26.10.2020, 11:13
Қараулар: 46
Рухани байлық сақшыларына құрмет

Рухани байлық сақшыларына құрмет

Ғылым мен техника, жоғары технология дамыған ХХІ ғасырда да бәрінің бастау алар қайнар көзі – кітап болып қала бермек. Көпшілікті кітап оқуға ынталандырып, ұл-қыздарымызды кітапқа ынтызар болып өсуіне  аянбай қызмет ететін кітапханашылардың кәсіби мерекесі Жұбан орталығында аталып өтті. Атаулы күнге орайластырып, «Ақпарат әлеміндегі – кітапхана» тақырыбындағы тимбилдинг ұйымдастырылды.

Алдымен шараға жиналғандар жыр жампозы Жұбанның ескерткішіне  гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Сондай-ақ қалыптасқан дәстүр бойынша олар орталықтағы Жұбаннның мұражайы, кітап қорлары, жәдігерлермен танысты.

Алдымен мереке құрметіне белгілі өнерпаздар Рысбек Жанаисов «Мереке» әнін, Алтынбек Базаров «Ұлы дала»  әндерін шырқап, шараның сәнін келтірді. Осыдан соң аудан әкімінің орынбасары Тілекқабыл Ғабдушев кітапханашыларды кәсіби мерекесімен құттықтап, жұмыстарына шығармашылық табыс тіледі. Ол  қазақстандық кітапханалық одақ заңды тұлғалар бірлестігінің «Кітапхана ісінің үздігі» төсбелгісімен аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің библиожетекшісі Римма Саранованы марапаттады. Сондай-ақ аудан әкімінің алғыс хатымен Жұбан  Молдағалиевтің 100 жылдық мерейтойына орай  ұйымдастырылған шараларда белсенділік танытқан аталмыш жүйенің директоры Роза Мұсағалиева, әдіскер  Жаңылсын Есеналиева, кітап қорын толықтыру және өндеу бөлімінің жетекшісі Гүлнара Ғылманова; Қурайлысай ауылдық «i-Lib» комьюнити орталығының кітапханашысы  Мейірман Шакенов, Сайқұдық ауылдық кітапханасының кітапханашысы  ҚайнарТілегенов  марапатталса, қашықтықтан ұйымдастырылған түрлі республикалық, облыстық байқаулардан оқырмандарының жүлделі орын алуына ықпал еткен Алмалы, Мерген, Мойылды ауылдық модельді кітапхана меңгерушілері  Дархан Капатаева, Ләззат Ермуханова, Меңсұлу Амандосова және орталық модельді балалар кітапханасының библиографы Ақмаржан Кушенова мен  кітапханашы Нұрбану Нұрсапина, Тайпақ ауылдық модельді балалар «Kids» коворкинг орталығының меңгерушісі Алуа Қайырғалиева, Бударин ауылдық кітапханасының меңгерушісі Әсима Құлетова, Базартөбе ауылдық кітапханасының меңгерушісі Наргүл Құспанова, Жаңабұлақ ауылдық модельді коворкинг орталығының меңгерушісі Гүлсім Нұрғалиева, Тайпақ модельді коворкинг орталығының меңгерушісі Баршагүл Құсайынова  аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Артур Ермухановтың алғыс хатын иеленді. Сондай-ақ  Роза Сәкенқызының алғыс хатымен бірқатар сала мамандары марапатталды.

Шараның келесі кезеңі  «Ойлан, ізде, тап» квест ойыны арқылы өрбіді. Ойыншыларға тарихи даталарға байланысты сұрақтар қойылып, жолда ақ параққа жапсырылған жауаптарды табу тапсырмасы берілді.  Жасырылған 4 сұрақтың жауабын кітапханаға бастар жолдан тапқан кітапханашылар жеңімпаз атанып, сыйлықтарға ие болды.

Тимбилдингте Роза Сәкенқызы ақпарат әлеміндегі кітапхана саласындағы біраз жаңа үрдістермен таныстырып, ақпарат кеңістігіне жол ашу, жаңа технологияларды, ғаламтор желісін ұтымды пайдалану, жаңа бағдарламалар мен жаңа жобаларды іске асыру туралы баяндады. Шара барысында үлгілі кітапханалар (Алмалы ауылдық модельді кітапханасы, Тайпақ кітапхана-коворкинг орталығы, Қурайлысай ауылдық кітапханасындағы «i-LIB» комьюнити орталығы) жұмыстарының озық тұстары насихатталып,  өзара іс-тәжірибе алмасылды. Мұнда  Ануар Қайыржанов өзінің жас өскіндерді мамандық таңдауда бағыт-бағдар беретін  «Сенде бір кірпіш дүниеге» атты жаңа жобасының презентациясын өткізді. Шара соңы «TikTok-time» сергіту сәтімен қорытындыланды.

Ләззат САМАТҚЫЗЫ