18.09.2020, 10:49
Қараулар: 366
Бекзат болмыс

Бекзат болмыс

«Ескі көздер бара жатыр азайып,

Олар жайлы ойламаудың өзі айып.

Ей, тірілер! Соларды бір еске алып,

Тебіренейік, толғанайық, жазайық», деп әйгілі Мұқағали ақын жырлағандай, тұлғалық келбеті, адами қасиеттері естен кетпейтін тұлғалардың өткен жолын, өнегесін жас буынға жеткізу солардың сөзін көрген, үзеңгілес қызмет еткен біздердің міндетіміз екені анық.

Тәуелсіз мемлекетіміздің қалыптасуы мен өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосқан қадірлі ел-ағаларының бірі, Ақжайық ауданының құрметті азаматы, өзі туған топырақта ерен еңбегімен өзіндік қолтаңбасын қалдырған Бағдат Хайруллин еді. Жылдар қаншама ұшқыр болса да, жақсы адамның аты жадыңда сақталып, ұмытылмайтыны, қайта оның бейнесі мен келбеті, даналығы мен даралығы алыстаған сайын биіктей беретін тау тәрізді тұлғалана түсері сөзсіз. Ал осы «Таулар алыстаған сайын биіктей түседі»деген даналық дәл Бәкеңе арналғандай-ау деп ойлаймын. Жан-дүниесін ізгілік және адамдықпен нұрландырған, пайым-парасаты мол ел ағалары бұл фәниден бақиға аттанғанда, оны қимастықпен еске алған көпшіліктің «жақсы кісі еді» дейтінін естиміз. Міне, енді әрдайым қасымызда жүрген атпал азамат, жұмыстас, білікті басшы болған Бәкең жөнінде де өткен шақпен айтуға мәжбүрміз.

Ол 1950 жылы Чапаев ауданының Киров ауылдық кеңесіне (қазіргі Алғабас аулдық округі) қарасты Қарағай ауылында дүниеге келген. Осы ауданның «1-Май»ұжымшарындағы мектеп-интернатта орта білім алған ол Батыс Қазақстан ауылшаруашылық институтын зоотехник мамандығы бойынша 1973 жылы бітіріп, алғашқы еңбек жолын Чуйков атындағы ұжымшарда бастады. Әрине, ауыл шаруашылығы, соның ішінде мал шаруашылығы – кез-келген жанға бағына бермейтін, тек жілігін шағып, бар қиындығына төзе білген мамандар өркендете алатын  аса бір ауыр сала. Себебі мұнда келген жан демалыс деген мүлдем ұмытып, жыл он екі ай қарбалас бір бітпейтін жұмысқа араласады. Жас маман өзінің институтта алған білімін осы салада тәжірбиесі мол еңбеккерлермен тығыз байланыста болып жетілдірді. Бәкең мал шаруашылығын дамыту үшін ең бірінші кезекте малшы қауымның тұрмыстық жағдайын жақсартып, мал үшін жайлы қора-қопсы, сапалы жемшөп қорын жасақтау – басты міндет екенін ұғынып, осы бағытта тынымсыз еңбек етті. Әрине, бұның  бәрі бірден және оңайлықпен бола қойған жоқ. Бірақ жас маман өзінің берік ұстанымының арқасында  көздеген мақсаттарына қол жеткізді. Ұжымшардың ауқаты артып, сол жылдары айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді. Игілікке үлес, азаматтық қолтаңба деп осыны айт.

Қызметінде мін жоқ, іскерлік пен шеберлік, халықпен сауатты жұмыстың үлгісін көрсете алған Бағдат Мұхамбетқалиұлына сол кездегі басшылық еш секемденбестепн  жауапты қызметтерді сеніп тапсырды. Көз жүгіртіп көрейікші. 1977-1978 жылдары Чапаев аудандық комсомол комитетінің хатшысы, аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, 1978-1982 жылдары «Родник новый» ұжымшары партия комитетінің хатшысы, 1982-1983 жылдары Чапаев аупарткомының бөлім меңгерушісі, 1983 жылдан Чуйков атындағы ұжымшар басқармасының төрағасы, сосын, яғни дүниенің мүлдем басқа дүбірі естіліп, әр күн күтпеген сынағын алға тосқан 1987 жылдан бастап алдымен Чапаев аупарткомының екінші хатшысы, көп ұзамай көршілес аудан- Тайпақ аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметтерін атқарды.

