18.09.2020, 11:00
Қараулар: 50
Тұмауға қарсы екпе жүргізілуде

Тұмауға қарсы екпе жүргізілуде

Суық түсісімен, тұмау және жедел респираторлық вирустық инфекцияның тарау қаупі зор. Сондықтан да бұл індеттің алдын алу мақсатында барлық емханаларда тұмауға қарсы екпе жұмыстары басталды. Тұмау – тыныс жолдарының жұқпалы вирусты ауруы, қоздыратын вирустар тыныс жолының кілегей қабығында өсіп-өнеді. Тұмау тиген адам аурудың микробын жөтелгенде, түшкіргенде және қақырығы арқылы ауаға таратады. Сондай-ақ вирус науқас қолданатын ыдысы, сүлгісі, қол орамалы, кітабы және т.б. арқылы да өзге жандарға жұғады, яғни тез тарайтын өте жұқпалы ауру.

Тез жұқтыратындар – балалар, әсіресе нәресте, сәбилер, аяғы ауыр әйелдер, кәрілер мен созылмалы ауруы бар жандар. «Тұмау – бір жұмалық ауру. Ары кетсе, он күнде-ақ айығасың» дейтіндер де бар. Әсте, бұл ондай жеңіл-желпі ауру емес. Мысалы, асқынса, өкпе ауруларын (пневмония, бронхит, т.б) қоздырады. Тыныс жолын, жүйке жүйесін, сондай-ақ жүректі ауруға шалдықтырады. Әсіресе иммунитеті төмен кішкентайлар мен кәрілерді көп әуре-сарсаңға салады.

Вирустары жылдам таралатынын айттық, ол сондай-ақ өте өзгермелі. Әр маусым сайын вирустың әр түрін кездестіруге болады. Сондықтан да тұмауға қарсы екпені жыл сайын жасатқан дұрыс. Тиісті мамандар жыл сайын эпидемилық жағдайға анализ жасап, вирустың түріне қарай қажетті вакцинаны шығарады. Ал ол екпелердің күші бір жылға дейін жетеді.

Екпені күздің басында салған дұрыс. Әдетте, тұмау қараша мен наурыз айларында көбірек болады. Ауданымыз бойынша халық арасында, әсіресе мектеп жасына дейінгі және мектеп жасындағы жасөспірімдер  жыл сайын аталмыш аурумен ауырып отыр. Егде жастағы адамдарда да тұмау аса ауыр симптомдармен өтеді. Статистикалық тұрғыдан алатын болсақ, екпе алдыртқан адамдардың 85-90 пайызға жуығы тұмаумен ауырмайды. Ал 10-15 пайызы осы дерттің жеңіл түріне шалдығады. Өздеріңіз білесіздер, әлемді жаулаған коронавирус жұқпасының екінші толқыны болуы мүмкін екендігін ҚР ДСМ ескертуде. Яғни, тұмау мен басқа да ЖРВЖ  ауруларының асқынуына жол бермеуіміз қажет.

2020-2021ж.ж. тұмау мен басқа да ЖРВЖ  клиникасы, диагностикасы, емдеу және алдын алу жөнінде тұрғындар арасында  медициналық қызметкерлері профилактикасы жөнінде санитарлық – ағарту жұмыстары жүргізілуде. Ауданымыз бойынша үстіміздегі жылға 3450 тегін вакцина егу жоспарланды. 14 қыркүйектен 15 қазанға дейін медициналық қызметкерлер, созылмалы өкпе, жүрек – қантамыр жүйесінің араулары бар ересектер мен балалар, алты айдан асқан әлсіз және жиі ауыратын балалар, балалар үйінің, мүгедектер және қарттар үйінің контингенттері, жүктіліктің екінші және үшінші триместріндегі жүкті әйелдерге тұмауға қарсы тегін егулер жүргізілу жұмыстары басталып кетті. Сонымен қатар вакцина егу ақылы негізде де жүргізіледі. Тұмау және ЖРВЖ ауруының алдын алу үшін мекеме қызметкерлерін және халық тұрғындарын вакцина ектіруге шақырамыз. Аурудың алдын алу үшін екпе алуға шақырамыз.

Еркебұлан БЕЛЯКОВ,

 Ақжайық аудандық ауруханасының дәрігер эпидемиологы