18.09.2020, 10:56
Қараулар: 41
Дарабозы Жайықтың, дауылпазы…

Дарабозы Жайықтың, дауылпазы…

Жұбанның поэма жазу дәстүрі, шығармашылығының жетілу, толысу кезеңдері туралы көп айтылып та, жазылып та жүр. Ал ақын шығармашылығының шарықтау шегі, көркемдік сапасының жарқырай көрінген тұсы бұл – «Мен – қазақпын» поэмасы. Дастанның алғашқы жолдарын оқығаннан-ақ өзінің жігерлі де жинақы интонациясымен, бұрын басқаларда ұшыраса бермейтін ерекше ұйқасымен, мазмұн мен пішіннің асқан шеберлікпен үндесуімен кез-келген оқырманды еліктіріп әкететіні рас. «Мен – қазақпын мың өліп, мың тірілген» деген сөз кестесі жай ғана өлең тармағы емес, ол көркем пішімі ақынның өзі айтқандай мың да бір рет сүзгіден өтіп барып, терең ой мен бейнелі сөзге айналған қанатты сөз. Егер осы жолдарға мағынасы жағынан қарар болсақ, тұтастай айтар ойы метафоралық сипатқа да ие. Әрине «Мен – қазақпын» деген құлағымызға жаттанды болып сіңісіп кеткен біздің ұлт өкілдері үшін қалай метафора болады деген ой туындауы да мүмкін. Ал бұл шығарманы оқитын басқа ұлт өкілдері үшін ол шынында да метафора. Өйткені құбылтудың «ауыстыру», «сөз мәнін өзгерту» мағынасы бар екендігін ескерсек, аталған өлең тармағы толығымен метафора болып шығады. Оны осы поэманы орысшаға аударған Р. Казакова да мойындайды. Ал адамның сәби кезін «жөргегім», қайғы-қасіретін «жылағанда» деп мағыналық жағынан жандандыра құбылту (мұнда метафоралық та, метонимиялық та мағына да бар) өлеңге тек поэтикалық сипат беріп қана қоймай, оның мәнін тереңдете түскен. Сондықтан да бұл дастанды кез келген адам мақал сияқты қабылдайды.

Мен – қара көз сұлумын, сайтан қызбын,

Сайрай қалсам тілімнен бал тамғыздым.

Сүйер болсам, өмірдей өле сүйдім,

Қас батырмен қайрасқам балтам жүзін.

Осы үзіндіде бірнеше эпитет топтала келіп, тұтастай метафораға айналып кеткен. «Қара көз сұлу», «сайтан қыз», «қас батыр», «өмірдей өле сүю» деген эпитеттер қазақ қызына тән айрықша сипаттарды айқындап қана қоймай, көз алдымызға оның ұлттық қасиетінің, мінезінің, қылығының әсерлі де, әсем суретін елестетіп тұр. Ақын жырындағы сөз мағыналарының өзгеше қалыпта, жаңа баламалар арқылы берілуі өлеңнің формасын ғана әрлеп тұрған жоқ, оның бейнелік сипатын да тереңдете түскен. Ақын жырында қылықты қыз сөйлемейді, бұлбұлша сайрайды, ол жай ғана сөйлемейді (сөздің дәмін ғана кіргізіп қоймайды) – тілінен бал тамызады, батырлармен жай ғана шайқаспайды – балта жүзін қайрасады. Бір шумақ өлеңнің өн бойына  ақын бейнелілік қасиеттің бәрін сыйдырған. Ал мұны қалайша ақынның шеберлігі демеске…

«Метафоралық ойлау – тек бүтін бір ойлау жүйесі емес, сонымен қатар ауқымы бойынша шектеулі және үнемді. А.А. Потебня айтқандай: (бұл жалпы образға бағытталған), метафора бізге «толып жатқан әр түрлі ойларды басқа ойдағы заттармен алмастыруға» мүмкіндік береді. Ойды жеткізудің үнемді, белгілі бір деңгейге дейін «сығамдалған», «қысқартылған» түріне мақалдар жатады».

Жұбан жырларында адам жадында жатталып қалатын қанатты сөздер де молынан ұшырасады. Мысалы: «Сүйгенге сүйе білген еркелейді», «Дарынсыз адам – даңқ құмар», «Алдында махаббаттың тас жібиді», «Сүйген қандай, сүйікті болған қандай», «Ер жоқта ергежейлі ерсінеді» – деген сияқты ойға қонымды, тілге жеңіл тіркестер көптеп кездеседі.

Метафоралардың кейбір кез келген адамның ойына орала бармейтін тамаша нұсқаларын да Жұбан поэмаларынан кездестіреміз:

Дертіммен емдеп дертімді,

Дәрігерім өзің бол енді.

Өлеңнің бір тармағындағы екі «дерт» деген сөздің айтылуы бір болғанымен мағыналық жағынан алшақ, бірақ бірін бірі толықтырып, суреттеліп отырған құбылысты айқындап, көріктендіре түскенін байқаймыз.

Бақыт та даяшы боп тұр қасымда,

Адам жанын суаруға жаралған,

Ақын атты мәңгі бақи мұраптар,

Титтей бір көшірмесі жүрек күннің,

Немесе алып түрі күн жүректің.

Жұбан поэмаларында басқа ақындарда көп ұшыраса қоймаған тың эпитеттер де баршылық: «жігіт от», «отты күй», «қылаң жол», «дығал таулар», «дыр дала», «қобалжың көңіл», «бурыл дауыл», «атам дерт», «емсіз ғашық» деген ғажайып тіркестер ақынның көркемдік бояуларының байлығын танытады.