Талапшыл басшының өз ісіне, бұқараның күшіне сендіре алатын ұйымдастырушылық қабілеті Первомай кеңшарын басқарған кезде анық көрінді. Ол мал шаруашылығы бағытында қызметін өрістеткен шаруаларды жаңа бағыт — өндіріске қарай бейімдей бастады. Қыша егіп, оның дәнінен май өндіріп, байпақ цехын, ұн өнімдері цехын ашамыз, алаша тоқып, соның бәрін сатып, пайда табамыз дегенде, кеңшар басшысының сөзіне сенген адам бірен-саран шығар-ау кәміл. Әйткенмен, оның уәдесіне сенді, күшіне арқа сүйеді. Ауыл маңында үлкен алма бағы болғандығы көптің есінде әлі. Сол бақтың алмаларынан шырын, джем жасап, оны да саудаға шығарды. Жалпы есеппен алғанда шағын ұжымшарда көлемінде сол кездің өзінде 12 өндірістік цех жұмыс істепті. Облыстық мәслихатқа депутат болып сайлануы – дүдамал шақта сенім артқан, сенімін ақтаған басшысына деген жерлестерінің алғысы екені сөзсіз.

1998 жылдан Чапаев және Тайпақ аудандарының ізінде құрылған Ақжайық ауданы әкімінің орынбасары болды. Бағдат Мұхамбетқалиұлының бұл бай еңбек жолының әсіресе 80-ші жылдардың екінші жартысынан кейінгісі «аттың жалында, түйенің қомында», яғни заман тоқсан қат-қабат қиыншылықтармен арпалыста өткенін егжей-тегжей айтып жату артық. Таршылық, тапшылық қос өкпеден қатар қысқан «байтал түгілі бас қайғы» небір кезеңдерді әлеумет бек жақсы біледі. Бәкең мұңайған ағайынды медеді, жылағанды жұбатты, мұқтаждық қысқан жанұяларға барынша көмек көрсетуге азаматтарды жұмылдырды, «түн қатып, түс қашты» талай күндерді бастан өткерді. Кішілігі кісілігінен, ірілігі ісінен, адамдығы әділдігінен көрінді. Жаңалыққа жаны құмар, әр істің ыңғайын терең ойлайтын оның халық әрдайым қолдайтын.

– Бағдат Мұхамбетқалиұлының тиянақтылығы, тірліктің қыр-сырына байыпты бойлай білетіні талай жас мамандарға ерекше үлгі болды, — дейді еңбек ардагері, Ақжайық ауданының құрметті азаматы Ғибатолла Тілебалиев. -Тайпақ ауданындағы лауазымды жұмысында жүргенде жаңа баспаналар тұрғызу үшін Ресейден құрылыс материалдарын жеткізуге өзі бас болып шапқылады. «1 Май» шаруашылығын басқарған кезде жаңалыққа жаны құмарлығы жарқырап көрінді. Мұнда түрлі азық-түлік, бұйымдар өндіретін шағын цехтар дүниеге келіп, ауыл тынысына серпіліс әкелді. Бұл тәжірибе бүкіл облысқа таралды. Ғасырлар тоғысындағы сондай соны істердің біразы кейін тарихқа кеткенімен, аудандағы кәсіпке бейім жандарға ой салып, оларды алға жетелегені кәміл.

Бәкең Ақжайық ауданында басшылықта болғанда, мен «Алғабас»кеңшарында партия ұйымының хатшысы болатынмын, сосын Алғабас ауылдық округі әкімі қызметінде де ұзақ жыл жұмыстас болдым. Бұл мезгіл еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдар еді. Жер-жерде жаппай жұмыссыздық жайлап, зейнетақы, еңбекақы айлап кешігіп, ауыл-аймақтың түгел тұралап қалған уағы. Міне, осы уақытта Бәкеңнің біліктілігі, ұйымдастырушылық қабілеті, елмен етене байланысы, бір сөзбен айтқанда, тынымсыз еңбегіне өзгелермен бірге өзім де куә болдым. Сонда байқағаным, күш-жігерін, уақытын ел игілігіне сарқа жұмсағанының арқасында көптің арасында асқан құрметке ие жан-тұғын. Қанша жыл билік басында отырса да, қоғамдық мүддені жеке бастан жоғары қойған адал еңбектің нәтижесі де бұл. Ары таза, жаны таза иманды азаматтың алдында ауыл-елге игі жаңалық, берекелі істер жасасам деген ниеттің лебі есіп тұратын әр қимылынан.

