18.09.2020, 10:42
Қараулар: 96
Праймериз: жариялылық, әлеуметпен диалог

Праймериз: жариялылық, әлеуметпен диалог

Бүгінгі күнде жаңалықтарды таратудан, халыққа ақпарат жеткізуден әлеуметтік желінің оқ бойы озық тұрғанын мойындауымыз керек. Билік басындағылармен жағаласа жүріп, елден бұрын бар жаңалықты біліп отыратын қауқарымыз болса да, осы бір «праймериз» деген жаңа термин жайлы сол әлеуеті күшті Цукербергтің Facebook-інен естіппін өз басым. Партияішілік сайлауалды іріктеу науқаны екенін артынша естіп, біліп жатырмыз ғой. Осы желіде ең алдымен еліміздің бас партиясы — «Nur Otan» өткізгелі жатқан шараға қатысты  кереғар пікірлер зу ете шыққанына көп куә. Көрмейін десең де, «шолақ белсенділердің» қолдаушылары жапа-тармағай комментарийлерін үйген соң, лентаңның басына шығып, оқымасқа қоймайды. Солардың бірі праймеризді «мерез» сөзімен ұйқастырып жатса, енді бірі саяси іріткі таратуға ілік іздеп әлек.

Ал праймериз дегеніміз, шын мәнінде, не? Бұл науқан қалай жүргізіледі? Мақсаты қандай? Ақиқатты білгіңіз келсе, әлеуметтік желінің жалған ақпараттарын теріп-тергемей-ақ, осы мақаланы оқысаңыз да жеткілікті.

Өзге елде қандай қызық бар?

Сонымен праймериз деген ұғымға түсінік берсек. Әлемдегі бар құбылыс, түсініктің анықтамасын білетін Wikipedia праймеризді былай деп ұғындырыпты: «Партияішілік іріктеу  (алдын ала дауыс беру) — саяси партиядан бір үміткерді сайлау. Партияішілік сайлаудың жеңімпазы негізгі сайлаулар барысында өзге партиялардағы үміткерлермен тайталасқа түседі. Оның мәнісі – бір партияның үміткерлерінің негізгі сайлауда бір-бірінен электораттың дауысын иеленбеуінде. Жеңіліс тапқандар да өз партиясының қолдауынсыз, тәуелсіз үміткер ретінде негізгі сайлауға қатыса алады.

Ал «Праймериз» (primaries, primary election) терминінің өзі ағылшын тілінен аударғанда «бастапқы», «бастауыш» немесе «алдын ала» деген мағынаны білдіреді. Өзге елдердегі тәжірибеге көз жүгіртсек. Тарихтағы алғашқы праймериз XIX ғасырдың ортасында Еуропа, Азияның кейбір елдері және Латын Америкасында өткізіліпті. Германияның христиан-демократиялық одағы, Ұлыбританияның саяси күштері, Мексиканың революциялық партиясы, Канада либералдық партиясы бұл институтты сайлау қарсаңында жиі қолданады. Әсіресе, АҚШ пен Канаданың негізгі сайлаулары ішкі талас-тартыстан соң ғана ұйымдастырылады.

Праймериз өткізуге Аргентина, Уругвай елдерінде көп маңыз береді екен. Билік тұтқасын ұстағысы келетін тұлға өзі кандидатурасын ұсынар алдында праймериз арқылы сынақтан өтуі міндетті. АҚШ, Германия, Түркия сынды  мемлекеттер алдын ала сайлауды Конституциямен реттеген. Тіпті көршілес Ресей елінде де праймеризге кейбір жеке-дара партиялар 2000 жылдан бері жүгініп келеді.

Көшбасшылар бәсекелестік басым ортада қалыптастады

– Көпке белгілі, «Nur Otan» партиясы «Мықты лидерлер – Мықты партия» қағидасы негізінде партияішілік іріктеу өткізуді қолға алған болатын, – деп бастады сөзін партияның аудан филиалының бірінші орынбасары Айжан Нысанбаева, – Былтыр пилоттық жоба ретінде ұйымдастырылған праймериз Елбасының тапсырмасына сәйкес биыл еліміздің барлық өңірінде өткізілмек. 17 тамызда басталған, бірнеше кезеңнен тұратын партияішілік іріктеу – жетекші партия тарихындағы ауқымды жоба. Праймериздің басты мақсаты – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіндегі және барлық деңгейдегі мәслихаттардағы депутаттық корпусты қалыптастыру, партиялық желі бойынша ілгерілету, мемлекеттік органдардағы лауазымдарға үміткерлерді ұсыну үшін мықты көшбасшыларды анықтау. Бұл қоғамның дамуына өз үлесін қосуға ынталы, белсенді әрі тың идеялары көп азаматтар үшін таптырмас мүмкіндік екені анық.

Айжан Ғибатоллақызы праймериздің ережесіне тоқтала келе, бұл саяси шараның елімізде жабық форматта ұйымдастырылып жатқанына, яғни үміткерлердің арасынан үздігін тек партия мүшелері ғана дауыс беріп, таңдап алатынына тоқталды. 17 тамыз бен 3 қазан аралығында өтетін праймериздің ережесіне сай, 28 тамызға дейін праймеризге қатысатын барлық үміткерлер тіркелген. Оның айтуынша, алдымен аудандық филиалының партиялық кадрлық резерві тізімі жасақталып, 30 адам өз өтінішін берген. Олардың 16-сы бастауыш партия ұйымдарының арасынан іріктеліп алынса, 14-і өзін-өзі ұсынған үміткерлер.  Партиялық кадрлық резерв ережесіне сай партияішілік іріктеуге қатысатындардың 36,6% әйелдер, 23,3 % 35 жасқа дейінгі жастар және 1 көпбалалы ана.

