көпке топырақ шашудан аулақпыз, қайта ауылда ұлттың қолөнердің осы үлгісін әлі де сақтап, жастарға насихаттап жүрген адамдар бар. Соларды көпке үлгі етіп, өшіп бара жатқан өнердің ұшқынын лаулату – біздің мақсат.

Есенсай ауылының тұрғыны Сәуле Өмірзақова апамыз  киіз басып, құрақ көрпе тігіп, қыз жасауымен айналысады. Ата-бабамыздың өнерін жаңғыртып жүрген апамыз әңгімесін әріден бастап, алдымен киіз басудың қыр-сырымен таныс болдық.

«Менің әжем де, анам да киіз басатын. Ол кезде әр үйдің қорасында толған қой. Әжем мен анам қойдың жүнін өздері қырқып, тазалап алатын. Жылына екі мәрте қой қырқымында тау-тау жүн қырқылады. Ол жабағы, күзем деп аталады. Үкіметке өтетіні бар, үйге қалатыны бар, не керек кәдеге асырсаң, пайдасы жетерлік. Ол кездері  мен кішкентай ғана бүлдіршін едім. Анам мен әжем жиналған жүнді жуып тазартып, бізге қойдың жүнін сабатады. Қазіргі балаларды телефоннан ажырату оңай емес, ал біз болсақ, үлкендердің қасынан бір елі қалмай, киіз басудың қыр-сырын ұғына бастадым. Әр заманның өз талабы бар, киіз төсеу дегенді ескілікке санап, еденге төсеуді де қойдық. Соның ішінде жастар  киіздің құдіреті мен қасиетін етене түсіне бермейді. Еденге төсеуге, намыстанып, базарда  сатылатын  биттің қабығындай жұқа төсеніштерді жайып қояды. Әдемілігі көз тартса да, суықтан қорғап, аяқ астына жұмсақ бола алмайды ғой. Бұрындары қыз жасауына киіз басып, кілем тоқитын. Қазір ондай сұраныс жоқ болғасын, көптен киіз баспаппын. Бірақ үйге қажет  жүн өнімдерін жасап отырмын»– дейді Сәуле апа.

Оның  айтуынша, негізінен қойдың күзем жүні киізге жақсы және уақыты келгенде қойды суға тоғытып алып, жүні тазарған соң қырқады. Қырқылған жүнді іріктеп алып, одан соң сабауға кіріседі. Жүнді сабау үшін түзу талды дайындайды. Сабаумен жүнді соққанда, шаң-тозаңнан айырып, ұйысқан жері жазылып, желкілдеп шыға келеді. Тазартылып, соғылған жүн ғана киіз басуға келеді.

Киіз басудың дайындықтары біткен соң жүн басатын тегіс әрі таза жерге шилерді екіден қатарлап төрт немесе алты шиге дейін екі-үш шиден жұптап, біріне бірін жалғап көктейді. Шилердің ұзыны мен көлденең басылатын киізге жетерліктей етіп құрап алады. Сонан соң жасалатын бұйымның түрлеріне қарай қажет жүн таңдалып алынады.

Сонан соң жүн шабақтауға кіріседі. Жүн шабақтауға 2-3 әйел қатар отырып, жайылған шидің бір басынан екінші басына дейін жайып шығады. Содан соң бір басынан бастап жүннің үстінен 2 рет әр-түрлі түске боялған  жүн тартылады. Артынша ыстық су себіліп, жүн бастырылады. Су шашып, тазартқыш ұнтақ салумен қоса, жүн тартылған шидің басына жүнге тигізбей, шиге орап екі ұшын шидің екі басына шығарып ұзын жіп салынады. Тізгін жіп салынған соң ши дереу шиыршықталады. Бұл жұмыс барысында да ыстық суды үзбей тегіс құю  қажет.

Ши шиыршықталып болған соң екі басындағы тізгін жіптің ұшын бір-біріне қосып мықтап байлап, одан басқа жіптермен де шидің белінен 3-4 жерден қатты буылады. Жүнді .арқанмен ары-бері тартып домалатып, ыспалау қажет.Осылай кезек-кезек тартқанда ши ары бері домалап, жүннің бірігу барысын тездетіп, киіз дайындалады. Оны 2-3 күн кептіру қажет» –,дейді 12 немере-жиен сүйіп отырған өнерлі әже.

