9.10.2020, 9:49
Қараулар: 285
Абайлаңыз, жалған ақпарат!

Абайлаңыз, жалған ақпарат!

Соңғы кезде газетіміздің беттерінде әлеуметтік желі тақырыбында біраз мәселе қозғалғанына көзі қарақты оқырман куә. Желідегі сауатсыздық, ұрпақ тәрбиесіндегі кемшіліктер, ғаламтор арқылы айласын асырған алаяқтар дейсіз бе, осының бәрі тірлігімізге әбден дендеп енген әлеужелінің арқасында мүмкін болып отыр. Ал бүгінгі мақалаға осы желі парақтарынан төгілген жаладан зардап шеккен бір адамның емес, тұтастай бір ұжымның шағымы арқау болды.

«Бека Кудяр гимназияның түлегі емес»

Өткен аптада редакцияға хабарласқан Абай атындағы мектеп-гимназияның директоры Светлана Оразова әлеуметтік желіде мектеп жанындағы интернатқа қатысты жалған ақпараттың әлеуметтік желіде тарағанын айтып, шағымданды. Оқиға былай өрбіген.

Әлемге әйгілі Марк Цукербергтің Facebook желісінде «Бека Кудяр» есімімен (жаңаша терминмен айтсақ, никпен) тіркелген азамат өзінің парақшасында (аккаунтында) және 4000 адамның басын біріктірген осындағы «Наш родной Чапаев» тобына келесі мәтіндегі хабарландыруды жариялайды: «Ақжайық ауданы, Чапай ауылындағы Абай атындағы мектеп интернатының жаңа ғимаратқа көшуіне байланысты, ескі интернат жиһаздары, кровать, матрацтары арзан бағада сатылып жатыр екен. Қалаушылар болса тездетіп алып қалыңыздар. Бізде бәрі сатылады))» (автордың жазбасынан көшірілді). Сонымен қатар ол бұл жазбасын 28 000 мүшесі бар «Мой любимый Уральск» тобына да орналастырыпты.

«Бұл ақпарат шындыққа еш жанаспайды. Бастапқыда бұл ақпараттың өтірік екендігін айтып, алып тастауын талап етіп жазғанбыз. Одан сайын өршіп, бір емес, бірнеше топқа жариялай бастады. Артынша оның парақшасына зер салып, өзі туралы салған ақпаратпен таныстық. Туған жылы 1978 жылғы азамат өзін біздің, яғни Абай атындағы мектеп-гимназияның түлегімін деп таныстырыпты. Бұл да қисынға келмейтін мәлімет. Біздің ең алғашқы түлектеріміз 1982 жылғы ұл-қыздар. Мұны байқаған соң, өзі туралы берген деректерінің өтірік, оның гимназия түлегі болуы мүмкін еместігін жазғанбыз. Осы жазбамызды көрген бойда кетіріп тастады. Осыдан-ақ автордың өтірік ақпарат таратып отырғанын аңдауға болатын шығар. Ал жазбаның өтірік-растығына қатысты айтар болсам, бұл жағдай орын алғаннан кейін аудандық білім бөлімінен өкілдер келіп, интернаттағы заттардың бар-жоғын тексеріп кетті. Жиһаздар мен құрал-жабдықтардың бәрі орнында. Менің сіздерге хабарласқандағы бірінші мақсатым – ресми бұқаралық ақпарат құралы ретінде әлеуметтік желіде таралған ақпараттың жалған екендігін халыққа жеткізу, әрі ойдан шығарған есімді жамылған жалақордан өзге адамдардың зардап шегуі мүмкін екендігін көпке ескерту. Бүркеншек есімнің артында тұрған кім екенін анықтай алмай, дел-сал болған жайымыз бар. Фэйк аккаунттарды анықтау өте қиын. Сонда бұларға қалай тосқауыл қоюға болады? Жалған парақша болғанымен, оның артында сіз бен біз күнде көріп, араласып жүрген адамның тұрғаны анық. Ал сол адамның тұтастай ұжымға көрінеу жала жабуға, өтірікті шындай сапырып, мыңдаған адамды адастыруға қалай ары жіберді екен», – дейді мектеп-интернат басшысы.

Фэйк аккаунтты ауыздықтау мүмкін бе?

«Таяқтың екі ұшы бар» деген, газеттің міндеті – мәселенің аражігін анықтап, содан кейін ғана оқырманға талдап жеткізу екендігі әмбеге аян. Сондықтан, тек гимназия ұжымының сөзіне сүйенбей, өз бетімізше әрекет етіп, жоғарыдағы хабарландыру иесіне хабарлама жібердік. Мақсат анық – интернаттың мүлігі сатылғаны рас болса, редакцияға келіп, мәлімдеуі. Десе де, ақпаратты жариялаған адам біздің хабарламамызды оқып алғанымен, жауап та қатқан жоқ. Қандай болмасын диалог екеуара байланысты талап ететіні рас, ендеше өзі қалдырған жазбасының дұрыстығын дәлелдемеген, дәлелдеуге тырыспаған  жанға басқа айтарымыз жоқ.