– Бүгінде праймеризге қатысушылар өздерінің үгіт-насихат жұмыстарын бастап кетті. Олардың басым бөлігі әлеуметтік желіде белсенді, сол платформаларда өзінің аудиториясын жинап, сайлауалды бағдарламаларымен таныстыруда. Айталық, осындай жандардың арасында белгілі кәсіпкер Ақылбек Сағитов, танымал өнерпаз Дәурен Ғилманов, өзгелер де  бар. Сонымен қатар әрбір үміткер ауыл-ауылдағы тұрғындармен кездесіп, өздерінің бағдарламаларымен таныстырды. Таныстырып қана қоймай, елдің талап-тілектерін жинақтап, өздерінің жұмыс жоспарына енгізді. Айталық, күні кеше өткен алғашқы ашық пікірталасқа қатысқан алты үміткеріміз сол жиындарда халық көтерген мәселелерді ортаға салды. Бұл халық пен партия арасында ашықтықтың, жариялылықтың орнауы, кейбір бюрократиялық кедергілердің жойылуы үшін маңызды, –дейді А.Нысанбаева.

Әрине, мұндай додада тек үздіктердің ғана озып шығатыны кәміл. Ел алдында сабақты ой түзіп, халықтың көкейіндегі мәселелерді дөп басқан, суырылып топ алдына шығатын көшбасшыларды партияластары 3 қазанда дауыс беріп, іріктеп алады. Партияішілік іріктеу шарасы коронавирус пандемиясымен сәйкес келгендіктен тұрғындардың қауіпсіздігі үшін праймериздің дауыс беру кезеңі көптеген елдімекендерде  онлайн форматта ұйымдастырылмақ. Айталық, ауданда 2167 партия мүшесі болса, олар 22 бастауыш партия ұйымдарына біріктірілген. Осы 22 бастауыш партия ұйымының ішінде 8 бастауыш партия ұйымында, яғни Ақжол, Алғабас, Алмалы, Көнеккеткен, Бударин, Жаңабұлақ, Тайпақ, Чапаев ауылдарында онлайн түрде, қалған 14 бастауыш партия ұйымында оффлайн дауыс беріледі. Алдын ала болжам бойынша  1356 партия мүшесі онлайн, 14 БПҰ  811 партия мүшесі дәстүрлі түрде өз таңдауларын жасайды.  Аудан бойынша дауыс беру орындары да анықталған.

Егер сіз партия қатарында болсаңыз, праймеризге қатысушы үміткерге дауыс беру үшін Primaries.kz  сайтына тіркелуіңіз қажет. Қазіргі таңда аудан бойынша 1671 партия мүшесі сайтқа тіркелген.

#Мен праймеризге барамын

Праймеризге қатысуға өтініш білдіргендердің қатарында Абай атындағы мектеп-гимназияның ұстазы Әсел Ерментаева да бар. Бастауыш партия ұйымының мүшелері кандидатурасын лайықты деп ұсынған ол бүгінде үгіт-насихат жұмыстарын бастап кеткен. Алғашқы алтылықтың қатарында ел алдында бағдарламасын таныстырып, өзге партияластарымен сөзжарысқа қатысты.

– Праймериздің  тиімді тұстары өте көп. Біріншіден, бұл алыс ауылдардағы партияның қарапайым мүшелеріне өз ойын ашық айтып, өзін жан-жақты көрсетуге үлкен мүмкіндік. Екіншіден, өзім секілді үміткерлердің сайлауалды бағдарламалары арқылы ауылдық елді мекендердегі күрмеуі мол мәселелерді анықтауға, олардың шешілу жолдарын нақтылауға көмектеседі. Үшіншіден,бұл партияның ресурстары арқылы азаматтарға жасалып отырған саяси және әлеуметтік лифт. Бұл іріктеу жұмыстары арқылы нақты ұсыныстары бар талантты азаматтар мен өңірдің өзекті мәселелерімен таныс жаңа қоғамдық пікір иелерін бәсекелестік негізде анықталады. Сонымен қатар партияластардың арасында қызығушылық пен бәсекелестік туғызғаны да рас, – дейді Ә.Сатқанқызы.

Үміткердің сайлауалды бағдарламасына көз жүгіртіп шыққанбыз. Өзі білім саласында қызмет еткендіктен, алдағы жұмыс жоспарының басым бөлігіне ел болашағы – бала тәрбиесіне қатысты мәселелерді шешу жолдарын енгізіпті. Айталық, білім берудің барлық сатысында сапалы білімге қолжетімділікті қамтамасыз ету, мектептердің материалдық-техникалық базасын жетілдіру арқылы сапалы білім беруді қамтамасыз етуге маңыз берген ол елдімекендердің ауыз сумен үздіксіз қамтылуы, бұқаралық спортты, медицинаның қолжетімділігін де нысанаға алған екен.

Осындай ауқымды жобамен насихат жұмыстарына кіріскен Әсел сайлау қорытындысы қандай болса да, бар еңбек-тәжірибесін туған елінің көркеюіне арнайтынын айтады. Лайым, саяси додаға сайланып түскен әр үміткердің де тілегі осы. Іріктеудің де мақсаты осы —  бабы мен бағын сынап жатқандардың арасынан ел игілігі жолында ерінбей еңбек етуге бел буған азаматтарды таңдау.

Әлия ШАРАПИЕВА.