26.10.2020, 11:10
Қараулар: 134
Кітап әлемінің иесі

Кітап әлемінің иесі

Кітапхана – адамзат тарихының керуенін сүріндірмей әкеле жатқан шырағы биік, парасаттылық пен білімділіктің, біліктіліктің киелі ордасы. Кітапхана оқырман үшін үлкен тәрбие мектебі екеніне талай ұрпақтың көзі жетті. Сансыз сұрақтардың жауабын іздеген жан осы руханият орын тепкен ордадан табатыны да ақиқат.

Оқырманның қажетін тауып, іздеген білімін алдына тосатын кітапхана қызметіне бар жігер-ықыласын арнаған қурайлысайлық Мейірман Шакеновты Ақжайық жұрты жақсы таниды. Кітапхана ісімен қатар, ақындық қасиетімен айтыстың ақжелкенінде талай мәрте абыройы көтерілген Мейірманды қалайша жұрт танымасын. Енді осы жас болса да, қызметінде мәртебесі артып, ауыл оқырмандарының көңілінен шыққан маман жөнінде көпшілікке кеңірек баяндасақ.

«Ер туған жеріне» деген сөз туа осы Мейірманға қатысты айтылғандай. Оның кіндік қаны талай сөз өнерінің сәйгүліктерін тал бесігінде тербеткен киелі Өлеңті өлкесінде тамды. Жұбан туған топырақтан нәр алып, бақытты балалық шағын сол Қурайлысайда өткізеді. Талап орта мектебінен түлеп ұшқан ол кітаппен бала кезден дос болатын. Тылсым өмірдің сырына елітіп, кейіпкерлермен бірге қиял әлемінде талай қалықтайтын. Сондықтан  2011 жылы еш ойланбастан  Орал гуманитарлық колледжінің «кітапхана ісі» мамандығына оқуға түсіп, 2013 жылы үздік аяқтап шығады. Жоғарыда айтқан сөзімізге дәлел, өткір жырымен колледж қабырғасында жүргенде-ақ аты шыққан Мейірманға «бізге кел, жағдайыңды жасап береміз» деп қолқа салғандар көп болса да, ол ешқайда бұрылмастан туған ауылына оралып, кішкентайынан білім бұлағынан сусындаған кітапханаға қызметке орналасады.

«Өз кәсібімді сүйетін жанның бірімін. Өйткені бұл мамандық – өте мәртебелі мамандық. Қазіргі кезде кітапхана қызметінің ауқымы ұлғайған. Бұрынғы кездегідей кітапты алып беріп отыру емес, техника дамыған заман болғандықтан, ақпараттық кеңістікте де қызмет көрсетеміз.  Елбасымыз Н.Назарбаев «Кім кітапты көп оқыса, сол интернетте отырғандарды басқаратын болады» деген. Сондықтан білікті маман болу үшін заманауи ақпараттарды біліп, әрқашан ізденіс үстінде болу қажет», – дейді Мейірман.

Мейірманның сөзінше, кітапхана ісіне келгенде аса тиянақтылық пен жауапкершілік кітапханашы үшін аса қажет қасиеттердің бірі. Әр оқырманға тиісті деңгейде қызмет көрсетіп, таба алмаған кітабын басқа жерден болсын іздеп, табыстау, қажетті ақпартпен бөлісу – тікелей міндеті. Өз ауылының гүлденіп, жайқалуы, кітапхананың жұмысын  жоғары деңгейге көтеру, оқырмандарына өлке тарихын білуге шақыру –оқырмандардың айтуынша жас маманды жұмысында осындай қасиеттер ерекшелейді. Оған қоса, облыс, аудан, ауыл көлемінде болсын, әр шараның бел ортасынан табылатын оның жетістіктері де жетіп артылады. Орал қаласының әкімдігі, облыстық мәдениет бөлімінің алғыс хаты, облыстық кітапханалардан алған грамоталары, аудан әкімінің үздіксіз табыстаған алғыс хаттары – Мейірманның еңбегінің еленгені.

Жас кітапханашыға артылған сенімнің бір көрінісі – ауданымыздағы бірінші  комьюнити-орталық өзге ауылда емес, нақ осы Жұбан ауылында , Мейірман жетекшілік ететін кітапханада ашылды. Жаңа заманға сай «i-Lib» деп аталған бұл орталықтың жұмысы да жаңаша құрылған. Мұнда оқырмандар тек кітап оқып, білімін жетілдіріп қана қоймай, шахмет ойнап, компьютер арқылы ғаламторға шығып, оның игіліктерін пайдалана алады. Кішкене балалар осындағы экраннан қазақтың халық ертегілерін тамашалайды. Тіпті егде жастағы қариялар да осы орталықтың тұрақты меймандарына айналды. Осының барлығы – әр оқырманын жылы шыраймен қарсылап, кітаптағы асыл сырды көпке ұғындыра білген Мейірманның жұмысының жемісі. Оқырмандарын қызықтыратын бағдарламаларды қолдану, іс-шараларды сауатты ұйымдастыру, коммуникативтілік қабілеті кітапханашы мен оқырман арасындағы байланысты одан әрі қарай нығайтып, алтын көпірге айналдыруға ықпалын тигізгені анық. Сонымен қатар Мейірман өзінен жасы кішілерге домбыра тарту мен ақындық шығармашылық жайында шеберлік сыныптарын өткізіп, көптің алғысына бөленуде.

Еңбегін өз ауылына арнаған, арнап қана қоймай, оның көркеюіне барын салып қызмет еткен кітапханашының жұмысына рухани ордаңыз әрдайым құнды кітапқа, кітаптың бағасын білетін, кітапты оқуға асыққан оқырманға толы болсын деп тілейміз!

Л.ӨТЕГЕНОВА