26.10.2020, 11:08
Қараулар: 52
Сақтанған қапы қалмайды

Сақтанған қапы қалмайды

Ғалымдар мен сарапшылар күз-қыс айларында коронавирус инфекциясы екінші толқынының болуы мүмкін деген болжал айтуда. Жаз айларының басында бүкіл елдегідей біздің ауданда да індетке байланысты ахуал күрт нашарлады.  Қазір жағдай бірқатар түзелгенімен, аурухана қызметкерлері вирустың қайта өршуі мүмкін екендігін қаперден шығармай, оның таралуын болдырмау мақсатында жұмыстануда.

Атап айтсақ, дәрі-дәрмек, жеке қорғаныс құралдары, медициналық оттегі аппараттарының жеткілікті мөлшерінің болуы, медициналық мамандар және провизорлық, инфекциялық бөлімшелердің дайындығы бекем назарда. Балаңыз ауырып қалған жағдайда емханаға келсеңіз, мұнда олар бөлек есіктен кіреді. Мұндағы мақсат – балалардың өзге аурулармен қарым-қатынасын болдыртпау. Сонымен қатар емхана жанындағы фильтр күндіз-түні жұмыс жасауда. Егер температураңыз  көтеріліп, басыңыз ауырып, өзіңізді жайсыз сезінсеңіз, короновирусқа күдігіңіз болса, тәуліктің 24 сағатында келіп, тексерілуіңізге болады.

Коронавирус бойынша өңіріміздегі ахуалға тоқталсақ, облыста соңғы апталарда инфекция жұқтырғандар саны күрт өсуде. Тек осы айдың ішінде 2 жерлесіміздің ПТР сараптамасы короновирусқа оң нәтиже көрсетті. Олардың біреуі жеңіл түрімен ауырып, белгілі уақыттан кейін алынған қайталама ПТР тесті теріс нәтиже көрсетті. Екінші науқасымыз ем алуда, жағдайы жақсы.

Короновирустан сақтану жолдарын тағы да еске салып өтсек, әрбір азамат жеке бас гигиенасын қатаң сақтап, адамдар көп шоғырланатын жерге, қалалық жерге бармағаны абзал. Мұндай орындарға бара қалсаңыз, маска тағуды ұмытпаңыз. Қолды үнемі сабындап жуып, зарарсыздандыратын сұйықтықпен өңдеген де артықтық етпейді. Күніне кем дегенде дене температурасын 2 рет өлшеп тұру қажет. Денсаулығыңызға шағымыңыз болса, тез арада медициналық мамандардың  көмегіне жүгініңіз.

Еркебұлан БЕЛЯКОВ,

аудандық аурухананың дәрігер-эпидемиологі