26.10.2020, 11:03
Қараулар: 95
Баспаналы болуға мүмкіндік мол

Баспаналы болуға мүмкіндік мол

Апта дүйсенбісінде «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ облыстық филиалының өкілдері аудан жұртшылығымен кездесіп, «Нұрлы жер», «Бақытты отбасы», «Шаңырақ» бағдаламалары бойынша түсінік жұмыстарын жүргізді.

Алдымен аталмыш филиалдың кеңесшісі Райгүл Джайышева ипотекалық бағдарламалардың талаптары мен тұрғын үй сертификатын иеленудің шарттарымен таныстырды. Тұрғын үй сертификатының сомасы бастапқы жарна сомасының 50% мөлшерінде және әрбір алушы үшін 1 (бір) миллион теңгеден аспайды. Атап өту керек, бұл сертификат тек ауданда тұрғын үй кезегінде тұрған адамдарға тиесілі. Мысалы, егер сіз бастапқа жарнаның 1 млн теңгесін жинақтасаңыз, әкімдікке тапсырған өтініміңізбен шотыңызға оның 50 пайызы, яғни 500 000 теңге аударылады. Мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеушi отбасылары, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көп балалы аналар, көп балалы отбасылар, толық емес отбасылар, ипотекалық бағдарлама және денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, ветеринария және агроөнеркәсіптік кешен салаларында қызмет ететін мамандар аталмыш сертификатты иелене алады.

Аудандағы банк өкілі Ләззат Нұрсұлтанова жиынға қатысушыларға аудан орталығындағы «Шаңырақ» сауда үйінде аталмыш банктің кеңес орталығы ашылғанын баяндады. Бүгінде бұл орталықтың қызметіне жүгінгендердің қарасы қалың. Бірі өтінім жіберсе, бірі жаңа шот ашуды қалап келуде.

Жиын соңында тұрғындар сауалдарын жолдап, тиісті жауап алды.

Әсия ШЫРАЙ