18.09.2020, 10:57
Қараулар: 40
Шегірткені басынуына жол берме

Шегірткені басынуына жол берме

Ауыл шаруашылығындағы өсімдік қорғау саласы негізінде фитосанитариялық мониторинг шараларының маңызы зор. Сол арқылы ауылшаруашылық дақылдарына зиянды және ерекше қауiптi зиянды ағзалар зерттеліп, олардың дамуы мен таралуы есепке алынады, сондай-ақ фитосанитариялық болжам әзiрлеудi қамтитын iс-шаралар жүйесiн  құрады.

Ауданда фитосанитариялық мониторинг жұмыстарын жүргізетін «Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» республикалық мемлекеттік мекемесі биыл аса қауіпті зиянды организмдерге қарсы 409 500 га, зиянды организмдерге  қарсы 36 500 га және карантиндік организмдерге қарсы 22 920 га ауыл шаруашылық жер алқаптарын зерттеуді жоспарлады. Соның ішінде шегіртке тұқымдастар арасында аса қауіпті зиянды (үйірлі) жәндіктер, яғни итальяндық прус – 241,0 мың га, азиялық шегіртке –144,5 мың га,  (үйірсіз) жәндік – саяқ шегірткеге қарсы 31,7 мың га алқап бұқарланбақ. Мониторингтік шаралардың қорытындысы бойынша биыл итальяндық прус, азиялық шегірткелердің қоныстануы анықталмады, алайда үйірсіз шегірткелер қоныстанған 11,0 мың га алқап тіркелді. Әдістемелік тексерістің нәтижесінде 5,0 мың га танапта бұл жәндіктің қарасы экономикалық зияндылық шегінен асқаны белгілі болып, 2021 жылы химиялық өңдеуден өткізілетін болып шешілді. Мысалы 2019 жылы жүргізілген мониторингтік тексерістердің нәтижесі бойынша биыл 3,0 мың га жер көлемі өңделді. Айталық,  маусым айының 22-24 күндері Жаңабұлақ округіндегі 500 га, Алмалы округіндегі 2000 га, Тайпақ  округіндегі 500 га ауылшаруашылық жерлерінде «Магтоксин» серіктестігінің мамандары «Даклоприд 20% в.к.» пестицидімен химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізді.

Қазақстан Республикасының «Өсімдіктерді қорғау туралы» Заңының 11 бабына сәйкес, қолайлы фитосанитариялық ахуалды қамтамасыз ету мақсатында қызметi мемлекеттiк фитосанитариялық бақылау объектiлерiмен байланысты жеке және заңды тұлғалар өз аумақтарында фитосанитариялық мониторингтi жүзеге асыруға және зиян тигiзудiң экономикалық шегiнен көп зиянды және ерекше қауiптi зиянды организмдер анықталған жағдайда фитосанитариялық iс-шараларды жүргiзуге мiндеттiлігі айқын көрсетілген. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер, яғни ауыл шаруашылығы саласында қызметін жүзеге асырып отырған шаруа қожалықтар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 18 наурыздағы «Қарсы күрес жүргізу бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатын зиянды организмдер тізбесін және Зиянды организмдерге қарсы күрес жөніндегі іс-шараларды жүргізу ережесін бекіту туралы»№217 Қаулысының орындалуына назар аударуы тиіс.

Аталған ережеге сәйкес, жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылатын зиянды организмдер тізбесіне енгізілген және аудан аумағында кездесіп жүрген саяқ шегірткелер мен шалғын көбелегіне қарсы мониторингтік зерттеу мен фитосанитариялық іс-шаралар ауыл шаруашылық тауар өндірушілердің күшімен өз жерлерінде жүргізіліп, зерттеу актілері аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі, тиісті ауылдық округ әкімшілігі және тауарөндіруші өкілдерімен рәсімделеді. Қазіргі таңда шаруашылық иелерімен бұндай жұмыстардың жүргізілуі мардымсыз.

Ереженің 15 бабына сәйкес, ауданда мониторингтік зерттеу мен фитосанитариялық іс-шараларды бақылау қызметі ҚР АШМ АӨК МИК Ақжайық аудандық аумақтық инспекциясымен жүзеге асырылатынын жеткізе отыра, Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 403 бабының 2 тармағында қаралғандай, фитосанитариялық бақылау объектілерінде фитосанитариялық мониторинг пен фитосанитариялық iс-шараларды жүргізбей, зиянды организмдердің саны зиян тигiзудiң экономикалық шегiнен жоғарылап, олардың дамуы мен таралуына әкеп соққан жағдайда — жеке тұлғаларға – бес, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – он, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – он бес, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуынатынын ескертеміз.

Жаслан Макашев,

ҚР АШМ АӨК МИК Ақжайық аудандық аумақтық инспекциясының өсімдіктерді қорғау жөніндегі мемлекеттік инспектор