26.10.2020, 11:16
Қараулар: 76
Несиенің кешірілгенін қалайсыз ба?

Несиенің кешірілгенін қалайсыз ба?

Халықтың 100 пайыз демесек те, басым бөлігінің басында бір, тіптен болмаса одан да көп несие бар. «Алмақтың салмағы бар» деген, алған қарызды қайтару оңай  еместігін түсінсе де, бұған тоқтау болмайтыны аян. Әсіресе әлемді  дағдарыс  билеп, пандемияның салдарынан жұмыссыздық белең алып тұрған уақытта  несиені өтеу тіптен қиындап кетті. Естеріңізде болса, былтыр, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен қоғамның әлжуаз топтарын қолдау мақсатында мемлекеттік қазынадан 105 млрд. теңге бөлініп, 500 мыңнан астам адамның кредиті кешіріліп еді. Бірреттік рақымшылық шараның шарапатын көргендер біздің арамызда да бар. Соңғы кезде осындай қарекетті қайта қолға алып, жұрттың мойнындағы несиені толық кешірсін деп талап еткендердің қатары көбеюде. Бой тасалаған біреулері әлеуметтік желіде осылай ұрандатса, ештеңеден қаймықпағандары үлкен алаңдарға шығып, дабылдатуда. Бұл қаншалықты дұрыс, әлде бұрыс?! Ол жөнінде біз сияқты қарапайым тілшінің пайымдауы жөн емес. Сондықтан «Несиенің кешірілгенін қалайсыз ба?» деген сұрақты бірқатар жерлестерімізге жолдадық

Бақтияр АМАНҒАЛИЕВ, күзетші, ЧАПАЕВ: Былтыр президенттің жарлығымен  300 мың теңгеге дейін азаматтардың несиесін кешірілген болатын. Солардың ішінде мен де бармын.  Өзімнің атыма алған несиемді банк жауып, артық қалған 20 мың теңгеме дейін қайтарып берді. Алғашында «жарлық шығыпты, кейбір адамдардың несиесі кешіріліпті» дегенді естігенде, бұл жақсылықтың ауылы маған алыстай көрінгенін несіне жасырайын. Ал банкіден хабар жеткенде, қуанышым қойыныма сыймады, күтпеген тосын сый болғаны расы. Халық қамын ойлап, несиелерін кешіру басында бірнеше несиесі бар біз секілді отбасылар үшін  үлкен қолдау. Ел президентінің  осы қадамына ризамын. Қазір бүкіл әлемді дауасы жоқ пандемия құрсауына алды. Бүкіл елдердегідей біршама жан жұмыссыз қалып, тапқан несібесінен айырылды. Олардың мойынында да несиелері бар. Төтенше жағдай кезінде уақытында төлейтін мүмкіндіктен айырылып, жұмыссыз қалғандардың несиелеріне үстеме, айыппұл қоспай, дәл сол қалпында қалдыру жөнінде банктерге тапсырма берілсе, бұл режим алынған соң, қаржы мекемелері қайта бұрынғы әніне басты. Карантиннің салдарынан жұмыс орындары шектеліп, әлі күнге толық күшпен жұмысқа кірісе алмай отырған қаншама мекеме-кәсіпорын бар, олардың қызметкерлері әлі де үйде отыр. Сондықтан осындай жандардың толық несиесі болмағанмен, үстіндегі үстемеақысы кешірілсе, нұр үстіне нұр болары сөзсіз. .

Ұлдана САБЫРОВА, зейнеткер: Бүгінде несие алу – 10-15 минуттың ісі. Банктердің шарттары да күн сайын жеңілдеп барады. Ай сайынғы үлесін уақтылы төлеп тұрған клиенттердің қолына кез-келген банк қомақты қаражатты ұстата салады. Өткен жылы рақымшылық акциясымен біраз адамның қарызы кешірілгенімен, бұл көпке сабақ болмаған сыңайлы. Қайта үсті-үстіне үдетіп, одан сайын қарызға белшесінен батуда. Солардың көбісі тұрмыстық тауар, телефон мен компьютер, одан қала берді, балалардың электронды ойыншықтарына алынған несие. Кейде қолда бар дүниеңді місе тұтпай, жаңасына ұмтылудың не қажеті бар екен деп ойлаймын. Көтере алмайтын шоқпарды белге байлап, несиеге жаңа үлгідегі жүздеген мыңның теледидарын алғанша, ескі де болса, жұмыс істеп тұрғанын қанағат етсе болмай ма? Мен осындай уақ-түйекке бола, оңды-солды алып, қажетіне жарата алмаған тұрғындардың кредитінің кешірілуіне қарсымын.

