18.09.2020, 10:59
Қараулар: 39
100 жылдыққа – 100 шақырым

100 жылдыққа – 100 шақырым

Жұбан ақынның ғасырлық  тойының сән-салтанатына сай дүркіреп өтуіне  әр саланың майталмандары өз үлестерін қам-қарекетінше қосуда. Дүбірлі шараға спортшылар да, соның ішінде шабандоздар ерекше тарту ойластырыпты. Апта сәрсенбісінде Жайық өзенінен сол жағалауға өтетін көпірдің тұсына жиналған олар рухты ақынның туған жері Сайқұдыққа дейін 100 шақырымдық жорыққа аттанды.

Аудандық «Жігер» спорт клубы мен балалар-жасөспірімдер туризм орталығы ұйымдастырған  ерекше жорық  аудан көлемінде алғаш рет өткізілуде. Ақынның рухына тағзым етіп, әрі туған жердің сай-саласымен сапар барысында танысқысы келген шабандоздардың қатары қалың-ақ. Ауданның ауыл-елдімекендерінен ат құлағында ойнайтын 30-ға тарта жігіт жиналыпты. Айта кету керек, аталмыш жорықты майталман турист, балалар-жасөспірімдер туризм орталығының бөлім меңгерушісі Қуаныш Аққалиев пен ат спортында талай жетістіктерге қол жеткізген «Құлагер» ат үйірмесінің аға жаттықтырушысы  Жанәділ Ғазизов бастап кетті.

Үш күнге созылған жорықтың бірінші күнінде  шабандоздар Көнеккеткен ауылына соғып, осындағы сайдың сақа тасында іріктелген жігіттерден тұратын командамен көкпар алаңында теке тіресті. Алдымен көкпардың қызығына қиқулаған спортсүйер қауым аударыспақ, жамбы ату сынды ұлттық ойындарда қос команда үздіктерінің өнеріне куә болды. Ұлтттық спорт түрлерінің жанашырлары, көнеккеткендіктер Еркебұлан Өткелбаев, Нұрболат Қыдырғалиев, Бағдат Нұғыманов жарысқа қаржылай демеу көрсетіп, халайықтың көңілінен шыққан спортшыларды марапаттады. Ерлердің тақымының мықтылығы, тұлпарлардың күші сарапқа түскен ойындарда алаң иелерінен Заманбек Баржанов, Оразай Қайырсапин, Елдар Русланов, Назар Құбашев көзге түссе,  «Құлагер» ат үйірмесінің қатысушылары Қайнар Құсмағұлов, Айдос Алданов, Асқар Қожахметов, Әлішер Өтешов үздіктер қатарынан көрінді.

Осыдан кейін жорықты жалғастырған жорықшылар Құрайлысай ауылына бас тіреді.  Мұнда олар заманының тамырын дөп басып, күллі қазақтың мерейін асырған дауылпаз ақын – Жұбанның ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Сонымен қатар ауыл тұрғындарымен кездесіп, көзкөргендердің ақын жайында  естеліктеріне қанықты. Ал жорықтың соңғы күнінде Сайқұдық ауылындағы ақынның мұражайын тамашалады.

Л.САМАТҚЫЗЫ

Суретті түсірген Азамат ҚАНАПИЯ