«Бұл адамның бұл жазғаны – тап-таза жала,  – дейді біз тілдескен интернаттың шаруашылық ісі жөніндегі меңгерушісі Мәди Темірғалиев, – осында жұмыс істегеніме 6 жыл болды. Мұншама уақытта қызметіме қатысты бірде-бір сын айтылып көрген жоқ. Өзім әлеуметтік желіге көп көз сала бермеймін. Директор хабарласып, интернат мүлкін талан-таражға салып, саудаға салғаным жөнінде ақпарат тарап жатыр дегеннен кейін ғана көрдім. Қалай ғана бет аузы бүлк етпей, өтірікті судай сапырып  жазды екен. Әр адам өзіінің әрекетінен біреу зардап шегетінін ойлауы қажет емес пе?! Ай, бірақ қазіргі заманда әркім желіде өзінің ойына келгенін жаза береді ғой. Қалай ғана халықты елең етемін деген жанның әрекеті ғой бұл».

Расында да, Мәди Темірғалиев айтқандай, аталмыш жазбаны заң жүзінде қарастырсақ, жала жабу деп анықтап,  аталмыш азаматты жауапкершілікке тартуға болады. Сонда ол, «қолымен жазған» ісінің ауыртпалығын көтереді. Бірақ жала жапқан адамның дұрыс аты-жөні мен түр-түсін білмесе, қайтпек керек?!

Біз хабарласқан аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Артур Әбілхайыровтың айтуынша, жала жапқан адамға бұрын ҚР Қылмыстық Кодекстің 130 бабы бойынша іс қозғалып, қылмыстық сипаты бар құқықбұзушылық деп қарастырылған. «Биыл бұл бап ҚР Әкімшілік-құқықбұзушылық кодексіне ауыстырылып, мұндай бағыттағы істер әкімшілік сипатта қарастырылады. Бұл жағдайда қиындық тудыратын мәселе – жала жабушының бүркеншек атты жамылуы, яғни нақты аты-жөнінің белгісіз болуы. Әлеуметтік желіден келетін зардап көп. Мысалы, осындай жалған атпен тіркелген адамдар талай адамның сеніміне кіріп, қалтасындағы қаражатына ауызын салып жатады. Артынша алданғанын біліп, сан соққан жапа шегуші бізге көмекке жүгінеді. Әйткенмен фэйк аккаунттың артында тұрған анқты адамды анықтай өте қиын жұмыс. Қазір кез-келген адамның қолында телефон бар. Осындай жымысқы әрекетке баратындар өз телефонын пайдаланбайды, көбіне әлеуметтік желіге өзге біреудің телефон нөмірімен тіркеле салады. Сондықтан жала жапқан адамды анықтауға ұзақ уақыт кетеді», – деп түсіндірді Артур Рашидұлы.

Аузына келгенді айтып, ойына келгенді жазатын заман емес

Иа, қазіргі біз пайдаланып жүрген кез келген әлеуметтік желі – уақыт талабынан туған құбылыс, яғни прогрестің көрінісі. Мұндайда кері кетуге болмайды, ілгері жүру керек десек, Ал оны дұрыс пайдалана білмеген  «Бека Кудяр» сынды жалған есімді жамылған жандар ойына келгенді жазып, аузына келгенін сол құрал арқылы елге жариялап, кейбіреулердің үстінен жала жауып, жалғанды жалпағынан басып жүр. Бүркеншектелген соң, жазасызбын деп сезінетін шығар. Әй, әттең, күннен-күнге шарықтап дамыған ақпараттық технологияның осы тұсқа келгенде, ақсап қалуын айтсаңшы.

Өтірік есім мен біреудің атын пайдалану дерегі бұл ғана емес, талай қоғамдық пікір қалыптастыратын қайраткерлеріміздің атынан жалған парақша ашып, елді дүрбелеңге салатын жайттар кездесуде. Сондықтан қазірдің өзінде әлеуметтік желідегі фэйк аккаунттар мен сайттарда бүркеншік есіммен пікір жазушыларды анықтауға пәрмен салатын кез келген сыңайлы.

P.S. «Басқа пәле – тілден» дегенді қазақ біліп айтқан. Өйткені «Судың да сұрауы бар» екенін ұққан халық әрбір орынсыз әрекеттің зардабы болатынын даналықпен түсінген. Ендеше осындай елдің ұрпағы баба тағылымына бас исе, бүгінде диванда жатып алып, телефонынан шыли өтірік таратып, «қатырдым» деп ойлағандарға ес кірер еді. Себебі әрбір сөздің салмағы бар.

Әлия ШАРАПИЕВА.

Суреттер «Бека Кудярдың» аккаунтынан көшірілді.