Көрнекті ғалым З.Ахметовтің мына бір пікірінің ақындық өнердегі сөз суреттілігін тереңдей зерделеуден туғандығын аңғарамыз. «Поэзиялық шығарманың тіліндегі жаңалық, соны белгілер өз алдына оқшау тұрған нәрсе емес, поэзияның табиғатына, мазмұнына тән, поэзиялық-ақындық дүниетану жүйесіне, айналадағы өмірді қабылдап, сезінуге тән тың, жаңа сипат ерекшеліктердің көрінісі», – дейді.

Әр ұрпақтың, уақыттың заңдары бар,

Әр таудың да асуы, заңғары бар.

Әр сапардың, әр жолдың ақыры бар,

Әр бір күннің кеші мен таңдары бар.

Осы шумақтың алғашқы сөздері (әр) мен соңғы сөздері (бар) қайталанып келіп отыр. Мұндағы әр тармақтың алдындағы сөз қайталануын әдепкі қайталауға жатқызуға болады. Ал сөз соңында қайталанып келуін қай қайталауға жатқызамыз? З. Қабдолов өзінің «Сөз өнері» еңбегінде оны кезекті қайталауға жатқызатын секілді. Бірақ бір шумақ өлеңнің әр тармағының алғашқы және соңғы сөздердің қайталанып келуі аталған еңбекте қарастырылмаған. Өлең сөздің теориясына қатысты басқа зерттеулерде де мұндай қайталаудың сыр-сипаты ашып көрсетілмеген. Бұл қазақ поэзиясында сирек кездесетін құбылыс.

Ақын шығармаларын оқи отырып мақал-мәтел, тұрақты тіркестердің сыртқы пішінінің өзгеріп, поэзия заңдылығына сай қалып тапқанын аңғарамыз. Оларды сол күйінде қоя салмай, өзінше өңдейді, әдемі инверсияға айналдырады. Мысалы, «Халықпыз – қасын да аспен кесектейтін», «Қорқақтар бір аттаса, он бұғады», «Жақсыдан салт қалады, ат қалады», «Ілінер – дейді жөргем де, жылжыған, жүрген аяққа», «Көсілсін көрпеге сай арыс-алып» т.б.

Ақын поэмадағы жыр жолдарында ғылыми атауларды, техника құралдарын өлең нақышына өте жатық үйлестірген. Мәселен, Королевтің жасап жатқан кораблін суреттеудегі көріністен байқауға болады:

Ғалымның есіл-дерті тұңғышында,

Шаншылған ақ найзадай шыңға ұсына.

Ғалым ойынан туған ғажайып жаңалық оның тұңғышына теңелсе, ракетаның сүйірленген ұшы найза ұшына баланады. Мұндағы ұйқас үйлесімі де өзгеше.

Кейде эллипсис адамның ішкі халін, қиын-қиын көңіл күйін, шым-шытырық оқшау сезімдері мен ұғымдарын, шытырман психологиялық иірімдерін аңғарту үшін де жұмсалады. Ала-құла ой, қиыр-шиыр қиял, әрі-сәрі түс, кейбір қияли кісінің оқыс күйініш-сүйініші – осылардың бәрін элипсис арқылы беруге болады.

…Сонау бір соғыс жылдары

Жас ана жасын тұр сүртіп.

Айшықтау үлгілерінің бірі сұрай арнау үлгісінің өзге (жарлай арнау, зарлай арнау) түрлерінен айырмасы мұнда қойылған сұраққа ешқашан жауап күтілмейді, себебі арнаудың өн бойынан барлық жағдай түсінікті сезіліп, көрініп тұрады. Кейде бұл арнау түрін шешендік (риторикалық) арнау деп те атайды. Ақынның «Жыр туралы жыр» поэмасының өн бойынан осындай арнау түрін көптеп кездестіреміз. Себебі бұл поэмада Мұсаның өз-өзімен сырласатын, өзін-өзі қайрап жігерлендіретін психологиялық халі жиі суреттеледі.

Ақын ше? Ақын не күйде,

Зарықса жары хат алмай?

Жалтақтай берді жыр неге,

Айтуға ашық бата алмай?

Сұрау арнау арқылы жасалған бұл жолдар «Жыр туралы жыр» поэмасының бас кейіпкері Мұса Жәлелдің адами келбетін сомдауда әжептеуір көркемдік қызметке ие болып тұр. Жалпы Жұбан поэмаларының тіл көркемдігін бір ғана мақалада саралап, талдап шығу мүмкін емес.

Ж. Молдағалиевтің қай өлеңін оқымайық, оның сырлы ойынан танымың кеңейіп, сұлу сөздердің үйлесімді гармониясына елітіп, өмірге деген құштарлығыңның арта түсетінін өзің де байқамай қаласың. Өйткені ол саған мынау шексіз әлемнің әр алуан проблемасын ұсынады, соған оқырманын араласуға үндейді, ең болмағанда сол мәселе туралы ойландыруға ықпал етеді.

Ал мұның бәрі ең алдымен ақынның жүрегіне тыныштық бермеген мазалы ойлар екені белгілі. Өзі күнделікті өмірде ой елегінен өткізіп, халықтың, жалпы адамзат ұрпағының назар аударуы қажет деген мәселелерді жыр жауһарына айналдырып, көпшілік талқысына ұсынуы оның азаматтық парызы. Бұл ертеден келе жатқан ақындық дәстүр, сөз өнеріндегі қайшылығы мен қайырымы мол соқпақ. Ал көненің көзіндей, жыраулардың соңғы тұяғы Жұбан ақынның бұл қағидадан ажырамағаны – оның ұлылығының дәлелі.

Гүлшара  БЕЙСЕНОВА,

филология ғылымдарының кандидаты,

Орал қаласы.