9.10.2020, 10:00
Қараулар: 78
Телефонға неге үңілдің, балам-ау?!

Телефонға неге үңілдің, балам-ау?!

Смартфонсыз өмірімізді елестету мүмкін емес. Интернет ұстамайтын жерге бара қалсақ, қашан ұялы байланыстың таяқшалары жылт еткенше, тыным  таппай мазасыз күйге түсетініміз жасырын емес. Иә, бұл қазіргі заманның көрінісі. Әркімнің қолында бір-бір смартфон. Еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін соған тәуелдіміз. Қоршаған орта, табиғат емес, соның ішінде сәт сайын жаңарып тұратын ақпарат қызық. Кейде көшеде танысыңмен бетпе-бет келгенде, телефонға үңілген күйі қасынан өте шығамыз, осылайша бір-біріміздің  жүзімізге тіктеп қарауды ұмытып барамыз.

Иә оқыған, білімді, желіні сауатты пайдалана білетін адамға бұл ғаламтордың әкелер пайдасы молынан. Тіпті дипломыңды сандыққа салып қойып, түрлі әлеуметтік желі арқылы ақша табуға болады. Тек бұған кез-келгеннің өресі жете қоймасы да тағы бір ақиқат.

Қазір заманның өзі – бір арпалысқан бәсекелестік, той жасау, үй салу, көлік алу, тағы сол сияқты небір қажет дүниелер үшін шамамызға қарамай тыраштанып, өзгемен бәсекелесіп, жарысамыз. Сондағы ойымыз – көршіден, ағайын-тумадан қалып қоймау керек, ұят болады. Баюдан басқа мақсат та, арман да  жоқ бейшара қоғамға айнала бастадық. Соның салдарынан өміріміздің жалғасы – ұл қалай өседі, қыз қалай бойжетеді деген ұрпақ қамы күн тәртібінен түсуі жақын. Орыстар айтпақшы, «Алмастырылмайтын адам жоқ» (Незаменимых не бываеттан аударған түріміз ғой), жоғарыда айтқан ғажайып құрылғы ата-ананың бермеген тәрбиесін алмастырғандай. Тіпті бесіктегі бала жылай қалса, қасына әуенді қосып, тастай саламыз. Сәл сәт болса да, уақыт үнемдеп, шаруаларыңды тымпитқың келеді-ақ. Талбесіктен смартфонға жармасқан бала ертең-ақ онсыз өмір сүре алмайды деген ой санамызға кірмейді әсте. Расында да, қай үйге бара қалсаңыз да, еңбектеген сәби анасы, не әкесінің қолындағы телефонын сұрамсақтап, әлек. Бермесе, үйді басына көтеріп жылайды. «Тыныш отырса болғаны» деп, өзімізді-өзіміз алдаусыратып,  ютубтан мультфильм немесе не керегіңді қарай бер деп жүре береміз. Бұл үлкен қателік.

Телефонға тәуелділік есірткі сияқты түрлі психотроптық заттарға тәуелділіктен де қауіпті дейді психолог мамандар. Олардың топшылауынша, смартфон баланың көз жанарын әлсіретеді, жүрек және мидың қалыпты қызметін бұзады. Яғни телефон зардабы ересек адамдарға қарағанда, балаларға 10 есе қауіпті. Себебі жас организмнің сыртқы әсерден қорғану қуат-қабаты әлсіз екен. Ал баланың санасын улап, психологиялық тұрғыда әкелер зияны одан да орасан екенін айтып, күллі әлемнің ғалымдары дабыл қағуда. Тек осы ескертулерге құлақ түріп, дер кезінде баламыздың тәрбиесін қолға алуды айт.

Сол интернетте неше түрлі әлеуметтік желілер бар. Олардың заңдары бар, балаларға көруге болмайтын  нәрселер салынса, бұғаттап тастайды. Онысына құдайға мың да бір шүкір. Ал енді осылардың қатарынан жаңадан «TikTok» деген тағы бір  ғаламат қосылғанын естіп жүрген шығарсыз. Ол не бәле, соншама бөлектеп айтатындай қандай құдіреті бар?

