18.09.2020, 10:53
Қараулар: 116
Нан иісі

Нан иісі

Асылы, әйел затының қолы тиген жер гүлденіп шыға келеді. Бұрын осы тәмсілді отбасы, шаңырақтың береке, бала тәрбиесіне қатысты айтсақ, бүгінде бұл түсінік іскерлік әлемінің де бір қағидатына айналды, яғни бизнес ортаға да жат емес. Солардың өнегесін насихаттап, халыққа жеткізу – баспасөздің бір міндеті. Еңбек адамдарының табыс хикаясын жария ететін бұрынғы әдетімізбен бүгін ауылда берекелі істі қолға алып, іскерлігімен, табандылығымен елдің ризашылығын иеленген аруларымыз жөнінде сөз етпекпіз  бүгінгі мақаламызда. Ал, тұтас ауылды қазақтың дастарханындағы ас атасы – нанмен қамтамасыз етіп отырған нәзік иықтыларымызға қандай қошемет те артық емес секілді.

Бұл мақалада осындай бір емес, екі мысалға тоқталсақ. Көнеккеткендік келіншек Айша Анесованың нан пісірумен айналысқанына бір жылдың жүзі болды. «Адам өз өмірін өзі қалайды, — дейді кейіпкеріміз, – біз мектепті бітіргенімізде аумалы-төкпелі кезең ғой. Толыққанды білім алып, жұмыс істеудің реті келмеді. Өзім жұмыссыз, бір жолдасымның жалақысы. Жолдасым Жанғали Әнесов ауылдық әкімшілікте күзетші болып қызмет атқарады. Шаңырақта 1 қыз, 3-ұл өсіп келеді, бәрі де мектеп жасында. Кіріс – тек отағасының жалақысы ғана. Дегенмен, тек талпынған ғана мұратына жетеді. Ал еңбек етемін, қолымнан іс келеді деген жанға мемлекетімізде қолдау зор. Мемлекеттік бағдарламаның шарапатын көрген жандардың бірімін. 2018 жылы  колледждің аспаздар даярлайтын курсында шәкіртақы төленіп, әрі болашақ кәсібіміздің негізін қалар білім алдық».

Аспаздықтың қыр-сырын толық меңгерген Айша ауылға келген соң,  тәуекелге бел буып, шағын ғана қаражатпен өз ісін бастап кетті. Сондағы алғаны – 1 қап астық қана. Алғашында үйден күніне 20-25 бөлке нан пісіріп, дайындай бастаған. Сол күні ақ Айшаның оттан енді түскен нанын ауыл жұртшылығы қылдай бөліп алып, алғашқы табысына дастарханын жайнатып, тәттімен толтырғаны әлі есінде. Арада ай емес, бір-екі апта өткен соң-ақ, дәмі ерек өнімін ауылдастары «Айшаның наны» атап кетті.

«Жақсының жақсылығын айт» деген, ауылға іссапармен келген облыстық «Ақжайық телеарнасының» түсірілім тобын округ әкімі Ұлдаш Қадырғалиева Айшаның шағын наубайханасына ілестіріп әкеліпті. Сондағы ойы – іскер жанның өнегесі  теледидардан көрініп, жалпақ жұртқа жария болсын дегені. Көп кешікпей Ұлдаш Зайдағалиқызы Айшаға мемлекет тарапынан шағын бизнесті қолдау мақсатында грант, яғни қайтарымсыз қаражаттың бөлініп жатқандығын, егер құжаттарын тапсырса, сол қаражатты иеленудің мол мүмкіндігі бар екенін айтады. Тек айтып қана қоймай, бағыт-бағдарын да түсіндірген осындай округ басшысы қай ауылға да артықтық етпейді.

Қай мүмкіндікті де қалт жібермейтін Айша тосылмай, бар қажет құжаттарды жинап, жұмыспен қамту орталығының алдынан бір шығады. Бағына қарай ұсынған бизнес-жобасы арнайы комиссияның қолдауына ие болып, 250 мың теңгені кәсібін өркендетуге алады. Бұл қаражаттың үйдің ішінен ашылған шағын наубайхананың жұмысын жандандыруға ықпал еткенін айтып жатудың өзі артық болар. Нан пісіруге арналған пештер, шикізат өнімдері: астық, ашытқы ұнтақтарын молынан алып, қарқынын үстей түседі. Ұшқынға сәл леп берсең, маздап кететініндей, біреу үшін мардымсыз боп көрінетін қаражат наубайшының кәсібін өрге сүйреді. Айшаның бұл  бағдарламаға және осыған қатысуға жөн сілтеген округ әкіміне, құжаттарын реттеп, көмек берген орталық мамандарына айтар алғысы зор. Тағы да осындай жобалар болса қатысып, бөлек ғимарат жасақтау да жоспарында. «Кәсібімнің аясы кеңейсе, әрине, бір өзімнің жұмысты алып жүруге қауқарым жетпесі анық. Ауылда жұмыссыз жүрген өзім секілді келіншек бар, соларды жұмыс орнымен қамтып, өз нәпақасын табуға біраз септігім тиер еді» деп бөлісті ойымен келіншек.

Көнеккеткеннің тұрғындары ала таңмен ыстық нан алуға Айшаның үйіне қарай ағылады. Бағасы да қол жетімді қолжетімді. Ендеше алда да өзі айтқан белестерді еңсеруіне біз де тілекшіміз.

***

Екінші кейіпкеріміз Бибігүл Сапарбаеваны «Еңбектің адамы» десек, бүкіл жаңабұлақтықтардың келісетіні анық.  Уақыты барлар бұрын нанды үйден пісіріп, уақытын жұмысы мен отбасына шақ жеткізетіндері аудан орталығынан таситын олар ыстық нанын күнде саудаға шығаратын ауылдасына дән риза.