Кей тұрғындар  қыз ұзатып, келін түсіру үшін қарызға белшесінен батып, осы пәлен пайыздық несиені ала салады. Еш ойланбастан. Сондықтан ертеңін қамдамаған, бір күндік қызық үшін қарызға батқан ақылы қысқа жандардың кредиті неліктен кешірілуі тиіс. Бірреттіктің аты бірреттік, былтыр болған рақымшылық енді қайталанбайды. Әйтпесе, бар қарызын үкімет өтеген жан осыған әбден дәнікпей ме?! Яғни, қарызды алу бар жерде, қайтару да бар екенін ұмытпау керек

Сағындық САМАТ, көпбалалы әке, ЧАПАЕВ: Менің өзімнің бес балам бар. Барлығы мектепте оқиды. 2019 жылдың ақпан айында  жедел түрде ақша керек болып, «Хоум кредит» банкінен 80 мың теңге көлемінде несие алдым. Осыған дейін 2018 жылдың сауір айында «Халық» банкінен рәсімдеген 500 мың теңгем тағы бар.  Былтыр рақымшылық жарияланғанда, көпбалалы отбасы ретінде 80 мың меңге несием толықтай кешіріліп, 500 мың теңге несиемнің ай сайынғы төлемі 22 300 теңгеден 10 мың теңгеге дейін азайып, жартысы өтелді. Өз басымнан өткен соң, несие алып, оны төлеудің қиындығы жайы білемін. Бірақ, амал жоқта осындай қадамға барасың. Жалақымның әр тиынын санап, осы несиені төлеу үшін күндіз-түні тапжылмай жұмыс жасадым. Отбасы, бала-шағаны да асырау қажет. Ел президентінің бұл бастамасы көп отбасының жандарына жылу ұялатты. Күн көрісі төмен отбасылар үшін  де сауабы мол игілікті іс болды. Дегенмен де, халық қиналып несие төлеген кездерінен сабақ алар емес. «Несие алсақ, мемлекет өтеп береді» дегенді ойларына кіргізіп алған. Нағыз ақшаға мұқтаж болып отырмасаң, кез-келген банкке барып, несие алу құптарлық іс емес. Бұл менің жеке ойым.

Гүлнар ЕСҚАЛИЕВА, БАЗАРТӨБЕ: Өзім үш баланың анасымын. Қазіргі таңда Орал қаласында базарда сатушы болып қызмет атқарамын. Тапқан табысым күнделікті азық-түлік алуға кетеді. Асыраушымыздан айырылған соң, балаларға жәрдемақы аламыз. Бірақ ол  күн көруге жетпейді. Қазір екеуі мектеп жасында оқиды. Балаларым үшін  несиеге пайыздық мөлшермен ақшаны да алдым. Жаңа телефонды да несиеге алып едім. Ай сайынғы төлемімді тиындап, несие төлеу үшін әрең жеткіземін. Уақтылы төлеу қиын. Банктегілердің карантин, індет дегенмен ісі жоқ. Жұмысың бар ма, жоқ па демейді, несиені төлеген соң, отбасыңды немен асырайсың? Онымен шаруасы жоқ. Банк өзіне тиесіліні ай сайын талап етеді. Былтыр неліктен екенін білмедім, рақымшылық тиісті тізімге ілікпей, үкімет тарапынан 2 несием де кешірілген жоқ. Тіпті бәріне бірдей төленген төтенше жағдай кезіндегі 42 500 теңге  әлеуметтік көмегіне де қол жеткізе алмадым. Осыған ішім күйеді, әрине. Тап қазіргі жағдайға келер болсақ, карантин жағдайында халықтың ауқаты тіптен төмендеп кетті. Сондықтан халықты тағы бір қолдап, несиені кешіру қажет деп есептеймін. Сонда ғана індеттен әбден ығыр болған елдің еңсесі тіктеліп, жағдайы жақсарар еді.

Данагүл ПАТИХ, жастармен жұмыс жөніндегі кеңесші-маман, ЖАҢАБҰЛАҚ: Біздің ел – енді аяқтан тұрып жатқан жас мемлекеттердің қатарында. Экономикасы нығайып, соның арқасында ауыл-елдімекендер көркейіп келеді. Халықтың әл-ауқатының артқаны – мемлекеттің әлеуетінің жарқын көрінісі. Менің ата-анамның айтуынша, кеңестік кезеңде несие деген болмаған, сонда да әр адам өз қал-қадірінше өмір сүріп, тірлік еткен. Әттең, ол күндер бүгінгі ұрпақ – біздер үшін ертегі-аңыздай. «Несие алмай-ақ қойсаңшы, бар жалақыңды пайдаңа жаратып, соны қанағат етсеңші» деп кей замандастарыма кеңес берсем, мені жаратпай қарайтындары да бар. Соның салдары ғой, қоғамда дүрбелең көтеріліп, «Несие кешірілсін» деп талап еткен жандардың көбейгені.

Жоғарыда айтқанымдай, азаматтарының әл-ауқатының жақсаруы үшін мемлекетіміз көптеген шара алуда. Бірақ, жауапсыз жандардың несиесін кешіру қажет емес. Немістің «Балық берме, қармақ бер» деген мақалы бар емес пе?! Қайта-қайта сұрағанға «балығын» бере берсе, енді-енді аяққа тұрған экономика құлдырамай ма?! Бұл біріншіден. Екіншіден, несиені жабуға бөлінетін қаражат аспаннан жаумайды, ол мына сіз бен біздің жалақымыздан ұсталатын жеке табыс салығы және өзге де алымдардан жинақталады. Ал сол ақшаға елімізде қаншама жол, қаншама мектеп, аурухана салынуда. Қазір қаладағыдай ауылда жасалған игіліктер, яғни газ бенен үйге кірген судың өзі де сол қаражаттың арқасында мүмкін болуда. Яғни  тағы да қарызды кешіретін болса, бір ауылға газ не су келмей, жолдары жасалмай, жаңа мектеп пен медицина ғимараты салынбайды деген сөз. Сондықтан несиені кешіру былтырғы акциямен шектелуі тиіс.

Сауалнаманы жүргізген Ләззат ӨТЕГЕНОВА