2018 жылы Қытайдың ІТ мамандары шығарған  «TikTok»  әлеуметтік желісінің жоғары аталғандардан ерекшелігі – ерсі, ұят нәрселерді көрсетуге тиым салынбаған, сосын ондайлардың қаралым рейтингін арттыру үшін желі парақшасында көрсетуге ұсынылған пост ретінде үнемі көрсете береді. Мұнда жас ерекшелігіне қарай шектеу деген жоқ, желіде тіркелген бала болсын, қария болсын, барлығына да кез-кеген жарияланымды қарауға рұқсат. Ал сондағы дүниелерге қарасаңыз, кілең жын ұрған видеолар. Ұлы ақындарымызды, хандарымызды мазақ еткен чэллендждер қаптап жүр. Солардың соңғысы – әйгілі Әлихан Бөкейханға ату жазасы кесілер алдындағы суретіне жасалған чэллендж. Еліміз тәуелсіздігі үшін күрескен, қандай қиындық болса да, мен арқалайын, болашақ ұрпақ үшін жан пида деген  атамызды қазіргі егемен еліміздің тарихынан түк түртпейтін малғұндардың мазақ етіп, оның өмірін арзан күлкіге жем қылғаны қынжылтады, әрине. Және бұл чэлленджді тек-бірді-екілі контент қана қолдаса екен, жо-жоқ, өріп жүр осындай азғындар. Осыған қарап, жастарымыздың бойында ұлттық намыстың, рухтың жоғалып бар жатыр ма деген ойға қаласың. Осындай дүниелерді көрген балғын бүлдіршіндер қандай тәрбие алады, қандай оймен өседі?! Оның бойында ұлттық рух, қазақы менталитет қалай қалыптасады?! Ол ертең елінен, жерінен жерініп кетпей ме?! «Балам тыныш отырсын» деп смартфонды қолдарына бере салған ата-ананы бұл ойлар мазалап жатпағаны шүбасыз.

Айталық, талай жастың арманына айналған айфонның «әкесі» әйгілі Стив Джобс өзінің отбасы мүшелеріне үй ішінде смартфон қолдануға тыйым салып, бос уақыттарын кітапқа арнауды талап етіп, осындай қатаң үрдіс қалыптастырса, дүниежүзілік технология магнаты Билл Гейтс балаларына 14 жасқа жеткенше телефон ұстатпайды екен. Ғаламтор мен технологияның алпауыттары ұл-қыздарын «жаңа заманның игіліктерінен» шеттетіп жатса, бесіктен баланы смартфонға телмірту біздің не теңіміз, тәйірі.

Сондықтан баламыздың болашағы үшін  тәрбиені уыстан шығармай, кітап оқытып, айналасындағы әсем табиғатпен таныстырып, күнделікті уақыт бөлуді ұмытпайық. Дүние қуып, ақша жинап жүргенде, баламызды оның санасын шырмауықша шырмайтын сол желілердің құрсауына өз қолымызбен итеруіміз ғажап емес. Бала тәрбиесіне барынша мән берген бабаларымыздың ұлттық тәрбиенің озық үлгісін көрсетіп, оны ұрпақ бойына сіңіруіміз қажет.

 

Нұрбек ИХСАН

 

Раушан Дәркенова, аудандық аурухана директорының орынбасары: 5 жасқа дейін баланы ұялы  телефонға мүлдем жолатпау керек. Кейбір ата-аналар 3 жастағы балаға интернет қосылған ұялы телефонды бере салады. Бұл оның психикалық дамуына зақым келтіреді.  Ұйықтар алдында 3-4 сағат бұрын сәбиге планшет, теледидар қаратпау керек. Көбінесе дәрігерге келетін ата-аналар түнде балам шошынып, айқайлайтынына, орнынан тұрып, жүріп кететініне шағымданып келеді. Бәрі де – осы салғырттықтың кесірі. Біріншіден, үнемі алмасып тұрған бейнероликтер, суреттер баланың әлі бекімен жүйке жүйесіне әсер етеді. Қазір 9 айлық баланың телефон мен теледидардың  пультін ұстап алып, өзі айырып-қосқанымен ешкімді таңқалдыра алмайсың. Тіпті кейбіріміз «менің баламның ақылдылығы сонша, бүкіл технологияны қазірден бастап меңгеріп алды» деп кеуде кере мақтанып жатамыз. Ал бұл мақтанатын жайт емес, қайта дабыл қағатын кез. Себебі бұл тек ата-ананың баласын жыламасын деп, бүкіл жауапкершілікті гаджеттерге аудара салғанын аңғартады.