Аздап өткен күнге көз жүгіртсе… 2011 жылы осы ауылдың азаматы Ернар Жүсіповпен көңіл жарастырып, Ақтөбе облысынан келін болып түскен ол бірден аспаздық қабілетімен, әп сәтта дастарханның сәнін келтіретін дәмді тағамдар пісіретін өнерімен көрші-көлем, ағайын-туманы тамсандырды. «Бибігүлдің нанынан дәм татып кетейік деп едік» деп бас сұғатын кейбір ауылдастардың әрекетін бүгінде күліп еске алады ол. Ошақ басы, оттың қасында жүре берер ме еді?! Былтыр шаңырағындағы отырыстардың бірінде ауылдастары ұсыныс тастамаса… «Сен неге нан пісіріп, ауылға сатпайсың? Бәріміз де алар едік, әрі өзіңе де кәсіп, жақсы табыстың көзі. Қазіргі заман сендердей пысықтардікі. Алғырсың ғой, ертең-ақ кәсіпті шыр айналдырасың», -депті бір танысы. Кейіпкеріміз осы сөздерден кейін қалай ойланбасын?! Ауылдастарының өтініштерімен кейде қонақтықтарға тәтті-жұмсақтарын пісіріп беретін, бірақ таныс болғасын қызметіне пұл сұрап көрмеген ғой, алғашында көңілін қорқыныш билегені де рас.

Бұл кәсіпті  қолға алсам, бар қаражатымды шашып алып, түксіз қаламын ба? Нан пісірейін делік-ақ, бірақ ол көптің көңілінен шыға қояр ма? Пісіріп алып, өтпей қалса, не істеймін? Әйелді осындай сұрақтар мазалап, біраз әуреленді де. Артынан отбасымен ақылдаса келе, алғашқы нандарын үйден пісіріп, саудаға шығара бастайды. Бірінші күні  10-15 бөлке пісірген ол өнімінің бір-екі сағаттың ішінде өтіп кеткенде біраз таңқалыпты. Алғашқы табысын санап, әмиянына салған Бибігүлдің сол қуанышына бүкіл отбасы ортақтасқан-ды. Енді  шаруаны шатқаяқтатпай, әрі қарай жалғастыру керек. Әрі үйінің іргесіндегі дүкен иесінен де нанға сұраныс келді. Тек енді ерінбей еңбек етіп, соның бәріне үлгеру қажет. Жаратылысынан пысық келіншек жалғыз өзі уақытында тапсырыстарды уақтылы орындап үлгерді. Бірте-бірте жұмысы бірізділеніп, тұрақты тұтынушылары пайда болған соң, ол самса пісіріп сатуға да кірісті. Бұл өнімін де жаңабұлақтықтар «алақайлап» талап алып кетті.

Кәсіптің көзін тапқан озады, нан, самсасын самсатқан Бибігүл енді ауылда өтетін той жиындарға тапсырыспен кондитерлік өнімдер дайындауға да кіріседі. Қазіргі елдегі жағдайға байланысты тойларға тиым салынып, тәттілерге сұраныс азайды десек те, балалардың туған күні, жақын жуық жиындарына аракідік тапсырыс беретіндердің легі үзілмепті.

Бірде Бибігүл Интернет желісін қарап отырып, Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы арқылы несие немесе грант беріліп, ауылдағы кәсіпкерлікке қолдау жасалатындығы жөнінде ақпаратты көреді. Кәсібін кеңейту бұрыннан ойында болатын, алып-ұшып мән жайды толық білу үшін ауылдық кеңсеге келеді. Бұл жерде ауылдық округтің әкімі Асылан Биғалиевпен ақылдасып, құжаттар жинап, аудандық жұмыспен қамту орталығына әкеліп тапсырады. Алдымен кәсіпкерліктің негіздерін оқытатын бизнес-дәрістерге қатысып, осында бизнес-жоспар жасақтайды. Және бизнесті тек біржылға ғана емес, 3-5 жылда қалай дамытуға болатынын да үйренеді. Оқуды сәтті аяқтаған Бибігүлдің бизнес-жобасы грантқа лайықты деп табылып, нәтижесінде 555 000 теңге грантты иеленеді.

Міне осы қаржының көмегімен ол кәсібіне керекті нан пісіретін үлкен пеш, жоғарғы сұрыптағы ұн, самсаға қосатын түрлі дәмдеуіштер сатып алады. «Қалауфн тапса, қар жанар» деген, істің тетігін дөп басқан нәзік жандының кәсібі осындай қолдаудың арқасында өрістеуде.

— Менде демалыс деген жоқ. Сенбі, жексенбі күні де істей беремін. Сұраныс артқан сайын, табыс та еселене түседі. Сондықтан халықтың көңілінен шығу керек, – дейді Бибігүл Сапарға кәсібінің қыр-сырын түсіндіріп.

Бүгінде Бибігүлдің жары Ернар Атырау қаласында вахталық әдіспен еңбек етуде. Шаңырақтақта қос бірдей ұл өсіп келеді. Үлкені биыл 3-сыныпқа барса, кенжелері даярлық сыныбына аяқ басқан. Отбасының да берекесін шалқытып, кәсібін де өркендетіп отырған Бибігүлден бұл жетістіктерінің құпиясын сұрағанымызда: «Табыс сыры – төзімділікте. Жұмыс оңай емес, әрине. Бірақ несібе өздігінен келе бермейді ғой. Тура жүріп, адал еңбек етсең ғана, түбі қайтарымы болады. Болашаққа межелеген жоспарымыз зор. Соған жету үшін маңдай терімді төгіп еңбек етуім керек», — дейді сәл жымиып.

Әсет БИСЕНҒАЛИЕВ.