Бір қуанарлығы, бүгінгі күні ұмтылып бара жатқан халқымыздың қолөнерін қайта жаңғыртып, асыл мұраны ұрпақтан-ұрпаққа сабақтастырып жүрген жандар бар. Чапаев ауылының тұрғыны, өнерімен республикаға танымал Ботагөз Қанатова осы қолөнермен  айналысып жүргеніне 20 жылдың жүзі болған. Ата-бабасынан қалған асыл мұраны қолға алып, киіз басудың қазіргі заман үлгісіне сай етіп жасауды жөн көреді.

– Киіз бұйымдары елімізде сұранысқа ие болмағанымен, шетелдіктер оған аса қызығады. Бұған мен халықаралық ірі көрмелердің бірінде куә болдым. Қазіргі шеберлер бұйым жасауда кең ауқымда киізді пайдаланады. Перде безендіруде, тұтқыш пен ыдыс-аяқтың төсеніші, үй жиһазы мен еденге төсейтін кілемдер, тіпті киім де жасалады осы киізден. Қазіргі заманғы технологияны қолдана отырып, сан түрлі фактуралар мен маталарды үйлестіріп, небір өнер жауһарын жасауда. Менің мақсатым да сол – кенжелеп қалған өнерімізді қайта төрге оздырып, көптің арасында насихаттау», – дейді өнерлі жан.

Расында да, Ботагөз киіз өнерін дамыту бойынша облыс көлемінде бірнеше мәрте шеберлік-сынып, семинарларға қатысып, көптің арасында танымал болуына ықпал етуде.  Оның сөзінше бұрынғы киіз басу дәстүрі қазіргіге қарағанда күрделі, әрі қиын. Бұрынғы үрдіспен жасалған киізді бірнеше адам топтасып өңдейді. Оған қара қолдың күші керек. Ал замануи киіз басуда дайын тұрған шикізатты алып, оны шиге немесе бамбук таяғына орайды. Тазартылып, түтілген жүнді табиғи түрде өндірілген жібек матаға қосып, бекітеді. Содан соң түрлі оюлармен көркемдеп, тігіледі. Дайын киіз өнімінен шебер сөмке, киім, тақия, панно суреттер, жайнамаз, текемет, түскиіз, сырмақ, түрлі әшекейлерді дайындайды. Одан бөлек, құрақ құрау, өю өрнек төгу, гобелен тоқу, ағаш ыдыстарға түрлі суреттер салу, ұлтық нақыштағы кәде сыйлар жасаумен айналысады. Қазіргі заманда қыз-жасауына да киізден жасалған төсеніштерді қосуға сұраныстың да артып келе жатқанын айтып, бір қуантты өнерпаз.

«Бүгінде биязы қой жүні қат. Сапалы киіз өнімдерін жасау үшін басқа жүннің пайдасы шамалы. Ал кейбір адамдар қойдың жаз, қыс айларындағы жүндерін  қырқып, сатыққа шығарады. Бұндай жүн біріншіден, киіз жасауға келмейді, әрі оны тазарту ұзақ уақыт алады. Сондықтан басқа қаладан, тіпті кей кездері көрші мемлекеттен дайын таза жүнге тапсырыс беруге тура келеді. Әжелеріміз басатын киіз бен қазіргі заманның киіздері бір-бірінен тек сырт келбетімен ғана ерекшеленеді. Ал пайдасы жағынан киіз өз қасиетін әлі де жоғалтқан жоқ. Жылуды ұстап, салқынды өткізбейді. Сондықтан, көне өнерімізді жандандыру үшін  мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, маман даярлап, арнайы жүн өңдейтін цехтар көптеп ашылса, бәлкім, оның ғұмыры ұзақ болар ма еді», – дейді жеке кәсіпкер.

«Ел жетіліп, көркеймек. Өнер қанат жайғасын» демекші, Сәуле апамыздай, Ботагөздей жанашыры барда, бұл өнердің де бір тынысы ашылары анық. Әйтеуір, қолда барды оқсатып, жастарға кеңінен насихаттап, ұлттық өнерді өрге жетелесек екен.

Ләззат ӨТЕГЕНОВА