Қабылдауларда көп байқаймын – анасы өз сәбиіне телефон бермесе, ол айқайлап, қырсығып, қолына түскенін лақтырып, ерсі қылықтар көрсете бастайды. Мұның бәрі жүйке жүйесінің бұзылуынан хабар береді. Ойлап қараңызшы, 2 жасар бала одан не түсінеді? Қай-қай ата-ананың телефонына зер салсаңыз, керек емес ойындар қаптап тұр. Бұл ойындардың баланың ақыл-ойының дамуына кері әсерін тигізетінін бірі білсе, бірі біле бермейді.  Ескертемін, ұялы телефонмен көп әуестенген балада эмоционалды тұрақсыздық пайда болады. Ата-ана үшін сәбидің денсаулығы бірінші орында болу керек.

 

Ақмаржан Кушенова, кітапханашы: Әлі қалыптаспаған болмыс, сана-сезім қашанда да икемге көнгіш болады. Жағымсыз әсерге бейім, жақсы мен жаманды айыра алмайды. Ал олардың қолына телефонды ұстата салсаңыз, интернеттен кез келген нәрселерді көріп, санасы бұзылады. Қазіргі уақытта мектеп оқушыларының кітап оқуға құлқы жоқ. Мұғалім  берген тапсырманы ұялы телефондағы «Google» деген білгіш браузерден тауып алып, көшіріп алады. Бәрі дайын. Ол көшіргеннен санасында бір мағлұмат қалса жақсы, бірақ, өкінішке қарай, қалай көшірді, тап солай бәрі де ұмытылады.

Ал кітаптың балаға беретіні өте көп. Тәртіпке, үлкендерді сыйлауға үйретеді, әлеуметтік желіден ондай тәрбие алып жатырмыз дегенді бірде-бір адамнан естігем жоқ.  Кітап оқыған бала мен оқымаған баланың айырмашылығы жер мен көктей. Бізде ұдайы ұйымдастырылатын шараға қатысқанда,  бірден байқалады. Оқыған бала ойларын анық жеткізіп, жан-жақтылығымен көзге түседі.

Тәрбиеде отбасының рөлі зор. Баланың тәрбиесін қадағалайтын, ең алдымен, ата-ана, содан кейін мұғалім. Бар бос уақытын ғаламторға шұқшиюмен өткізген баланың бойындағы дарыны ашылмай қалуы әбден мүмкін. Сондықтан сәби кезінде қолына қалам немесе түрлі-түсті қарындаш ұстатып, эстетикалық тұрғыда да баланы жетілдірсеңіз, еш артықтық етпейді. Қайта баланың көңілін аулап, оның заманауи гаджеттерден аулақ өсуіне жағдай жасайсыз.

Ата-аналар балаларын интернет желісінде қызықтыратын дүниелерді мұқият зерделеп, кәмелеттік жасқа толмағандардың телефондарында қарауға тыйым салынған материалдардың бар-жоғын тексеріп отыру керек. Себебі, бүгінгі ғаламтор үлкен қоқыс алаңы іспеттес, кез-келген адам ойына қалағанын түсіріп, лақтыра береді. Ал осы қоқыс алаңындағы анайы дүниелер кейде бала түгіл, кейде ақыл-есі жетілген біздің де жағамызды ұстатады. Халқымыз «Ұяда нені көрсең,ұшқанда соны ілерсің» деп жатпай ма? Баламызға өз отбасында қандай тәрбие беріп жатырмыз, ойланатын кез баяғыда келді.