Балалық шағымыздан құлынтайдай тебісіп, бірге өскендіктен, оның адамдығына, азаматтығына қанықпын. Намысын отқа жанығандай, төңірегіне бір жақсылық жасауға құлшынып жүретін. Сол мінезі  азамат болып қалыптасқанда да одан бетер жарқырап көрінді. Іске берілетіні сондай, тіпті жеке шаруасы жайына қалатынына талай мәрте куә болдық.

Даламыздай дархан мінезі, әркімге шалқар шапағаты, ұтып сөйлейтін әдемі әзілі, ерекше риясыз күлкісі әлі есімде. Әр кездесіп амандасқанда «Батыр, халың қалай? Не жаңалығың бар, ел-жұртың аман ба?» деген сөзінен үнемі жылылық есіп тұратын.

Қазақта кісілігі келіскен ер азаматты көрсе: «оның әкесі жақсы адам еді, өнегелі жерден шыққан» деп бағалап, тектілігін меңзейді. Бәкеңнің әкесі МұхамбетқалиХайруллин 20 жасында ауылдық кеңестің тізгінін ұстаған, партбюро хатшысы, саяси бөлім басшысы, төрағасы болып ауданымызда онға жуық шаруашылықта табандылықпен еңбек еткен жан. Мәселен, 1955-1960 жылдары Чапаев ауданындағы«1-Май»ұжымшарын басқарды. Шағын ғана ұжымшардың шаруашылығын өрге сүйреп, облыс көлемінде танытқан басшы болғанын бала болсақ та, көре қалдық. «Әке көрген оқ жонар» деген емес пе атам қазақ. Әкелі-балалы Хайруллиндердің ел игілігіне атқарған орасан қызметін сол шаруашылықтың халқы әлі күнге аңыз қып айтады. Ата-анасынан сіңген игі қасиеттер Бәкеңнің адами тұлғасының қалыптасуына  азық болды. 40 жылдан астам ел басқару тізгінін ұстаса да, қарапайымдылығымен халқының сүйіктісі бола білгенін әкеден берілген қарым-қабілет деп ұғынған жөн. Әрі сол қабілеттерді ұштай түсіп, «Арғымаққа міндім деп, артқы топтан адаспа» деген нақылды өмір бойы жадында сақтап, нағыз адал жанды азаматтың өзі екендігін өмірде таныта білді.

Ал, осы аяулы жанды еске алғанда, оның өмірлік серігі, әулеттің мақтанышына айналған Сәуле Сағидоллақызы туралы да ойымды айта кетуді жөн санадым. Ол Бәкеңнің шаңырағының құт-берекесін келтіріп, отағасының еш нәрсеге алаңдамай еңбек етуіне барын салған ерекше жан. Көргенді келін шаңыраққа зор бақыт сыйлады, дүниеге ұл-қыз әкеліп, тәрбиеледі. Әулеттің өрісін кеңейтті, күні бүгін немере-жиендерінің ортасында отырған сүйікті әже. Бағдаттың қадірлі Бәкең болып, дарабоз атануына жары Сауленің үлесі зор. Бәкең де ұрпағының өмірден өз орындарын тауып, елінің қажетіне жарар азамат болуын бек назарда ұстаған әке. Оларды мәдениетті, қазіргі өмірге бейім, бәсекеге қабілетті, ұқыпты және мейірімді болуға тәрбиеледі. “Мен бақытымды – адал еңбек пен сүттей ұйыған отбасымнан тапқан адаммын!» деп сәл жымиятын да сол Бәкең.

Әттең, қымбатты да, аяулы досымызбен бірге сырласып, әлде де бірге жүруді жазмыш бұйыртпады. Егер Бәкең арамызда болса, елінің, ұрпағының ортасында 70 жасын тойлаған болар еді. Бірақ біз оның рухымен біргеміз. Өнегелі өмір жылдары, халық мүддесі үшін атқарған еңбегі жоғалмайды.

«Тірі өледі, жер қойыны жатағы, ізі қалар жақсы болса атағы»деп, Жүсіп Баласағұн айтқандай, еліне қалтқысыз қызмет атқарған Бағдат Мұхамбетқалиұлының есімі  ел-жұрты барда мәңгі жасайды.

Ержан ҚАБДОЛЛИН

Алғабас ауылы.